Тікелей эфир

Зейнетақы төлемі: Еңбек өтілін дұрыс есептеу үшін нені білу керек?

Фото: informburo.kz
Фото: informburo.kz
Зейнетақы тағайындау кезінде толық жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады.

Қазақстанда зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі маңызды рөл атқарады. Олар: ынтымақты зейнетақы (1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептеледі) және базалық зейнетақы (1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі және 1 қаңтардан кейінгі жалпы еңбек өтілі есептеледі). Заң бойынша, азамат жұмыс істеген жылдарының әр айын растауы керек. Ал еңбек кітапшасы болмаса немесе оны жоғалтып алса, не істеу керек? КСРО кезіндегі еңбек өтілін қалай растауға болады? 

№1. Зейнетке қанша жаста шығады?

Қазақстанда ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, әйелдер үшін – 61 жасты құрайды. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 11-бабына сәйкес, әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі:

Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:

  •       2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
  •       2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
  •       2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
  •       2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
  •       2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
  •       2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда; (2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас қылып бекітті)
  •       2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
  •       2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
  •       2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
  •       2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Сонымен қатар төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңға сәйкес:

  • ерлердің – 50 жасқа толғанда;
  • әйелдердің – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар.

Сондай-ақ  және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

№2. КСРО кезеңіндегі еңбек өтілін қалай растауға болады?

Кеңес одағы кезеңдегі еңбек өтілін растау үшін еңбек кітапшасындағы жазбалар жеткілікті. Қызмет өтіліне:

  • Декреттік демалыс және бала күтімі. Оны растау үшін баланың туу туралы куәлігі қажет;
  • Әскердегі қызмет. Оны әскери билет арқылы растауға болады;
  • Білім алу. Ол үшін университет немесе техникум бітіргені туралы диплом қажет.

Мемлекет еңбек өтілі ретінде қарастыратын және зейнетақыны есептеу кезінде ескеретін басқа да жағдайлар туралы "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 13-бабында танысуға болады.

№3. 1991-1998 жылдар аралығындағы еңбек өтілін қалай растауға болады?

1991-1998 жылдар аралығында Қазақстанда басқа зейнетақы жүйесі болды. Сол себепті бұл кезеңдегі еңбек өтілін де еңбек кітапшасындағы жазбалар арқылы растау керек. Бұл цифрлық құжаттар мен ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады.

№4. 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін еңбек өтілін қалай растауға болады?

БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының аударымдары болған кезде ай сайын тиісті шотқа қаражат түскен күні расталады. Егер жұмыс беруші аударымды кешіктірсе, мысалы, зейнетақыны үш айда бірден аударса, онда үзінді көшірме үш емес, бір айды ғана көрсетеді.

Егер жүйе түсімді көрсетпесе, құжаттармен өткізіп алған кезеңді дәлелдеу қажет болады:

  • белгіленген нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушіден (немесе құқықтық мирасқордан) анықтама;
  • міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мұрағаттан анықтама;
  • міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңін растайтын сот шешімі.

№5. Жұмыс істемегендер еңбек өтілін қалай растайды?

Мемлекет қазақстандықтардың жұмыс істемеген кезеңін еңбек өтіліне қоса алатын жағдайлар тізбесін бекітті. 

Студенттер. Жоғары оқу орны, техникум, әскери немесе өзге де училищенің күндізгі бөлімінде оқыған уақыты еңбек өтілі болып есептеледі, ол білім алғаны туралы құжатпен расталады. 

Әскери. Әскери қызмет мерзімі, оның ішінде әскерге шақырылған уақыты да еңбек өтіліне енеді. Бұл бір немесе бірнеше құжатпен расталады:

  • әскери билет;
  • қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;
  • әскери комиссариаттан іс-қимылдарға қатысқаны туралы анықтамасы. 

Жұмыс істемейтін аналар. Баланы үш жасқа дейін бағып-қағу уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Жалпы кезең 12 жылдан аспауы керек. Мұны растауға келесі құжаттар қажет болады:

  • баланың туу туралы куәлігі;
  • неке немесе ажырасу туралы куәлік.

келесі құжаттар болған жағдайда:

  • балалардың орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
  • арнайы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом немесе балалардың оқуын растайтын оқу орнының анықтамасы;
  • балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама;
  • балалардың әскери қызметте болғанын растайтын құжат. 

