Тікелей эфир

2023-2024 оқу жылына арналған шетелдік гранттар мен тағылымдамалар топтамасы

Қазақстандықтар Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінің үздік университеттерінде тегін білім ала алады.

Informburo.kz порталы қазақстандықтарға шетелде тиімді әрі тегін білім алуға мүмкіндік беретін грант пен тағылымдамалар топтамасын ұсынады. Топтама ішінде студенттерге өз елінде ақысыз негізде білім алуға көмектесетін бағдарламалар да бар. 

Erasmus Mundus стипендиясы 

Бұл – студент пен ұстаздар арасында білім алмасуды мақсат тұтатын Еуропа кеңесінің бағдарламасы. 1987 жылдан бері оны 3 миллионнан астам адам пайдаланды. 

Шетелдік студенттер қордың келесі 7 бағдарламасын жиі таңдайды: Comenius (оқушылар), Erasmus (студенттер), Erasmus Mundus (магистранттар), Leonardo da Vinci (кәсіби білім), Grundtvig (үлкендерді оқыту), Youth in Action (жастарға дәстүрлі емес білім беру), Jean Monnet (Еуропа кеңесін зерттеу), Sports (спорт саласы). 

Еуропа одағы азаматтарынан бөлек әлемнің 33 елінің студенті осы бағдарламаға өтінім бере алады. Шәкіртақы университеттегі білім, жол ақысы, кітапхана мен зертханаға кететін шығын, виза, медициналық сақтандыру және тұратын орын құнын өтейді. 

Қаржы 1-2 оқу жылына бөлініп, студентке ай сайын 1000 еуро көлемінде шәкіртақы төленеді. Егер үміткер соңғы 5 жыл ішінде бір жылдан астам уақыт ЕО-да оқып, жұмыс істеген болса, шәкіртақысы төмен болады. Алайда оның да конкурсқа қатысу құқығы бар. 

Басқа бағдарламалардан айырмашылығы – Erasmus Mundus студентті оқу аяқталған соң өз еліне қайтуға мәжбүрлемейді. 

Талаптары:

  • бакалавр немесе магистр деңгейінің болуы;
  • қазір оқып жатқан студенттер де қатыса алады, тек анықтама ұсынуы тиіс;
  • үміткердің орташа балы жақсы болуы керек;
  • IELTS 6.5 балдан жоғары;
  • TOEFL 90 балдан жоғары болуы керек.

Құжат өткізу уақыты университет пен бағдарламаға байланысты. Көптеген оқу орны құжатты қазан-қаңтар айлары арасында қабылдайды. 


Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясын еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарды


Wells Mountain Foundation

Wells Mountain Foundation ұйымы Empowerment Through Education бағдаралмасы арқылы дамушы мемлекет студенттеріне өз елінде немесе шетелде тегін білім алуға мүмкіндік береді. 

Бұл шәкіртақы түрін пайдаланған студенттер жылына 100 сағат ерікті болып жұмыс істеуге міндеттеледі. Есесіне олар бағдарламаға тіркелген университеттердің бірінде келесі мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігін иеленеді: медицина, қоғамды дамыту, құқық, білім, әлеуметтік жұмыстар, бизнес, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, инженерия. 

Жыл сайын ұйым 50-60 шәкіртақы бөледі. Шәкіртақы құны 300 доллардан бастап 3000 долларға дейін. Орташа есеппен студенттер 1500 доллар көлемінде шәкіртақы алып, оны оқу, кітап және тұратын орнына жұмсай алады. 

Талаптары:

  • дамушы мемлекеттің азаматы болу;
  • заңды орта білімнің болуы (үміткер үздік оқыған болуы тиіс);
  • бағдарламаға тіркелген университеттердің біріне бакалавриатқа оқуға түсу;
  • білім алған соң отанынан оралуды жоспарлау;
  • ерікті ретінде тәжірибесінің болуы;
  • үміткерлер басқа шәкіртақыларды да иелене алады;
  • шәкіртақы оқуының ақшасын төлей алмай жүрген студенттерге арналған. 

Құжаттар:

  • өтінім;
  • орта білім туралы диплом мен бағасы жазылған құжат;
  • екі ұсыным хат. 

Құжаттарды ағылшын тіліне аударып, ресми сайтта онлайн өтінім беру қажет. Өтінімдерді 2023 жылдың 1 наурызына дейін қабылдайды. 


Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясын еңбекпен өтеуді кейінге шегеру мүмкіндіктері артады


Illinois Wesleyan University 

Университет бакалавриатта білім алғысы келетін шетелдік студенттерге бірнеше шәкіртақы түрін ұсынады: Merit-Based Scholarships, President’s Scholarships, Need-Based Financial Aid. Мұнымен қатар, үздік студенттер барған соң кампусқа жұмысқа орналаса алады. 

Merit-Based Scholarships шәкіртақысы бір жылға арналған, көлемі 16-30 мың АҚШ долларын құрайды. Оны 4 жылға дейін созу мүмкіндігі бар. 

President’s Scholarships 4 жыл оқу ақысын толықтай өтейді. Мұнымен қатар, жыл сайын 2 рет президент шәкіртақысы беріледі. 

Талаптары:

  • Merit-Based Scholarships: академиялық жетістіктері мен тест нәтижесі жоғары шетелдік үміткер болуы тиіс;
  • President’s Scholarships: шетелдік үміткердің ерекше таланты, қызығушылы және академиялық жетістігі болуы керек. 

Өтінімді 2023 жылдың 1 наурызына дейін қабылдайды. 


Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына үміткерлер енді қазақ тілінен онлайн тест тапсыра алады


Thomson Reuters Foundation бағдарламасы

3-6 айға созылатын Reuters институтының журналистерге тағылымдамадан өтуге арналған зерттеу бағдарламасы заманауи білім алып, халықаралық зерттеушілер ортасында жүруге шақырады. Бағдарлама аясында ұйымдастырушылар тағылымгерге ай сайын 2000 еуро төлейді. 

Талаптары:

  • үміткердің журналистика саласында кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек. Тәжірибесі бұдан аз адамдарды сирек қабылдайды;
  • ағылшын тілін білуі шарт;
  • онлайн өтінімге келесі құжаттарды қосып беруі керек: түйіндеме, ағылшын тілін білетіні туралы тест, мотивациялық хат, зерттеудің жобасы (мың сөзден аспауы тиіс), жұмыс берушіден мінездеме және ұсыныс хат;
  • жасаған жұмыстары туралы жазбаша ақпарат.

Бағдарлама туралы толығырақ осы жерден білуге болады.


Оқи отырыңыз: Студент, магистрант, докторанттардың шәкіртақысы қаншаға артты?


Түркияның шетелдік студенттерге ұсынатын шәкіртақысы

Университет пен бағдарламаның барлық талабына сай келетін студенттер осы шәкіртақының иесі атана алады. (GRE, GMAT, TOEFL, DELF, YDS, ALES және т.б.). Сондай-ақ, бұл бағдарламада Түркияның барлық тіркелген университеті бар. 

Ай сайын бакалавр студенттеріне – 700, магистратура студенттеріне – 950, аспиранттарға – 1400, зерттеушілерге 3000 түрік лирасы беріледі. Мұнымен қатар, шәкіртақы құнына студент тұратын жатақхана, университетте тегін білім, медициналық сақтандыру, түрік тілі курстарының шығыны, Түркияға баратын және қайтатын жол құны кіреді. Әдетте барарда студент билетті өзі сатып алып, кейін ұйымдастырушылар жұмсалған соманы қайтарып береді. 

Талаптары:

  • бакалавриатқа түсетін студент жасы 21 жастан аспаған болуы тиіс;
  • магистратураға түсетін студент жасы 30 жастан аспауы керек;
  • аспирантураға түсетін студент жасы 35 жастан аспауы тиіс;
  • Түркия азаматы және қазір сонда білім алып жатқандар үміткер бола алмайды;
  • академиялық үлгерім мен әлеуметтік жетістіктер ескеріледі;
  • өткізетін құжаттар тізімі: диплом, GPA, бұған дейін оқыған білім ордаларындағы емтихан нәтижесі, халықаралық тестілер нәтижесі (бар болса), басқа да академиялық жетістіктері туралы құжат. 

Мұнымен қатар, үміткердің оқу үлгерімі ескеріледі:

  • бакалавр студенттері үшін – 70 пайыздан төмен емес;
  • магистратура мен аспирантура студенттері үшін – 75 пайыздан төмен емес;
  • зерттеушілер үшін – кемінде 90%.

Түркия үкіметі өтінімді 2023 жылдың 10 қаңтарынан бастап қабылдайды. Қосымша сұрақ туындаған жағдайда info@turkiyeburslari.org поштасына жазуға болады. 

Қысқа мерзімді зерттеулерге арналған шәкіртақы талабы басқа болуы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Колледжде кімдер тегін оқи алады?


Австриядағы Ашық медицина институтының бағдарламасы

2023 жылы Зальцбургте 41 семинар өткізу жоспарланып отыр. Ол медицина саласында кемінде 3 жыл уақыт тәжірибесі бар мамандарға арналған. Мақсаты – Орталық және Шығыс Еуропа, Оңтүстік Америка, Африка және ТМД елдері мамандарының медицина саласында өзара білім мен тәжірибе алмасуына жағдай жасау. 

Семинарларды өткізуге Federal Ministry Republic of Austria, Wiener Philharmoniker, Das Land Steiermark, Austrian Airlines және әртүрлі фармацевтикалық компания демеуші болады. 

Шәкіртақы жол ақысы мен тұратын жердің ақшасын өтейді. Алайда үміткерлер Алматы немесе Астана қаласына жету жолпұлын өзі төлейді. 

Талаптары:

  • кемінде 3 жыл істәжірибесінің болуы (дипломы бар, ем-дом жасап жүрген дәрігер);
  • ординатура немесе интернатураның болуы;
  • ағылшынша сөйлеп, жаза алу;
  • үміткер жасының 30-40 арасында болуы;
  • ҚР территориясында тұру және жұмыс істеу;
  • конкурсқа тиісті құжаттарды жіберу.

Бір аптаға созылатын семинарға қатысқан соң мамандар Австрия кликаларының бірінде 3 ай тағылымдамадан өтуге өтінім бере алады. Мұнымен қатар, ұйымдастырушылар семинар мен дедлайн уақытын өзгертуі мүмкін. 


Оқи отырыңыз: "ҰБТ қажет емес". Мектеп түлектерінің шетелде оқуына 10 мүмкіндік 


Венада орналасқан Орталық Еуропа университеті

Бұл бағдарлама 100-ден астам мемлекеттік ұстазы мен студенттерінің басын қосады. 

Үміткерлердің АҚШ пен Австрияда тіркелген CEU бакалавриат бағдарламаларының бірін таңдау мүмкіндігі бар:

  • сараптама және қоғам туралы ғылым;
  • мәдениет, саясат және қоғам;
  • философия, саясат және экономика.

Өтінімді 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап жіберуге болады. Ал қаржылай көмек алғысы келетін студенттер 2023 жылғы 15 сәуірге дейін жібереді. 

Бұрын бұл бағдарлама "Сандық әлеуметтік ғылымдар" деп аталған. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары