Тікелей эфир

Төтенше жағдай не үшін жарияланады және ол адамдарға қандай құқықтар береді және міндеттер жүктейді

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Төтенше жағдай кезінде мүлiктерi мен ресурстары пайдаланылған жеке және заңды тұлғалар да өтемақы алуына болады.

Қазақстан өңірлерінде су тасқыны басталғалы бері жергілікті халықпен бетпе-бет кездесуге барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Олжас Бектенов зиян шеккендерге жан-жақты материалдық көмек көрсетілетінін айтып сендірді.

Осы орайда, төтенше жағдай кезінде халық, президент, үкімет және жергілікті атқарушы билікке қандай міндеттер жүктелетінін және зиян шеккен азаматтардың қандай тегін көмек алатынын түсіндіреміз. 

№1 Төтенше жағдай қандай мақсатта енгізіледі?

Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізудің басты үш мақсаты бар:

  1. Төтенше жағдайды енгiзуге себеп болған мән-жайларды жою.
  2. Адам мен азаматтың қауiпсiздiгiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
  3. Конституция құрылысын қорғауды қамтамасыз ету.

№2 Төтенше жағдай енгізудің шарттары қандай?

Төтенше жағдай Қазақстанның демократиялық институттарына, тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қауiп төнген және мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған жағдайда енгiзiледi.

Төтенше жағдай енгiзуге негiз болатын мән-жайлар:

  1. Шекаралас мемлекеттер аумақтарынан мемлекеттiк шекара арқылы жаппай өту; конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге ұмтылу; терроризм актілері; Конституцияны бұза отырып, билiктi күштеп басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған iс-әрекеттер; қарулы қақтығыстарға тарту мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан болатын арандатушылық iс-әрекеттер; Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу; жаппай тәртiпсiздiктер, ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстар; экстремистiк топтардың жекелеген жерлердi, аса маңызды объектiлердi қоршап алуы немесе басып алуы; заңсыз әскери құралымдар құру және олардың қызметi.
  2. Дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлар, табиғи өрттер, эпидемиялар мен iндеттер, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдалуы, өнеркәсiптiк, көлiктiк және басқа авариялар, өрттер (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар ауаға жайылатын (жайылу қаупi бар) авариялар, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электрэнергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады.

Дүлей зiлзаланың немесе кең көлемдi апаттың нақты қаупi де төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның ұсынуы негiзiнде төтенше жағдай енгiзуге негiз болуы мүмкiн.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Су тасқынынан зиян шеккендерге мемлекет пен үкімет қаржылай көмектеседі


№3 Төтенше жағдай қанша күнге дейін созылады?

  1. Қазақстанның бүкiл аумағында енгiзiлетiн төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi – 30 тәулiктен, ал оның жекелеген жерлерiнде 60 тәулiктен аспауға тиiс.
  2. Төтенше жағдай енгiзiлген мерзiм өткеннен кейiн төтенше жағдай тоқтатылды деп есептеледi.
  3. Бірақ төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайлар жойылмаған жағдайда мемлекет басшысы тиiстi акт шығару арқылы осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмдер шегiнде оның қолданысын ұзартуға құқылы.

№4 Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар қалай қаржыландырылады?

Елдің бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзiлген кезде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру үкiмет резервiнiң және жергiлiктi атқарушы органдар резервтерiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Бірақ, президент шешiмiмен Қазақстан Республикасының төтенше бюджетi енгiзiлуi мүмкiн. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру бұл жағдайда төтенше бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Төтенше бюджеттiң қабылдануы туралы парламентке дереу хабарланады.

№5 Төтенше жағдай кезінде қандай арнайы органдар құрылады?

Төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою жөнiндегi мәселелердi шұғыл шешу және iс-шараларды жүргiзу мақсатында президент мемлекеттiк басқарудың төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi арнайы органдарын құруы мүмкiн. Оларға келесілер жатады:

  • президент жанындағы төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссия;
  • жергiлiктi жердiң комендатурасы.

Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттік комиссия төтенше жағдайды енгiзу үшiн негiз болған мән-жайлар Қазақстан Республикасының екi және одан да көп әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң аумағында туындаған жағдайда президент актісімен құрылады.


Оқи отырыңыз: Үш облыста жайлы мектептердің құрылыс алаңы су астында қалды


№6 Мемлекеттік комиссияның қызметіне не кіреді?

  1. Төтенше жағдай кезінде құрылған мемлекеттік комиссияның міндеттері мынадай:
  • төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөнiнде шаралар әзiрлеу;
  • төтенше жағдай енгiзiлген аумақтың қызметiн басқару мен қамтамасыз ету жөнiнде жедел iс-шаралар жүргізудi ұйымдастыру;
  • төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларды уақытша тұруға арналған тұрғын үй-жайларға орналастыруды, оларға қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру;
  • орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгiзілген жергiлiктi жерлердiң комендатураларының төтенше жағдайды енгiзу үшiн негiз болған мән-жайларды жою жөнiндегі қызметiн үйлестiру;
  • төтенше жағдай кезеңiнде жүргізiлетiн iс-шаралардың орындалуын бақылау.

      2. Негiзгi мiндеттерiн орындау үшiн мемлекеттік комиссия мынадай қызметтерді жүзеге асырады:

  • орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгiзілген жергiлiктi жерлердiң комендатураларының төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою жөнiндегi қызметiн үйлестiру бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
  • мемлекеттiк комиссияға жүктелген мiндеттердi орындау мәселелерi бойынша орталық, жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдарын және төтенше жағдай енгiзiлген жергiліктi жерлердiң коменданттарын тыңдайды;
  • орталық және жергіліктi атқарушы органдардан, ұйымдардан мемлекеттiк комиссияның қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi сұратады және алады;
  • орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгiзiлген жергiлiктi жерлердiң комендатураларының төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою жөнiндегi iс-шараларды орындауын бақылайды;
  • орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын төтенше жағдай енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою мәселелерiн шешу үшiн талдамалық, сараптау және басқа да қажеттi жұмыстарды орындауға тартады.

№7 Төтенше жағдай жеке және заңды тұлғаларға қандай кепiлдiктер береді?

  1. Төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға тұрғын үй-жайлар берiледi, материалдық зиянның орны толтырылады, үкiмет белгiлеген тәртiппен және шекте қажеттi көмек берiледi.
  2. Төтенше жағдай енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою қажеттiлiктерi үшiн мүлiктерi мен ресурстары пайдаланылған жеке және заңды тұлғаларға материалдық залалды сонымен бiрдей өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

№8 Төтенше жағдай режимін бұзғандар жауапқа тартыла ма?

Иә, бұл азаматтар жазаланады. 

  1. Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ лауазымды адамдар төтенше жағдай режимiнiң талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады. 
  2. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге қатысушы органдардың қызметкерлерi мен әскери қызметшiлерiнiң дене күшiн, арнайы құралдарды, қызметтiк иттердi, қаруды заңсыз қолдануы және әскери техниканы заңсыз пайдалануы, сондай-ақ лауазымды адамдардың қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдалануы заңға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

№9 Төтенше жағдай енгізілген өңірлердегі халыққа қандай тегін көмек көрсетіледі?

Біріншіден, залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. 

Екіншіден, қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру үкіметтің резервінен қарастырылады.
 
Іс-әрекет алгоритмі:

  1. Материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ЖАО-ға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
  2. ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.

Оқи отырыңыз: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


 

Серіктестер жаңалықтары