Қазақстандықтар шетелдік ЖОО мен ұйымдарда үш айдан 12 айға дейін тағылымдамадан тегін өте алады. Олардың тамақтану, тұру, ғылыми әдебиетті сатып алу шығындары, әуе билеттері бюджет есебінен өтеледі.
Осы орайда Информбюро порталы ғылыми тағылымдама шарттары, қажет құжаттар, тіл білу деңгейі, өтелетін шығындар, елге келген соң үш жыл жұмыс істеу талабы туралы маңызды сұрақтарға жауап береді.
№1. Ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізбесі қандай?
Ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізбесінде 7 бағыт бойынша 134 мамандық бар:
- Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы зерттеулер (14 мамандық);
- Инженерлік ғылымдар саласындағы зерттеулер (29 мамандық);
- Жаратылыстану ғылымдары саласындағы зерттеулер (9 мамандық);
- Әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеулер (10 мамандық);
- Гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер (10 мамандық);
- Білім беру саласындағы зерттеулер (5 мамандық);
- Медицина саласындағы зерттеулер (34 мамандық);
- Өнер саласындағы зерттеулер (11 мамандық);
- Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы зерттеулер (5 мамандық);
- Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы зерттеулер (7 мамандық).
Мамандықтардың толық тізімін мына жерден көре аласыз. 2023 жылға арналған шетелдік білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ұсынылатын 416 ұйымның тізімін мына жерден көруге болады.
№2. Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?
Талаптар:
- ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесінің, философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор, магистр дәрежесінің болуы;
- ғылыми зерттеу жасайтын таңдаған мамандығы бойынша соңғы 12 айда үздіксіз нақты жұмыс өтілі;
- ғылыми тағылымдамаға қабылдайтынұйымнан шартсыз шақыруы;
- мемлекеттік және шет тілдерін білуі;
- Web of Science, Scopus халықаралық дерекқорларында немесе Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған шетелдік ғылыми басылымдарда индекстелетін мақалалар немесе шолулары немесе Patent Cooperation Treaty халықаралық өтінімінің болуы.
№3. Ғылыми тағылымдамаға қатысу үшін не істеу керек?
Стипендия тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер басым мамандықтар тізімінен ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған мамандықты таңдауы қажет. Одан кейін ғылыми тағылымдамадан өтуге ұсынылатын тізімнен шетелдік ұйымды таңдауға тиіс. Құжаттардың толық пакетін жинап, Халықаралық бағдарламалар орталығына құжаттарды тапсыруы қажет. Орталық үміткердің құжаттары толық және дұрыс екенін тексеріп, стипендия тағайындау конкурсына қатысуға рұқсат береді не бас тартады.
№4. Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар сұралады?
Үміткер келесі құжаттарды қағаз нысанда ұсынады:
- анкета;
- жұмыс берушінің ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған өтінімі;
- паспорты мен жеке куәлігінің түпнұсқалары және көшірмелері;
- ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесінің, философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор, магистр дәрежесінің болуы туралы құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
- шетелде оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану куәлігі не заңмен белгіленген өзге құжат;
- тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйыммен келісілген ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы;
- еңбек қызметін растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңінде аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
- мемлекеттік тіл емтиханынан өткені жөнінде ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
- шет тілі емтиханынан өткені жөнінде ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
- үміткерді тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруын (қаржылық шарттарды қоспағанда) растайтын, жүргізілетін ғылыми зерттеу, ғылыми тағылымдамадан өту мерзімі, құны (есеп-қисабын толық көрсетіп) көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариат куәландырған аудармалары бар құжаттардың көшірмелері;
- Web of Science, Scopus халықаралық дерекқорларында немесе Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған шетелдік ғылыми басылымдарда индекстелетін мақалалар немесе шолулары немесе Patent Cooperation Treaty халықаралық өтінімі;
- үміткер құжаттарын өзі тапсыра алмаған жағдайда өкілге нотариат куәландырған сенімхат.
Құжаттарды қарау, қабылдау не оларды қабылдаудан бас тарту мерзімі үш жұмыс күнін құрайды. Құжаттарды толық көлемде ұсынбау оларды қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады. Көрінеу жалған мәліметтер ұсынған үміткерлер сол жылғы конкусрқа жіберілмейді.
Құжат қабылдайтын "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ мекенжайы: Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 70-үй "Сығанақ" бизнес орталығы, 5-қабат, 508-кабинет.
№5. Мемлекеттік тілді білу деңгейі қандай болуы керек?
Үміткерлер мемлекеттік тілді ең кемі В1, яғни орташа деңгейде білуі қажет. Екі сертификаттың бірін ұсына алады:
- "Ұлттық тестілеу орталығының" В1 және одан жоғары деңгейі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат (ҚАЗТЕСТ);
- ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында әзірленген, үміткердің ID нөмірі, осы сертифкаттың тұпнұсқалығын тексеру үшін QR штрих-коды және www.qrt.kz ресми сайтында үміткердің тест нәтижелері туралы ақпараты көрсетілген Qazaq Resmi Test онлайн тестілеу жүйесінде В1 және одан жоғары деңгейі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы Qazaq Resmi Test ресми сертификаты.
