Тікелей эфир

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама" туралы заң адам құқығын қалай қорғайды?

Жаңа заңға сәйкес, адамдар өзіне қатысты жалған ақпарат таратылса, оны жою туралы талаппен жүгінуге құқылы.

Қазақстанда онлайн-платформалардың жұмыс істеуі, онлайн-жарнама жасау, орналастыру, тарату және сақтау, құқыққа қайшы контентті болғызбау және оның жолын кесудің құқықтық негіздерін айқындау мақсатында "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң қабылданып, күшіне енді. Жаңа заңға сәйкес, онлайн-жарнамада оның жарнама екені көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында құқыққа қайшы контент, балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпарат таратқан аккаунттар қызметін тоқтата тұруға міндетті.

Осы орайда Информбюро порталы заңның негізгі мазмұнын ұсынады.

Негізгі ұғымдар

  • Аккаунт – онлайн-платформадағы пайдаланушының дербес парақшасы.
  • Жалған ақпарат – шындыққа сай келмейтін не қамтылған фактілер едәуір бұрмаланған, адамдар, заттар, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы жалған түсінік қалыптастыратын, кез келген нысанда тіркелген ақпарат.
  • Онлайн-платформа – қаржылық көрсетілетін қызметтер ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған интернет-ресурсты, интернет желісінде жұмыс істейтін бағдарламалық қамтылымды, лездік хабар алмасу сервисін қоспағанда, онлайн-платформаны пайдаланушының өзі ашқан аккаунт, жария қоғамдастық арқылы онлайн-платформадағы контентті алуға, жасауға, орналастыруға, таратуға, сақтауға арналған интернет-ресурс, интернет желісінде жұмыс істейтін бағдарламалық қамтылым, лездік хабар алмасу сервисі.
  • Онлайн-платформаны пайдаланушы – онлайн-платформада өзінің дербес деректерін тіркеген, сәйкестендіруден өткен жеке немесе заңды тұлға.
  • Профайлинг – пайдаланушылардың қалауы мен қызығушылықтарын айқындауға бағытталған алгоритмдер жиынтығы.

№1. Заңның міндеттері мен қағидаттары

Міндеттері:

  • онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің ашықтығын қамтамасыз ету;
  • ҚР ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • құқыққа қайшы контентке жол бермеу;
  • онлайн-платформаларда балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау;
  • ҚР заңдарында белгіленген шекте адамның және азаматтың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету.

Заңның қағидаттары:

  • адамның және азаматтың онлайн-платформаларда ақпаратты ҚР заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау;
  • онлайн-платформаларда сөз және шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету;
  • ҚР азаматтары болып табылатын пайдаланушылар туралы ақпаратты жинау, жинақтау және тарату кезінде заңдылықты қамтамасыз ету;
  • онлайн-платформаларда ҚР азаматтарының мүдделерін мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету;
  • онлайн-платформалардың меншік иелері және оларды пайдаланушылар ҚР заңнамасын бұзған жағдайда олардың құқықтарын шектеу.

№2. Онлайн-платформалардың тілі

Пайдаланушы қазақ тілінде интерфейсті пайдалана алуы керек. Сондай-ақ пайдаланушы келісімін көре алуы қажет. Онлайн-платформаның меншік иесі контенттің қазақ тіліне автоматты түрде аударылуына мүмкіндік жасайды және контентті қазақ тілінде модерациялауды қамтамасыз етеді.

№3. Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнаманы мемлекеттік реттеу

Уәкілетті орган осы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұзушылықтар анықталса оларды жою туралы ұсынымды 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жіберуі керек. Ал олар табыс етілген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс. Бұзушылықтармен келіспеген бақылау субъектісі уәкілетті органға 3 жұмыс күні ішінде қарсылығын жіберуге құқылы.