Әскерилердің жұбайы. Егер күйеуі/әйелінің қызмет орнында мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаса, онда бұл кезең еңбек өтілі болып есептеледі. Растау үшін уәкілетті органның анықтамасы қажет. 

Дипломаттардың жұбайы. Шетелде тұрған кезең СІМ берген тиісті құжат болған жағдайда еңбек өтіліне есептеледі. 

Жұмыс істемесе де, осы кезеңді еңбек өтілі ретінде көрсете алатын азаматтар тізімі 18 санаттан тұрады және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 13-бабында көрсетілген. 

№6. Деректердің дұрыстығын қалай тексереді?

Барлық берілген құжат мамандандырылған есепке алу базаларында тексеріледі. Мысалы, маман міндетті зейнетақы жарналарының ақпараттық жүйесінен (МЗЖ-дан) мәліметтерді сұратады және зейнетақы аударымдары, әлеуметтік аударымдар мен МӘМС арасындағы мөлшерлердің бар болуын және сәйкестігін белгілейді.

Қандай да бір ай үшін төлемдердің біреуі болмаған жағдайда, бұл ай еңбек өтіліне енгізілмейді. Сондай-ақ, барлық құжат екі рет тексеріледі.

Дара кәсіпкерлер бойынша мәліметтер салық органдарынан сұратылады, бұл жағдайда тексерілетін кезең үшін табыстың болуы және олардан салық төлеу тексеріледі.

№7. Қандай жағдайда еңбек өтілі есептелмей қалуы мүмкін?

Әлеуметтік қызметтер қазақстандықтың жұмыс өтілін растайтын құжаттары болмаған жағдайда оның еңбек өтілін есепке алудан бас тартады. Мысалы, еңбек кітапшасында жазба жоқ болса немесе еңбек кітапшасы мүлде жоқ болса, еңбек өтілі есептелмей қалады. 

Еңбек өтілін растау үшін төмендегі құжаттар қажет:

  • еңбек кітапшасы;
  • соттың шешімі;
  • еңбек кітапшасында мәлімет болмаған жағдайда мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың анықтамалары.

Зейнетақы тағайындаудан бас тартудың негіздері:

  • құжаттар мен олардағы мәліметтер сенімсіз болса;
  • еңбек өтілі туралы ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі. Мысалы, мөр, қол, құжаттарды беру негіздерінің болмауы.

Тағы бір мысал. Азамат бір кәсіпорында жұмыс істеді. Ол туралы еңбек кітапшасында тиісті жазба жасалды, қажетті қолдар мен мөр бар, бірақ жылдар өткен соң зейнетақы тағайындау кезінде жұмыс берушінің ресми тіркеуі жоқ болып шықты. Мұндай жағдай орын алса, сотқа жүгінген жөн. Өйткені "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңның 18-бабына сәйкес, мемлекеттік тіркеусіз заңды тұлға ретінде қызметке жол берілмейді.

№8. Көрсеткіштерді қалай жақсартуға болады?

Зейнетақы тағайындау кезінде толық жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады. Егер сіз, айталық, 20 мамырда жұмыстан шығып, 4 маусымда басқа жұмыс орнына орналассаңыз, екі айлық еңбек өтілі жоғалады. Мамырдағы толық ай 31 мамырда аяқталады, ал маусым сәйкесінше 1 күні басталады. Бірінші жағдайда – 11 күн, екінші айда үш күн жоғалтады. Сондықтан, 1 күннен бастап жұмыстан шығып, жұмыстан босату мен жаңа жұмысқа шығудың арасы тек бір күн болуын қадағалау қажет. 

№9. Зейнетақыға қашан өтініш беру керек?

Зейнетақы тағайындау үшін құжаттарды тапсыру мерзімін ескеру маңызды. Себебі зейнетақының базалық және ынтымақты бөлігін тағайындау өтініш берген күннен бастап жүргізіледі. Зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берген күн дегеніміз – өтініш пен қажетті құжаттарды мемлекеттік корпорацияда (ХҚКО) тіркеген күн.

Егер Қазақстан азаматы зейнетақы алуға өтінішті өзі зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін берсе, зейнетақы ол зейнет жасына жеткеннен кейін ғана тағайындалады.

Мысалы, азаматтың туған күні 20 маусымда. Бірақ ол ХҚКО-ға құжаттарын 10 маусымда тапсырған. Сонда да оған зейнетақы тек 20 маусымнан бастап тағайындалады.

Серіктестер жаңалықтары