15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдауға арналған референдум өтіп, 8 миллионға жуық адам қолдап дауыс берді. Осылайша, енді Қазақстан жаңа Ата Заңмен өмір сүруге қадам басады. Құжат күшіне енген соң елдегі билік құрылымы өзгереді, жаңа мемлекеттік институттар қызметін бастайды. Енді Қазақстанда нақты қандай ірі өзгерістер болатынын түсіндіреміз.
№1. Жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді
Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.
№2. 15 наурыз – Конституция күні
Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
15 наурыз күні өткен референдумға дауыс беру құқығы бар 9 127 192 адам қатысты. Оның ішінде 7 954 667 адам (87,15%) жаңа Ата заңды қолдап дауыс берді. Осылайша, 15 наурыз Конституция күні болып белгіленеді.
"Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді", – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
№3. Құрылтай сайлауы өтеді
1 шілдеден бастап елдегі екі палаталы парламент өкілеттілігін тоқтатады. Оның орнына Құрылтай құрылады. Президент шілде айында Құрылтай сайлауын жариялайды. Сайлау екі ай ішінде өткізілуге тиіс.
Құрылтайда 145 депутат болады. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Депутат болып 25 жасқа толған және елімізде соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.
Құрылтай депутаттары сайланғаннан кейін Қазақстан халқына ант береді.
Құрылтайдың бірінші сессиясын президент сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақырады.
№4. Вице-президент тағайындалып, мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады
Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде президент вице-президентті тағайындауға тиіс. Оны тағайындау үшін құрылтайдың келісімі қажет.
Вице-президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік етеді. Президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, президенттің өкілеттігі вице-президентке өтеді.
Вице-президент қызметке кіріскен сәттен бастап депутат бола алмайды, өзге ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға немесе саяси партияда болуға құқығы жоқ.
Сонымен бірге, 2022 жылы президент 1995 жылдан бері қолданыста болған мемлекеттік хатшы лауазымының орнына мемлекеттік кеңесші лауазымын енгізді. Бұл қызметке Ерлан Қарин тағайындалды. Енді бұл лауазым жойылады.
Ал осы қызметті атқарған Ерлан Қарин Қазақстан тарихында мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған тұңғыш әрі жалғыз адам болып саналады.
№5. Халық кеңесі құрылады
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесі құрылады. Кеңес Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып саналады.
Негізгі міндеті:
- мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
- Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;
- жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
- конституциялық заңға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Халық кеңесі Қазақстан Республикасының 126 азаматынан құралады. Оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды.
Кеңестің барлық мүшесін президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.
Оқи отырыңыз: "I'm really sorry". Президенттің конституциялық реформасы кімдерді лауазымынан айырады
№6. Бірқатар органның төрағасы тағайындалады
Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде:
- Конституциялық сот төрағасы мен судьялары тағайындалады.
- Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері тағайындалады.
Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде:
- Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалуға тиіс.
Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, Бас прокурорды және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді президент өзі тағайындайды.
Ал Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайндау үшін президентке Құрылтайдың келісімі қажет.
Жоғарғы сот төрағасын Жоғары сот кеңесі ұсынады, президент тағайындайды.
№7. Заңдарға өзгерістер енгізіледі
1 шілде күні қолданыста болатын басқа да заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің, конституциялық кеңестің және конституциялық соттың нормативтік қаулыларының Конституцияға қайшы келмейтін бөлігі қолданыста қалады.
Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкес келтіру жұмыстарын атқарады.
USD:
477.5 / 480.5
EUR:
550.0 / 555.0
RUB:
5.75 / 5.91
Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…