Тікелей эфир

Оқушыларға неше жастан, қайда, қандай және қанша уақыт жұмыс істеуге рұқсат?

Сурет: freepik.com
Сурет: freepik.com
14-16 жастағы жасөспірімдер аптасына 24 сағат жұмыс істей алады.

2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс тәжірибесін және дағдыларды талап етпейтін 1684 жұмыс орнына 354 бос лауазым жарияланған. Бұл жұмыс орындарына кәмелеттік жасқа толмаған 14-17 жастағы жасөспірімдер де орналаса алады. Алайда, жасөспірімдер еңбегіне қатысты қандай шектеулер барын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Informburo порталының сауалына берген жауабында түсіндірді. 

Кәмелетке толмағандар неше жастан бастап жұмыс істей алады? 

ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек келісімшарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Дегенмен, еңбек келісімшартын 14-15 жастағы жасөспірімдер де жасасуға құқылы, алайда бұған қатысты бірнеше талап бар:

  • негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады;
  • 14 жасқа толған оқушылар кинематография ұйымдары, театр, концерт ұйымдары, циркте денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмейтін болса, жұмыс істей алады. 

14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс. 


Оқи отырыңыз: "Бір адамда – бірнеше жұмыс". Кәсіп іздеушілер саны 85 пайызға неге күрт артты?


Жасөспірімдер аптасына неше сағат жұмыс істей алады?

Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес:

  • 14-15 жастағы азаматтар аптасына 24 сағат;
  • 16-17 жастағы азаматтар аптасына 36 сағат жұмыс істей алады. 

Мұнымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағының бесінші тармақшасына сәйкес 18 жасқа толмаған жұмыскерлерді еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға орналастыруға жол берілмейді.

Жасөспірімдер зейнетақы қорына қалай жарна аударады? 

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 24-бабының 6-тармағына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін табысқа салымшының жасына және мәртебесіне қарамастан ақшалай мәнде еңбекақы төлеудің барлық түрлері және өзге де кірістер енгізіледі.  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарнасы аталған заңның 25-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, жарнаны есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.


Оқи отырыңыз: "Айына 110 мың теңге". Жұмыссыз азаматтар мемлекеттен қалай ақша ала алады?


Бұл ретте міндетті зейнетақы жарнасын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 

Қандай жұмыстарды істеуге тыйым салынған? 

18 жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 944 бұйрығымен бекітілген.

Аталған тізімде денсаулыққа зиян және адам өмірі үшін аса қауіпті салалар мен жұмыстардың тізімі жазылған.

Мысалы, жасөспірімдерге атом электр станциялары, коксхимия өндiрiсі, цемент өндiрiсi, электр энергетикасы салаларында және сүңгуір, газшы, жанар-жағармай құюшы, құтқарушы болып жұмыс істеуге болмайды. 

Жасөспірімдер қоғамдық жұмыстарды қалай істейді?

Қазір жастарды жұмыспен қамту үшін 2021-2025 жылдарға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. 

"ҚР "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңының 22-бабына сәйкес, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары (16-18 жастағы) денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта қоғамдық жұмыстарға қатыса алады. Ұлттық жоба шеңберінде ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуді талап етпейді, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады", – делінген министрлік жауабында. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2023 жылы 4 күндік жұмыс аптасы енгізіледі


Жалпы білім беретін мектептің 16-18 жастағы оқушысы немесе студент қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін:

  • өтініш;
  • ата-анасы немесе заңды өкілдерінің бірінің жазбаша келісімін;
  • білім беру ұйымының оқу процесінен тыс қоғамдық жұмыстарға қатысуға жазбаша келісімін өткізуі керек.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жасөспірімдер өз бетінше жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу үшін бос жұмыс орнына орналасуға конкурс жариялаған жұмыс берушіге тікелей жүгіне алатыны, сондай-ақ, www.enbek.kz электрондық еңбек биржасында ұйымдар мен мекемелердің ұсынған бос лауазымдарын іздей алатынын еске салды. 

Серіктестер жаңалықтары