"Ашық НҚА" порталында "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасы жарияланып, ашық талқылауға шығарылды.
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың кредиттер портфелі – 9,8 трлн теңгені, 90 күннен астам мерзімі өткен берешек сомасы 422 млрд теңгені құраған. Жоғарыда аталған заң жобасын әзірлеуге осындай несиесін уақытылы өтей алмай жүрген жандар түрткі болған. Бұл жоба нені көздейді? Informburo.kz заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіреді.
Қарызды қай жағдайда қайтармауға болады?
Жеке тұлғаның банкрот танылуының негізгі мәні – оның белгілі бір мөлшердегі кредиті кешіріледі. Бірақ, оның нақты шарттары көзделген. Айталық, банкрот мәртебесін атқарушылық парағын сот орындаушылары қайтарған азаматтар ғана иелене алады. Қарыз иесі, сондай-ақ, банкпен мәселені шешуге тырысқанын да дәлелдеуге тиіс. Оның бұдан өзге атқарушылық ісі болмауы қажет. Ал қарыз сомасы 4 миллион 900 мың теңгеден аспауы шарт.
Келесі борышкерлер соттан тыс банкроттыққа өтінішті уәкілетті органның интернет-ресурсы және салықтық мобильді қосымша арқылы береді:
- берешегі 100 АЕК-ден (306 300 теңге) аспайтын, 12 ай ішінде несие беруші алдындағы міндеттемесін орындамаған борышкер;
- берешегі 1 600 АЕК-ден аспайтын, 6 ай ішінде несие беруші алдындағы міндеттемесін орындамаған борышкер.
Олар банк, микроқаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерін 5 жыл ішінде орындамаса, уәкілетті органның интернет-ресурсы немесе салықтық мобильді қосымша арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Борышкерге 7 жыл ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот банкроттығы рәсімі қолданылмауы керек.
Оқи отырыңыз: Банктен қарыз алмас бұрын нені білген жөн? Несиеге қатысты 15 сұраққа жауап
Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішіне:
- несие берушінің атауы немесе аты-жөні, берешек сомасы, орналасқан жері не тұрғылықты жері көрсетілген тізімі;
- атқарушылық құжатты қайтару туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмесі;
- борышкердің банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Өтініш келіп түскен күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы тағайындалып, ол 5 жұмыс күні ішінде борышкердің мәліметтерін тексереді. Заң талаптарына сәйкес келсе, 1 жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына борышкер туралы мәліметтерді орналастырады.
Уәкілетті орган мен қаржы басқарушысы борышкердің келісімін алмай, ол туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы. Қаржы басқарушы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдерін жүргізу бойынша қызметтерді жүзеге асырады. Ол борышкердің немесе несие берушінің жақын туысы болмауы керек.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды
Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды. Бұл кезеңде борышкер өтінішінде көрсетілген борыштық міндеттемелердің мерзімі өткен болып есептеледі және кредиторлар оларды орындауды борышкерден талап ете алмайды. Өтініште көрсетілген несие беруші алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша өсімпұлдарды, айыппұлдарды және сыйақыны есептеу тоқтатылады. Ең төменгі күнкөріс шамасынан аспайтын мөлшерде қарыз алу бойынша мәмілелерді қоспағанда, қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру жөнінде мәмілелер жасауға тыйым салынады.
Шетелде емделу, емделуге жақын туыстарын алып жүру және жақын туыстарын жерлеу жағдайларын қоспағанда, борышкердің Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуына тыйым салынады.
Соттан тыс банкроттық рәсімі келесі жағдайларда тоқтатылады:
- борышкер борышты өтеуге мүмкіндік беретін мүлікке ие болғанда соттан тыс рәсімді тоқтату туралы өтініш жасаса;
- мүлік туралы ақпаратты жасырса, мүлікті өз иелігінен шығарса немесе жойса, басқаның иелігіне берсе, мүлік туралы мәліметтер бар құжаттарды жасыру, жою және бұрмалау фактілері анықталса;
- борышкер қайтыс болса, хабар-ошарсыз кетті деп танылса.
