Банкке қарызын өтей алмай отырған қазақстандықтар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Өйткені, "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң қол қойған соң 60 күннен кейін күшіне енеді, деп хабарлады fingramota.kz сайты.
Банкроттық туралы рәсімнің 3 түрі бар:
- соттан тыс банкроттық;
- сот арқылы банкроттық;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Барлық рәсім түрі қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Яғни, банк борышкердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайды.
Соттан тыс банкроттық қашан қолданылады?
Жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) аспаған жағдайда соттан тыс банкроттық қолданылады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы зейнетақы жинағынан кім және қанша ақша шеше алады?
Сондай-ақ, келесі талаптар сақталуы тиіс:
- атында мүлкі болмауы тиіс;
- өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмаған болуы тиіс;
- берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген;
- өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек.
Мұнымен қатар, банкроттық рәсімінің бұл түріне 5 жылдан астам уақыт қарызын төлей алмаған жеке тұлғалар да жүгіне алады.
Сот арқылы банкроттық қашан қолданысқа енеді?
Бұл рәсімді қарызының сомасы 1 600 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Сот арқылы банкроттық кезінде қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасын ол кепілде тұрған болса ғана алып қоя алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар соттан тыс банкроттыққа "Электрондық үкімет" арқылы өтініш бере алады
Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:
- заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
- кәсіби бухгалтерлер;
- заң бойынша кеңесшілер;
- аудиторлар кіреді.
Қаржы басқарушыларының қызметіне ақы борышкердің мүлкі есебінен төленеді: 2023 жылы – бұл 70 мың теңге. Ал әлеуметтік осал топтағы, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржы басқарушылар тегін қызмет көрсетеді.
Қаржы басқарушылардың тізімі қаржы министрлігінің сайтында жарияланған.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қашан қолданылады?
Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс.
Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?
Қалпына келтіру шаралары:
- мүліктің бір бөлігін сату;
- мүлікті жалға беру;
- жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату;
- құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.
Өзін банкрот деп жариялаған адамдар үшін қандай салдар бар?
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданғысы келген азаматтар келесі шектеулерді ескеруі тиіс:
- 5 жыл бойы қарыз және микронесие алмайды (бұған ломбард кірмейді);
- 7 жылда өзін қайта банкрот деп жариялауға тыйым салынады;
- қаржы жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Банктен қарыз алмас бұрын нені білген жөн? Несиеге қатысты 15 сұраққа жауап
Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы кеңесті қайдан алуға болады?
- Бұл туралы ақпарат қаржы министрлігі мен ведомствоның кірістер комитеті сайтында жарияланады;
- 1414 (қосымша нөмір 3) нөміріне хабарласуға болады;
- Тelegram-чатта ботқа қосылуға болады.