Тікелей эфир

Жедел жәрдем неше минутта келуі тиіс? 103 нөміріне хабарласарда білу керек 10 мәлімет

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Жедел жәрдемнің келу уақыты жеделдік санатына қарай белгіленеді.

Қазақстандықтар денсаулығына байланысты үйіне кез келген уақытта жедел жәрдем қызметін шақыра алады. Бұл әрі тегін. Тұрған орнын, науқастың жағдайы туралы мәліметті хабарласа жеткілікті. Осы орайда Информбюро порталы Медициналық сақтандыру қорының деректері негізінде жедел жәрдем қызметін шақыруға қатысты маңызды сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. Жедел жәрдемді қалай шақырады?

Науқас не оның жанындағы адам кез келген уақытта 103 нөміріне хабарласып, үйіне жедел жәрдем шақыруға хақылы. Бұл қызмет Қазақстанның әр азаматына Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде көрсетіледі.

№2. Жедел жәрдемге хабарласқаннан кейін диспетчер қандай сұрақтар қояды?

103 нөміріне қоңырау шалғанда сізге диспетчер мынадай сұрақтар қояды:

  • Не болды? Науқастың жағдайы қалай?
  • Аты-жөні кім? Жасы нешеде?
  • Мекенжайы мен телефоны? Сіздерге қалай жетеміз?

Диспетчер 5 минут ішінде жеделдік деңгейін анықтап, жедел жәрдем бригадасына хабар береді. 

№3. Жедел жәрдем қанша уақытта келуі қажет?

Жедел жәрдемнің келу уақыты жеделдік санатына қарай белгіленеді:

  1. 10 минут – адам өміріне қауіп төнген жағдайлар, жедел медициналық көмек;
  2. 15 минут – медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда, пациент өміріне қауіп төнетін болса;
  3. 30 минут – пациент денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін жағдайлар;
  4. 60 минут – пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайлар.

Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем қызметін қандай жағдайда шақыру керек?


№4. Бірінші санат екенін қалай анықтайды?

Науқастың жағдайы келесідей болса:

  • науқас есінен танып қалса;
  • дем ала алмай қалса;
  • тамыр соғысы байқалмаса;
  • тыныс алу жолдарына бөгде заттар тұрып қалса;
  • денесі құрысып қалса;
  • кеуде қуысы ауырсынса;
  • қимыл-қозғалыс белсенділігі тоқтаса немесе бұзылса (парездер мен плегиялар);
  • этиологиясы әртүрлі психоздар;
  • ауқымды күйік пен үсік шалу;
  • жәндіктердің шағып алуы (анафилактикалық шок қаупі);
  • көптеген жерден жарақат алу/зақымдану немесе қан кеткен жарақаттар (бас, мойын);
  • қан құсу;
  • ауыр босану;
  • төтенше жағдайлар;
  • электр көзінен болған жарақат;
  • трасплантацияланатын тіндерді немесе органдарды тасымалдау.

№5. Екінші санат екенін қалай анықтайды?

2-санат:

  • науқастың есінің бұзылуы;
  • тыныс алу процесінің бұзылуы;
  • жүректің қағыс ырғағының бұзылуы;
  • қан айналымының бұзылуы, шок (криз) қаупі;
  • 3 жасқа дейінгі балаларға шақырғанда дене қызуы 38ºС жоғары болса;
  • қызуы көтеріліп, үсті бөртіп кетсе;
  • қан кеткен жарақаттар;
  • улы заттармен улану;
  • атипиялық аурулар;
  • жүкті әйелдердің бас ауруы;
  • құсу, ағзадағы ылғалдың төмендеу белгілері және іш өтуі;
  • теракт қаупі бар орындарға шақырту.

№6. Үшінші санат екенін қалай анықтайды?

3-санат:

  • қан кетпеген жарақаттар;
  • іштің ауруы;
  • дене қызуын өз бетінше түсіре алмаса;
  • толғақ қысқан жүкті әйелді босануға әкету;
  • жүкті әйелдердің ішінің ауруы;
  • бала денесінің үсуі немесе күйік шалуы;
  • көпшілік іс-шаралар кезінде кезекшілік ету.

№7. Төртінші санат екенін қалай анықтайды?

4-санат:

  • созылмалы аурулар асқынып, бірақ пациент өміріне қауіп төніп тұрмаған жағдайларда;
  • терінің қабынуы;
  • жеңіл жарақаттар;
  • созылмалы аурулар салдарынан болатын ауырсыну синдромы;
  • жүкті әйелдердің құсуы (12 аптаға дейінгі мерзім ішінде);
  • кіші дәреттің қан аралас шығуы;
  • босанғаннан немесе түсік жасатқаннан кейін болатын қабыну процесі;
  • құсу, ағзадағы ылғалдың төмендеу белгілері және іш өтуі (тамақтан улану);
  • емханада немесе стационарда медициналық манипуляцияларды жүргізуді талап ететін өзге де жағдайлар.

№8. Науқасты қарауға үйге қандай дәрігерлер келеді?

Бірінші, екінші және үшінші жеделдік санаттары болса, фельдшерлік және мамандандырылған дәрігерлер бригадасы келеді. Төртінші жеделдік санаты болса, емхана жанындағы жедел жәрдем бөлімшесінің бригадасы келеді.

Жеделдігі жағынан 4-санатқа жататын шақыртуларға емханалар қызмет көрсетеді. Бұл түнгі уақытта дәрігер шақырғанда таңға дейін күту керек дегенді білдірмейді. Тіркелген науқастарға тәулік бойы жәрдем көрсетіледі. Ең бастысы, емхана үйге жақын маңда болуы шарт.

Сізге жеделдік санатын өз бетіңізше анықтаудың қажеті жоқ. Науқастың жай-күйін сипаттап берсеңіз жеткілікті.  

№9. Жедел жәрдем тезірек келуі үшін не істеу керек?

Жедел жәрдем тезірек келуі үшін барлық мәліметті, тіпті домофонның кодына дейін беруге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, әсіресе, қараңғы уақытта біреуді медицина қызметкерлерін күтіп алуға жіберген дұрыс.

Науқастың денсаулығына қауіп төніп тұрмаса және дәрігерлер 15 минутта келіп болмаса байбалам салудың қажеті жоқ.

Жедел жәрдемді күткен кезде:

  • Үйде болсаңыз, науқастың жеке куәлігін (бала болса туу туралы куәлігін) дайындап қойыңыз. Баланың қасында болатын ересек адамның құжаты да дайын тұрғаны жөн;
  • Мүмкіндік болса, біреу-міреуді жедел жәрдемді күтіп алуға жіберіңіз. Сонда дәрігерлер сіздің үйіңізді, пәтеріңізді, науқастың орналасқан жерін адаспай, дәл табады;
  • Дәрігерлерге кедергі келтіретін үй жануарларын оқшаулаңыз;
  • Науқас жатқан бөлмеге баратын жолды мейлінше босатыңыз.

№10. Жедел жәрдем бригадасы үйге келген соң не істейді?

Дәрігер науқастың жағдайын қарап, ем-дом шараларын жасайды. Содан кейін келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

  • Науқасты стационарға жеткізу: Пациентті білікті медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалған медицина мекемесіне апарады. Онымен бірге еріп баруға да болады. Бірақ жедел жәрдем көлігімен тек бір адам ғана бара алады.
  • Науқасты шақырған жерде, яғни үйде қалдыру: Жедел жәрдем дәрігері алдағы уақытта емханаға жүгіну жөнінде кеңес береді немесе учаскелік дәрігердің келіп қарауына арналған дабыл парағын толтырады.
Серіктестер жаңалықтары