№1. 7-20-25
2023 жылдың қазан айынан бастап "7-20-25" бағдарламасы қайта іске қосылды. Қазіргі уақытта "7-20-25" ипотекасы 7 банкте беріледі. Олар: ЦентрКредит банкі, Еуразиялық банк, Freedom банк, Алтын банк, РБК, Халық банк және Форте банк.
- Бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі — 7 %;
- Бастапқы жарна 20 пайыз не одан жоғары;
- Сатып алынғалы отырған үй кепілге қойылады;
- Қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл;
- Тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады. Ол үй қолдануға берілген болуы шарт;
- Жатақханаларда отбасының әрбір мүшесіне пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем бөлмелердің болуын, апат жағдайындағы тұрғын үйлерді есепке алмағанда, үй меншік құқығындағы үй болмауы тиіс;
- Несиені бір рет қана рәсімдеуге болады;
- Өтініш берушінің басында басқа ипотекасы болмауы тиіс;
- Займды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды;
- Кепілге қойылатын мүлікті сақтандыру міндетті емес. Қажет болса, банк мұны өзі жасайды.
Бағдарлама аясында Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан ең жоғарғы құны 25 млн теңге болатын, Қарағанды, Түркістан қалалары үшін – 20 млн теңге және басқа өңірлер үшін – 15 млн теңге болатын үй алуға болады.
№2. Цифрлық ипотека, Freedom Bank
- Өтініш берушінің жасы 21-ден асқан болуы керек;
- Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
- Берілетін қарыздың ең аз сомасы – 3 миллион теңге;
- Несиенің ең жоғары сомасы – 70 миллион теңге;
- Бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады;
- Цифрлық ипотека барлық қажетті құжаттарды онлайн алуға рәсімдеуге мүмкіндік береді;
- Бағдарламада 1965 жылдан бері салынған үйлердегі ауданы кемінде 29 шаршы метр болатын пәтерлерді таңдауға болады;
- Табысты міндетті түрде растау қажет (егер бастапқы жарна 50 пайыздан асса, ішінара растауға болады)
- Ипотека 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі;
- 3 қосалқы қарыз алушыны қосуға болады;
- Кез келген уақытта толық/ішінара мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?
№3. "Өз үйім"
- Несие мөлшерлемесі – 3,5 пайыздан 7 пайызға дейін;
- Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 3,6 пайыздан басталады;
- Бастапқы жарна – үй құнының 20 пайызынан басталады;
- Қарыз сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
- Қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.
"Өз үйім" бағдарламасына қатысу туралы өтініш берген сәтте шоттарында кем дегенде 500 000 теңгенің басын құраған банктің барлық салымшысы бұл бағдарламаға қатыса алады. "Өз үйім" – Отбасы банкінің жаңа салынған үйден пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған жеке бағдарламасы. Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен. Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады, ол үшін үлестік қатысу туралы келісімшарт, сондай-ақ құрылыс компаниясы мен өкілетті ұйымда "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" АҚ кепілдігі болуы талап етіледі.
Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары салық жеңілдігін ала алады. Үй сатып алынатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес.
№4. Жаңа баспана
- Бастапқы жарна – 50 пайыз;
- Сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз (СЖТМ 6,2 пайыздан бастап);
- Келесі 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі тұрғын үй несиесіне ауысу мүмкіндігі қарастырылған;
- Несие сомасы – 100 миллион теңгеге дейін;
- Несиені өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
Бағдарлама аясында алғашқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй, үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үй алуға, тұрғын үй салуға (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) болады. Оған тұрғын үй төлемдерін алушы, депозитте тұрғын үй сомасының 50 пайызы бар азаматтар қатыса алады.
Оқи отырыңыз: 2024 жылды жастар қалай жаңа үйде қарсы ала алады? Ипотекалық бағдарламаларға шолу
№5. Жасыл ипотека
Жаңа бағдарлама үміткерде үйдің бар-жоғына қарамайды. Сондай-ақ, жасқа да қатысты шектеу жоқ.
- Бастапқы жарна – 20 пайыз;
- Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 12,5 пайыз (кейін 3,5-5 пайызға дейін төмендейді);
- ЖТСМ – 13,3 пайыз;
- Несие сомасы – 35 миллион теңгеге дейін;
- Алдын ала қарыз бойынша несие мерзімі – 10 жылға дейін;
- Несиелеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.
Ипотекаға тек жаңа пәтер алуға болады, яғни қайталама нарықтағы пәтерлер бұл несиеге рәсімделмейді. Сондай-ақ, пәтерді тек Omir, Гост Р, Breeam, Leed сертификаттары бар тұрғын үйлерден алуға болады.
Ипотека алу үшін Отбасы банкінің филиалына барып немесе қашықтан жұмыс істеу бөліміне бейнеқоңырау шалып, табысты есептету қажет. Табыс жетсе, несие алуға өтініш беріледі. Өтініш мақұлданса, банк бөлімшесіне барып, шарт жасасып, ақшаны құрылыс компаниясына аудару қажет. Табыс жетпесе, екі бірге қарыз алушыны тартуға болады.
Тұрғын үй бағдарламасы 2023 жылдың 5 қаңтарынан бастап іске қосылған.
№6. "Жас отбасы"
Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де Отбасы банкінен депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ, несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.
Мөлшерлеме – жылдық 6 пайыз (ЖТСМ 6,3 пайыздан басталады);
Несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
Несие мерзімі – 6 жылдан 9 жылға дейін.
"Жас отбасы" бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа не қолданыстағы үй не пәтерді сатып алып қана қоймай, жер үй салуға не үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де пайдалануға болады. Сондай-ақ, 2 жыл өткен соң жылдық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейтіні (ЖТСМ 5,2 пайыздан бастап) тағы бар.
№7. "30/70" бағдарламасы
Бұл ипотека тек пайдалануға берілген немесе салынып жатқан бастапқы тұрғын үйлерді қамтиды. Егер мүлік салынып жатқан болса, онда қосымша бағасы несиенің кемінде 70 пайызын жабатын баламалы мүлік түріндегі кепілдік болуы тиіс. Бағдарлама шарттары мынадай:
- Бастапқы жарна - 30 пайыз;
- Алғашқы 3 жылда пайыздық мөлшерлеме 7-10 пайыз, 3 жылдан кейін ол 3,5 пайызға дейін төмендейді;
- Тұрғын үйдің ең жоғары құны – 90 млн теңге;
- Несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- Өтініш берушінің "Отбасы банкінде" жинағы болуы міндетті. Оны ипотекаға өтініш берген кезде ашуға болады;
- Кепілге қойылатын талаптар: кірпіш үйлердің салынғанына 60 жылдан, ал панельді үйлердің салынған уақыты 50 жылдан аспауы керек.
Отбасы банкінің мәліметіне сүйенсек, дәл қазір бұл банк "Әскери баспана", "Бақытты отбасы", "Шаңырақ", "Нұрлы жер" және "Ұмай" бағдарламаларына өтініш қабылдап жатқан жоқ.