Бұл борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеп соқпайды.
Өтініш берген күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті орган интернет-ресурсында соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы хабарландыруды орналастырады және содан кейін ғана борышкердің өтініште көрсетілген міндеттемелері тоқтатылады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімі
Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы тұрғылықты жері бойынша сотқа өтінішпен жүгінеді.
Өтініш заң талаптарына сәйкес келсе сот бес жұмыс күнінен кешіктірмей төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы іс қозғау туралы ұйғарым шығарады. Борышкер өтінішті сотқа бергенге дейін қаржы басқарушымен шарт жасасады. Қаржы басқарушысына сыйақыны борышкер төлейді. Сыйақы шартта айқындалады және ең төмен жалақыдан аз болмауы керек.
Оқи отырыңыз: Қарыз алушының құқығын қорғау күшейтілді. Банктер мен коллекторлар қызметінде не өзгеріс бар?
Қаржы басқарушы борышкердің төлемге қабілетті не қабілетсіз екенін анықтап, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану үшін негіздер бар-жоғы туралы қорытынды жасайды.
Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы басқарушы борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізеді. Мүлік борышкердің қатысуымен түгенделіп, акт жасалады. Қаржы басқарушы борышкердің мүлкін бағалауды жүргізеді.
Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары
Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бес жыл ішінде орындалады. Онда алынатын кірістер мен ағымдағы шығыстар есеріледі және борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар, кредиторлар талаптарын қанағаттандыру кестесі мен ақша қамтылады.
Жоспарда борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, дебиторлық берешекті өндіріп алу, тұрғын үйді не автокөлікті құны төмен тұрғын үйге не автокөлікке айырбастау, борышкерді жұмысқа орналастыру секілді шаралар көзделуі мүмкін.
Сот жоспарды бекіткен соң борышкер оны орындауы қажет. Борышкерге жоспарда көзделмеген мәмілелерді жасауға тыйым салынады. Борышкердің мүлкіне шектеу алынады. Алынған қарыздар бойынша сыйақыны есептеу тоқтатылады. Емделу, жақын туыстарын жерлеуден басқа жағдайда шетелге шығуына тыйым салынады. Егер жоспарды орындамаса оны орындай мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап бір айдан кешіктірмей төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге міндетті.
Оқи отырыңыз: Жалақы аз, қарыз көп. Қазақстанға кезекті несие рақымшылығы керек пе?
Борышкердің (банкроттың) мүліктік массасы
Борышкердің мүліктік массасына кіреді:
- жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, әуе және теңіз кемелері;
- көлік құралдары, арнайы техника немесе тіркемелер;
- банк шоттарындағы, оның ішінде шетелдік банктердегі ақша;
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;
- шетелдік заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;
- инвестициялық алтын;
- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;
- қолма-қол ақша;
- борышкер алдындағы басқа тұлғалардың берешегі (дебиторлық берешек);
- биологиялық активтер ветеринариялық паспорт немесе осындай активтерге меншік құқығын растайтын өзге де құжат;
- асыл тастар мен бағалы металдар, олардан жасалған зергерлік бұйымдар және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттар, сондай-ақ өнер және антиквариат туындылары, үлбір бұйымдары, басқа да бағалы киім;
- цифрлық активтер.
Мүліктік массаның құрамына заңнамаға сәйкес өндіріп алуға болмайтын мүлік, сондай-ақ борышкердің жалғыз тұрғын үйі кірмейді.
Банкроттың мүліктік массасын қаржы басқарушы электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісімен сатады. Түскен ақша қаржы басқарушы ашқан арнайы банк шотында болады. Содан соң ақша борышкердің берешектерін өтеуге жұмсалады. Қаржы басқарушы кредиторлармен есеп айырысу кезінде мүліктік массаны сатудан түскен ақша қаражатын, сондай-ақ борышкердің (банкроттың) кірістерін пайдаланады. Борышкер зейнетақы алса оның жартысынан астамын ұстап қалуға болмайды.