Жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатылған жағдайда қызметкер бірнеше төлем мен өтемақы алуға құқылы. Ал олардың мөлшері қанша болатыны еңбек шартының не себепті тоқтатылып жатқанымен тікелей байланысты. Осы төлем түрлері туралы толығырақ материалдан оқыңыз.
№1. Жұмыстан шыққан қызметкерге қанша күн ішінде төлем жасалуы тиіс?
Еңбек кодексі 113-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек шарты бұзылып, қандай да бір төлемдерді жүргізу тоқтатылған соң үш күн ішінде қалған ақша төленуі тиіс.
№2. Жұмыстан шыққан кезде алуға болатын төлемдер
Еңбек заңнамасында қызметкерге төленетін бірнеше төлем мен өтемақы түрі қарастырылған. Ал оның қай түрі төленетіні қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы келісімшарттың не себепті тоқтатылып жатқанымен байланысты.
Себепке қарамастан әрдайым төленетін төлем түрлері:
- еңбекақы;
- пайдаланылмаған демалыс үшін ақшалай өтемақы.
Кей жағдайда заңнамада немесе жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек шартында көрсетілген өтемақы төленеді.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай не үшін жарияланады және ол адамдарға қандай құқықтар береді және міндеттер жүктейді
№3. Пайдаланылмаған демалыс үшін төлем
Еңбек кодексінің 96-бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек шарты бұзылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төленеді. Ол қызметкердің орташа жалақысы негізінде есептеледі.
№4. Ұйым жұмысын тоқтатқан жағдайда қызметкерге қандай төлем төленеді?
Еңбек кодексінің 131-бабының 1-тармағының бірінші тармақшасына сәйкес еңбек шартын жұмыс беруші тоқтатса, ол 1 ай ішінде қызметкерге орташа жалақысы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы береді.
№5. Қысқарту кезінде қызметкер жұмыстан шығып қалса, қандай төлем алуға құқылы?
Еңбек кодексінің 131-бабының 1-тармағының екінші тармақшасында жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс берушінің қызметкерге 1 ай ішінде орташа жалақысы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлейтіні туралы нұсқау бар.
Оқи отырыңыз: Ана мен балаға 2024 жылы берілетін жәрдемақылар: Қанша түрі бар және оларды қалай алуға болады
№6. Еңбек келісімін немесе заңнамаларды бұзған қызметкер жұмыстан шығып қалса, ол қандай төлемдерге құқылы?
Еңбек кодексінің 131-бабы 1-тармағының үшінші тармақшасына сәйкес жұмыс беруші бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде қызметкерге жұмысынан айырылуына байланысты 1 айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төленеді.
№7. Өндіріс көлемі азайып жұмыстан шығып қалған жағдайда қандай төлемдер алуға болады?
Еңбек кодексінің 131-бабының 2-тармағына сәйкес өндіріс пен жұмыс көлемі азайып, қызметкерді жұмыстан шығарған жағдайда жұмыс беруші ақшалай өтемақы береді. Бұл өтемақының көлемі 2 айдағы орташа жалақы мөлшерінде болады.
№8. Жұмыс беруші төлемақыны кешіктірсе, қызметкерге өсімпұл төлей ме?
Еңбек кодексі 113-бабының 4-тармағының 1-бөлігінде көрсетілген мерзімдер бұзылған жағдайда (3 жұмыс күні) жұмыс беруші қызметкерге берешекті және төлемді кешіктірген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Айыппұл сомасы қызметкерге тиесілі сомаларды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніндегі Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері негізінде есептеледі және мерзімі өткен күннен бастап әрбір күнтізбелік күн үшін есептеледі.
Оқи отырыңыз: Әкелер қалай декретке шығады? Ерлерге арналған жәрдемақы мен жеңілдіктер