Тікелей эфир

Қазақстанда денсаулық паспорты енгізілмек. Ол кімдерге міндетті?

Олар енді толықтай медициналық тексерістен өтеді.

Елімізде ерлі-зайыптылар мен енді шаңырақ құратын қыз-жігіттердің денсаулық паспорты енгізіледі. Яғни, олар отбасылық өмірге аяқ баспай тұрып,толықтай медициналық тексеруден өтетін болады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Шымкенттік Мөлдір Ибадуллаева отбасылық денсаулық паспортының енгізілуін қолдайтындардың бірі. Былтыр ғана ақ босаға аттаған жас келін шаңырақ көтермей тұрып күйеуімен толықтай медициналық тексерістен өткен. 

"Ешқандай мәселе болмаса да алдын алу үшін, профилактика үшін міндетті түрде тексерістен өтіп, бір ем қабылдап барып отбасын құрған барлығына жақсы болады деп ойлаймын. Өзім қатарлылардың арасында көбінде түсік тастау деген сияқты немесе біразға дейін бала көтере алмау мәселелері болып жатады. Меніңше, әрине бір құдайдың қолында ғой. Осы да бір тексерілмей өткеннің себебі болуы мүмкін" – деді тұрғын Мөлдір Ибадуллаева.

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, паспорт қолға тапсырылмайды. Тек жергілікті емханада ашылатын медициналық жүйе болмақ. Жеке ақпарат ешқайда жарияланбайды.

"Бұл - нақты құжат емес. Жас отбасының қолына берілмейді. Қыз баланың, жігіттің толық тексерулерінің нәтижелері ақпараттық жүйеге енгізіледі. Мамандар тексеру нәтижесі бойынша тұжырымдама береді" – деді ҚР ДСМ аналар денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Шакизат Халықова.

Ведомства өкілдері жоба ана мен бала өлімін азайтатынына сенімді. Себебі, Қазақстанда сәби өлімінің 58 пайызы шала туылғаннан болса, ана өлімінің 46 пайызы созылмады аурудан болады. 

Серіктестер жаңалықтары