7 тамызда жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің сәліметінше, биыл 75 мыңнан астам талапкер тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 127 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп.
Енді грант иегерлерін де, грантқа іліге алмаған талапкерлерді де құжат тапсыру кезеңі күтіп тұр. Қайда бару керек, қандай құжаттар қажет, грант иегері не істеуі тиіс және грант алмағандар университетке қалай түсе алады? Informburo.kz қадам-қадамымен түсіндіреді.
№1. Грант иегері болсаңыз, не істейсіз?
Грант ұтып алу — университетке автоматты түрде қабылдандыңыз деген сөз емес. Енді грант бекітілген ЖОО-ға құжат тапсырып, қабылдау рәсімін аяқтау қажет.
Қадамдар:
- Грант туралы ақпаратты тексеріңіз;
- Қай ЖОО-ға және қай білім беру бағдарламасына грант берілгенін анықтаңыз;
- Сол университеттің қабылдау комиссиясына немесе eGov арқылы өтініш беріңіз;
- Қажетті құжаттарды тапсырыңыз;
- Қабылдау туралы хабарламаны алыңыз;
- Университет талап ететін жағдайда құжаттардың түпнұсқаларын көрсетіп, білім беру қызметтерін көрсету туралы шартқа қол қойыңыз.
№2. Грантқа ілікпесеңіз не болады?
Грант алмаған талапкердің де университетке түсу мүмкіндігі бар. Негізгі жолы – ақылы бөлімге түсу.
Ол үшін таңдаған университетіңіздің қабылдау комиссиясына жүгіну немесе eGov арқылы құжат тапсыруға болады.
2026 жылы ақылы негізде оқуға құжат қабылдау да 25 тамызға дейін жүргізіледі.
Бастысы, ҰБТ-дан төмендегідей шекті балл жинаған болуыңыз шарт:
- ұлттық ЖОО-ға – кемінде 65 балл, ал "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" білім беру салалары бойынша – кемінде 50 балл және "Құқық" даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл;
- биыл жаңадан құрылған және білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензия немесе лицензияға қосымшаны алған ұлттық ЖОО-ға - кемінде 50 балл, ал "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл, "Құқық" даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл;
- басқа ЖЖО-ға – кемінде 50 балл, ал "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл және "Құқық" даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл жинаған адамдар жіберіледі.
- Бұл ретте ҰБТ-ның Қазақстан тарихы және екі бейіндік пәндері бойынша және (немесе) шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, ал Оқу сауаттылығы мен Математикалық сауаттылықтан кемінде 3 балл алу қажет.
№3. Жалпы оқу үшін ЖОО-ға өтінішті қалай береді?
Грант иегерлері және ақылы оқитындар 25 тамызға дейін (қоса алғанда) құжаттарды оқу орнына тапсырып үлгеруі керек. Оны онлайн тапсырса да болады. eGov-та жоғары білім беру бағдарламалары бойынша құжат қабылдау қызметі бар,
Онлайн өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS-пароль арқылы қол қоюға болады. SMS-парольмен қол қою үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет.
№4. Онлайн тапсыруға қандай құжаттар қажет?
EGov порталы арқылы өтініш жасаған кезде:
- ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
- 3x4 көлеміндегі цифрлық фото;
- ҰБТ сертификаты;
- 075-У нысанындағы медициналық анықтама;
- білім беру грантын беру туралы электрондық куәлік (болса)
Маңызды: Жеке басын куәландыратын құжат, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білімі туралы мәліметтерді, медициналық анықтама, ҰБТ электрондық сертификаты және білім беру грантын беру туралы электрондық куәлік (ақпараттық жүйелерде болған жағдайда) көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден ақпараттық жүйе арқылы алады.
Кейін "жеке кабинетте" ЖОО-ға қабылдау үшін құжаттардың қабылдағаны туралы хабарлама келеді. Хабарламаны алғаннан кейін 25 тамызға дейін құжаттардың түпнұсқасын ЖОО қабылдау комиссиясына ұсыну қажет.
№5. ЖОО-ға барып тапсырса, қандай құжаттар қажет?
- ЖОО басшысының атына еркін нысандағы өтініш;
- жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі туралы құжат (төлнұсқа);
- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін қажет);
- 3 х 4 сантиметр көлеміндегі 6 фотосурет;
- 075/е нысаны бойынша медициналық анықтама;
- ҰБТ сертификаты;
- Шығармашылық, "Педагогикалық ғылымдар" және "Денсаулық сақтау" білім беру салалары бойынша жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін сертификат;
- білім беру грантын тағайындау туралы куәлік (болған жағдайда);
- ер балаларға әскери билет немесе тіркеу куәлігінің көшірмесі;
- талапкердің тегі өзгерген жағдайда неке туралы куәліктің көшірмесі;
- жеңілдікке немесе квотаға құқығы бар талапкерлерге соны растайтын құжаттар (мысалы, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін);
- колледж түлектері үшін мамандығы бойынша кемінде бір жылдық жұмыс өтілін растайтын құжат (болған жағдайда)
Көптеген университет құжаттарды екі форматта (қағаз және электрондық (PDF) түрінде) талап етеді, сондықтан құжаттарды алдын ала сканерлеп қойған қолайлы.
Бұл құжаттар ақылы негізде оқу үшін де жарамды.
Құжаттарды тапсырған соң қабылдау комиссиясы құжат қабылданғаны туралы қолхат береді.
№6. Жатақханаға керек болса, не істеу керек?
Жатақхана қажет болса, ЖОО-да оқуға құжат тапсырған кезде өтініш жазу керек.
Жатақхана үлестіруле бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Талапкерлердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Бірінші кезекте жатақхана жетімдерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға беріледі.
Одан кейін орындар Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ адамдар, қандастар, көп балалы және толық емес отбасыдан шыққандар, шалғай аймақтан келгендерге бөлінеді.
№7. Ақылы оқудан грантқа ауысуға мүмкіндік бар ма?
Әдетте игерілмеген гранттар қаңтар айында қайтадан үлестіріледі. Себебі, кей талапкерлер жеңіп алған грантынан бас тартуы мүмкін немесе ҰБТ тапсыру кезінде заң бұзушылық жасағаны анықталып, тест нәтижесі жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда грант тізім бойынша ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес келесі талапкерге беріледі.
Сонымен қатар ақылы оқуға түсіп, GPA, яғни оқу үлгерімі жақсы болса, оқу семестрі кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
№8. Маңызды мәліметтер:
Кәмелетке толмаған абитуриенттер құжатты ата-анасының немесе қамқоршысының қатысуымен ғана тапсыра алады, өйткені білім беру қызметін көрсету туралы шартқа қол қою қажет.
Құжат қабылдау аяқталғаннан кейін таңдалған мамандықты немесе университетті өзгерту мүмкін болмайды.
Ақылы негізде оқуға түсу кезінде екі данада білім беру қызметін көрсету туралы шарт жасалады.
Шетелдік аттестатпен келген талапкерлерге нострификация (аттестатты тану) құжаты және оның қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы қажет болады.
Биыл талапкерлердің 60 пайызы тегін білім алады. 75 мың грант қалай үлестіріледі
2026 жылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды