15 қыркүйекте Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына еркін тіркелу науқаны басталды. Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханаларға да тіркеле алады. Осы орайда Информбюро порталы тіркеу науқанына қатысты бірқатар сұрақтардың жауабын ұсынады.
№1. Емханаға қалай тіркеледі?
ЭЦҚ болған жағдайда www.e.gov.kz электрондық үкімет порталында онлайн тіркелуге болады. "Денсаулық сақтау" бөліміне өтіп, "алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу" қызметін таңдау қажет. Ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келеді.
№2. Емханаға келіп тіркелуге бола ма?
Иә, болады. Ол үшін еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Алайда, емханаға тұрғындардың келесі санаттары ғана келіп тіркеле алады:
- зейнеткерлер;
- мүгедектер;
- қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
- қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер;
- колонияда жазасын өтеушілер (жазасын өтеу орны бойынша);
- студенттер;
- мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
- шет мемлекеттерде туған балалар;
- сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.
№3. Емхананы тіркеу науқаны кезінде ғана ауыстыруға болады?
Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша жасауға болады. Сондай-ақ:
- басқа жерге қоныс аударса;
- жұмыс, оқу орнын ауыстырса;
- жазасын өтеу орнын ауыстырса;
- әскери борышын өтеу кезінде;
- медициналық мекеме жабылса не қайта ұйымдастырылса;
- тіркеуде тұрған емхана қызметіне көңілі толмаса ауыстыра алады.
№4. Емхананы қалай таңдауға болады?
Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасына енген, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге болатын емханалар тізімін Медициналық сақтандыру қорының ресми сайтындағы "Клиника таңдау" бөлімінен қарауға болады.
Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханаларға да тіркеле алады.
№5. Емхананы таңдау кезінде нені ескеру қажет?
Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
№6. Емхананы ауыстырғаннан кейін бірден қарала беруге бола ма?
Жоқ, жаңа тіркелген жеріне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарала алады. Бұрын тіркелген емхана азаматтарға жыл соңына дейін қызмет көрсетеді.
Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған ұйымда тіркелген күйі қалады және олар бұрынғыша сол емханаға қарала береді.
№7. Қандай жағдайда емханаға тіркемеуі мүмкін?
Емхана келесі жағдайда азаматты тіркемеуі мүмкін:
- дәйексіз құжат ұсынса;
- азамат емхана көмек көрсете алатын аумақтан айтарлықтай алыс жерде тұрса;
- мекемеге тіркелушілер саны шектен асса (учаскедегі жалпы тәжірибе дәрігеріне тіркелетін адам саны 1 700-ден аспауы керек).
Мұндай жағдайда құжаттарды жөндеуге және басқа емхана іздеуге тура келеді.
№8. Баланы емханаға қалай тіркейді?
Баланың ата-анасы не қамқоршысы eGov порталында емханаға тіркелу кезінде "Қызметті алу" деген жерде "балаға қызмет көрсету" опциясын басады. Содан соң жүйеге баланың ЖСН-ін енгізеді. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолданады. Процесс аяқталған соң тұратын өңірді және таңдаған медицина ұйымын көрсетесіз. Тіркеу себебі, учаскелік дәрігер сынды өзге де мәліметтерді толтыру қажет. Баланың емханаға тіркелгені туралы хабарлама жеке кабинетке келеді.