Тікелей эфир

"Айына 110 мың теңге". Жұмыссыз азаматтар мемлекеттен қалай ақша ала алады?

Былтыр 106 мың азаматқа 16 миллиард теңгеге жуық төлем берілген.

Қазақстанда жыл сайын 100 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алып келеді. Биыл жарты жылдың ішінде 60 мыңнан астам азаматқа 8 миллиард теңгеден астам қаржы берілген. Қордан бөлінетін қаражаттың көлемі әр адамның еңбек өтіліне қарай тағайындалады. Алғашқы алты айда қызметке орналаспаған адам қорға тағы да өтінім бере алады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тоғыз жылға жуық видеоинженер болып қызмет еткен Нұржан Ықыласов мамыр айында жұмыстан шығып қалған. Алайда, жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде бірден тіркелмеген. Тек бір айдан кейін ғана жақынынан қордан ақша алуға болатынын біліп, орталыққа барыпты. Айтуынша, жұмыссыз қалғаны үшін әлеуметтік сақтандыру қорынан айына 110 мың теңге тағайындалған.

"Enbek.kz сайтына кіріп, шот нөміріңді жазасың. Сосын жұмыстан босап қалған кездегі төленетін ақшаны алатынымды айтты. 15 шілде күні бірінші айдың төлемін алдым. Кейін  ресми түрде бір компанияға жұмысқа кірдім", – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұржан Ықыласов.

Жұмысқа ресми түрде орналасқаннан кейін оны растайтын анықтаманы өткізу керек. Ол қордан қосымша ақша аударылмауы үшін қажет.


Оқи отырыңыз: Жастар жұмыссыздығы қай өңірлерде жоғары?


Әлеуметтік сақтандыру қорының мамандарының айтуынша, жұмыссыз қалған азаматқа соңғы 24 айдағы орташа жалақысының 40 пайызы төленеді. Яғни, екі жыл бойы ай сайын 200 мың теңге айлық алып келген азамат жұмыссыз қалса, сақтандыру қорынан 80 мың теңге төленеді. Мұндай төлем алты айға тағайындалады. Азамат осы уақыт аралығында жұмыс таппаса, тағы өтінім бере алады.

"Бұл кезде біз қараймыз. Бәрі заңда көрсетілген. Егер алдында ол кісі осындай төлемді алған болса, әр айы үшін еңбек өтілінен 12 айы ада болады. Екінші рет тағайындаған кезде тағы да соңғы 24 айдың орташа айлығын есептейміз. Бірақ ол кісі соңғы алты айда сақтандыру қорынан төлем алған, айлығы болмады. Сондықтан екінші рет алатын төлемнің мөлшері азырақ болады", – деп түсіндірді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының департамент директоры Гүлбағила Болатбекова. 

Әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз ретінде төлем алу үшін жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Арнайы веб-портал арқылы өтініш беруге де болады.


Оқи отырыңыз: Елдегі жұмыссыздардың әрбір бесіншісі Алматы мен Алматы облысында тұрады


 

Серіктестер жаңалықтары