№6. Шет тілін білу деңгейі қандай болуы керек?
Ғылыми тағылымдамадан өту тіліне қарай үміткерлердің шет тілін білудің қажетті ең төменгі деңгейі келесідей:
Ағылшын тілі:
- IELTS – 9.0-ден 5.0;
- TOEFL PBT – 677-ден 417;
- TOEFL ITP – 677-ден 417;
- TOEFL IBT – 120-дан 35;
- DET (Duolingo English Test) – 160-тан 80;
- IELTS Indicator – 5.0.
Қытай тілі: HSK – 6-дан 3 деңгейі.
Корей тілі: TOPIK (level 3).
Неміс тілі:
- Goethe-Zertifikat B1;
- OnSet B1;
- DSH 1;
- TestDaF (TDN 3).
Итальян тілі:
- CILS DUE B1;
- CELI 2;
Испан тілі: DELE B1.
Француз тілі:
- TCF 300-399;
- DELF B1
Жапон тілі: JLPT level N3;
Түрік тілі: Tömer B1
Орыс тілінен сертификат талап етілмейді.
Ғылыми тағылымдамадан өту тілі басқа тілдердің бірі болса онда сол тілді білу деңгейі CEFR стандартына сәйкес B1 деңгейінен төмен емес ресми жарамды халықаралық сертификатпен расталуға тиіс.
Оқи отырыңыз: 2023-2024 оқу жылына арналған шетелдік гранттар мен тағылымдамалар топтамасы
№7. Конкурс қалай өтеді?
Конкурс үш турдан тұрады:
- Бірінші турда үміктерлердің зияткерлік қабілеттері, тұлғалық-іскерлік құзыреттері, шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге психологиялық әзірлігі қандай деңгейде екенін айқындау үшін кешенді тестілеу жүргізіледі;
- Екінші турда үміткердің ғылыми зерттеу бағыты бойынша таңдалған мамандану саласында ғылыми-зерттеу даярлығының деңгейі, теориялық білімі мен ғылыми зерттеуді, шетелдік ұйымды саналы, дәлелді түрде таңдау деңгейі айқындалады;
- Үшінші турда екі турдың нәтижелері Республикалық комиссия қарауына жіберіледі. Комиссия ғылыми тағылымдаманы тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
Конкурс жеңімпазы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде ғылыми тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады, онда міндетті түрде:
- шарт нысанасы;
- тараптардың құқықтары мен міндеттемелері;
- ғылыми тағылымдамадан өтуіне жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі оның міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі;
- ғылыми тағылымдамадан өту мерзімі мен шарттары;
- тағылымдама аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы туралы талап;
- өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру не жауапкершіліктен босату туралы талап;
- жұмыс берушінің жұмыс орнын сақтау міндеттілігі туралы талап;
- ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттарды ұсынудың міндеттілігі туралы талап қамтылуға тиіс.
№8. Үміткердің қандай шығындары өтеледі?
Бюджет есебінен келесі шығындар өтеледі:
- визаны рәсімдеу, ұзарту (консулдық алым);
- ғылыми тағылымдамадан өту;
- ғылыми тағылымдамадан өтуші елдің, жетекші шетелдік жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және конкурс жеңімпазының ғылыми тағылымдамадан өтуін жүзеге асыратын басқа да ұйымдардың тапсырысы бойынша міндетті қызметтер;
- тұру, тамақтану және ғылыми әдебиеттер сатып алу;
- міндетті медициналық тексеруден өту;
- медициналық сақтандыру;
- ғылыми тағылымдамалар тағайындалғаннан кейін Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жерінен ғылыми тағылымдамадан өту орнына дейін және кері қайтуға жол ақысы;
- ғылыми тағылымдамадан өту бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар бойынша олардың міндеттемелерін орындауға байланысты шетелдік әріптестердің шығыстары.
№9. Өтелетін шығын сомасы қандай?
Тамақтануға, тұруға, ғылыми әдебиетті сатып алуға, тұратын жерінен ғылыми тағылымдамадан өту орнына дейін жол жүру бойынша көліктің
түрі мен класын айқындауға арналған шығыс нормалары әр елге, қалаға жеке-жеке бекітілген.
Бір айлық шығындар:
- тұру шығындары – 400 АҚШ долларынан 1200 АҚШ долларына дейін;
- тамақтану шығындары – 300 АҚШ долларынан 1100 АҚШ долларына дейін;
- әуе билеттері – эконом-класс;
- ғылыми әдебиеттерді сатып алу шығындары – 20 АҚШ долларынан 130 АҚШ долларына дейін;
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бойынша тағылымдамадан өту шығынын еңбекпен өтеу мерзімін енді кейінге шегеруге болады
№10. Үміткер тағылымдамаға кеткенде жұмыс орны сақтала ма?
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушімен келісе отырып, үміткер оқу демалысын немесе жалақысы сақталмайтын демалысты рәсімдей алады. Оқу демалысында немесе жалақысы сақталмайтын демалыста болған кезеңде ҚР заңдарында өзгеше көзделмесе, еңбек өтілі есепке алынады.
№11. Кепілге мүлік қою керек пе?
Тағылымдама бойынша үміткерлер кепілге мүлік қоймайды. Міндеттемелерді орындау үшін екі кепілгер ұсынса жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге кепілгер бола алады. Кепілгерден келесі құжаттар сұралады:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- соңғы 12 айдағы лауазымы, жұмысқа қабылданған күні және кірістері көрсетілген жұмыс орнынан анықтама;
- өзін-өзі жұмыспен қамтыса: дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, соңғы 12 ай ішінде табыс алғанын растайтын құжаттар;
- соңғы 12 айға зейнетақы аударымдарының төленгенін растайтын құжаттар (оның ішінде зейнетақы қорынан үзінді көшірме).
Шарт Орталық пен кепілгер арасында жасалады. Бұл шарт тіркелмейді, сәйкесінше кепілгер үшін ешқандай шектеу қойылмайды (мәселен, кредит алуға немесе кредиті бар болса, сондай-ақ кепілгердің несие тарихына әсер етпейді). Декреттік немесе академиялық демалыста отырған адамдар кепілгер бола алмайды.
№12. Шығындардың есебін беру қажет пе?
Конкурс жеңімпазы ғылыми тағылымдамадан оралғаннан кейін бір ай ішінде әкімшіге қорытынды есепті тапсырады. Мерзімі алты айдан асатын ғылыми тағылымдамадан өткен жағдайда конкурс жеңімпазы әкімшіге ғылыми тағылымдама басталған күннен бастап алты ай өткен соң жұмыс органы бекітетін нысан бойынша ғылыми тағылымдамадан өту туралы аралық есеп ұсынады.
Ғылыми тағылымдамадан өту туралы есепте ғылыми тағылымдамадан өтетін елі, шетелдік ұйым, ұзақтығы, мамандығы, тақырыбы, тапсырмалар, өзектілігі (конференцияларға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге, форумдарға және басқа қатысу) және жаңалығы, мақсаттары, пайдаланылатын зерттеу әдістері, материалдық-техникалық құралдар, қол жеткізген нәтижелері (халықаралық ғылыми басылымдарға берілген мақалалар, патенттер, монографиялар және т.б.), тағылымдама бағдарламасына және ғылыми тағылымдамадан өту жоспар-кестесіне сәйкес қойылған міндеттерді орындау, Қазақстанда тағылымдама нәтижелерін енгізу жолдары көрсетіледі.
№13. Қандай жағдайда үміткерден шығындарды өтеу талап етіледі?
Келесі жағдайларда конкурс жеңімпазы тағылымдамадан айырылып, айыппұл төлеуді қоса алғанда, ғылыми тағылымдаманы тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап жұмсалған шығыстарды өтеуі керек:
- көрсетілген мерзімде шарт жасаспаса;
- конкурсқа қатысу үшін көрінеу жалған мәліметтер ұсынса;
- ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасын орындамаса;
- ғылыми тағылымдамадан оралғаннан кейін үш жыл жұмыс істемесе;
- шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаса.
№14. Тағылымдама аяқталған соң қандай құжат ұсыну қажет?
Тағылымдама аяқталғаннан кейін стипендиат мыналарды орындауға міндетті:
- үш жыл еңбек ету үшін Қазақстанға оралуға;
- Халықаралық бағдарламалар орталығына тағылымдаманың аяқталғаны туралы өтініш жазуға;
- Қазақстанға кіргені туралы белгісі бар паспорттың көшірмесін ұсынуға;
- бір айдың ішінде жұмыс органы бекітетін нысан бойынша қорытынды есеп (жұмыс орнынан анықтама, еңбек шарты немесе
атқаратын лауазым және еңбек қызметін бастаған күнін растайтын басқа құжаттардың көшірмелері) тапсырады.
Құжаттарды еңбек қызметі басталған сәттен бастап әр алты ай сайын сапалы сканерленген түрде (РDF форматта) кураторлардың электронды поштасына жіберу қажет.
№15. Үш жыл ішінде жұмыс орнын ауыстыра ала ма?
Тағылымдама аяқталғаннан кейін стипендиат жұмыс берушінің ұйымында не жұмыс берушінің келісімімен мамандығы бойынша ҚР аумағында орналасқан басқа да ұйымдарда үш жыл еңбекпен өтеуге міндетті. Жұмыс беруші ұйым таратылса не қайта ұйымдастырылса ғана жұмыс орнын ауыстыра алады.
Еңбекпен өтеу мерзімін өз бетінше калькулятормен есептеуге болады.
Материалды жазу кезінде қолданылды:
- "Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 5 қазандағы № 791 үкімет қаулысы
- Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2022 жылғы 29 қарашадағы №161 бұйрығы
- bolashak.gov.kz сайтындағы "Шетелдік ғылыми тағылымдамалар" бөліміндегі мәліметтер.