№4. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асырады және нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың осы саладағы қызметін үйлестіреді. Онлайн-платформаларға мониторинг жасайды. Заң талаптары бұзылса нұсқамалар береді. Меншік иесінен бір тәулікте пайдаланушылар саны туралы ақпаратты сұрата алады. Онлайн-платформада пайдаланушылар санын айқындау функциясы болмаған жағдайда пайдаланушылар санын айқындайды. Сот актілері, ҚР құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың сұрау салуы негізінде пайдаланушылар туралы мәліметтерді сұратады. Осы және өзге де заңдарда, президенттнің және үкіметтің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

№5. Меншік иелері немесе заңды өкілдердің міндеті

Онлайн-платформалардың меншік иелері немесе заңды өкілдері міндетті:
  • құқыққа қайшы контенттің Қазақстан аумағында таралуына қарсы іс-қимыл шараларын қабылдауға;
  • уәкілетті органның сұрау салуын алғаннан кейін 24 сағат ішінде оны қарауға;
  • заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етуге;
  • мемлекеттік органдардың нұсқамалары, ұсынымдары, хабарламалары, шешімдері бойынша "Байланыс туралы" заңның Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі туралы 41-1-бабында белгіленген шараларды қабылдай отырып, оларды қабылдап алуды, қарауды қамтамасыз етуге;
  • адамның және азаматтың өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда ҚР құқық қорғау органдарын дереу хабардар етуге;
  • уәкілетті органға құқыққа қайшы контентке қарсы іс-қимыл шаралары туралы ақпарат беруге;
  • онлайн-платформа жұмыс істеген соңғы алты айда Қазақстан аумағында пайдаланушылардың орташа статистикалық ай сайынғы саны туралы ақпаратты ашық қолжетімді етіп орналастыруға;
  • кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға;
  • сот актілері, ҚР құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының сұрау салуы негізінде уәкілетті орган сұрататын пайдаланушылар туралы мәліметтерді ұсынуға;
  • уәкілетті органның нұсқамасы негізінде Қазақстан аумағында құқыққа қайшы контентті, балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты орналастыратын және тарататын аккаунттар қызметін тоқтата тұруға міндетті.

№6. Онлайн-платформаларда дербес деректер қалай қорғалады?

Онлайн-платформаның меншік иесі немесе заңды өкілі онлайн-платформадағы дербес деректерді қорғау мақсатында пайдаланушыларды тіркелген кезде онлайн-платформаның құпиялылық саясатымен таныстырады. Дербес деректердің тұтастығын, сақталуын және құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді және олардың таралуына жол бермейді. Құпиялылық бұзылса дереу хабардар етеді. "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңда көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

№7. Пайдаланушы шағым бере ала ма?

Пайдаланушы онлайн-платформаның меншік иесіне контентке, интерфейске, басқа пайдаланушыларға, онлайн-платформаның әрекеттеріне шағым беруге құқылы. Пайдаланушының шағым беру тетігі мен қағидаларын онлайн-платформаның меншік иесі айқындайды. Шағым беру тетігі пайдаланушы үшін қолжетімді болуға және шағымның мазмұнын сипаттау мүмкіндігін көздеуге тиіс. Онлайн-платформаның меншік иесі шағыммен жүгінген пайдаланушыға шағым алынған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 20 күн ішінде уәжді жауап беруге міндетті.

№8. Контентті қалай модерациялайды?

Онлайн-платформаның меншік иесі контентті модерациялау жүйелерін, жасанды интеллект алгоритмдерін, онлайн-платформада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, құқыққа қайшы контенттің Қазақстан аумағында орналастырылуына және таралуына қарсы іс-қимылды, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жетілдіру жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

Жүйеде анықталған қауіп-қатерлер және оларды азайту мақсатында қабылданған шаралар, автоматтандырылған модерациялау жүйелері жойған құқыққа қайшы контентті, уәкілетті органның келіп түскен нұсқамаларының, пайдаланушылар шағымдарының санын және олар бойынша қабылданған шешімдерді көрсете отырып, контентті модерациялау туралы ақпаратты қамтитын есепті жыл сайын орналастырады.

№9. Қандай контентті жариялауға болмайды?

Қазақстан аумағындағы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынады: 

  • Қазақстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды;
  • мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді;
  • соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды; суицидті, порнографияны, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді және прекурсорларды, сепаратизм идеяларын, алаяқтықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын ақпаратты үндеу, насихаттау немесе үгіттеу;
  • ҚР мемлекеттілігіне және аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын ақпарат және ҚР заңдарында тыйым салынған өзге де ақпарат.

Құқыққа қайшы контентті орналастыруды және таратуды тоқтата тұру, тоқтату "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Онлайн-платформаның меншік иесі немесе заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

Сондай-ақ, өзіне қатысты жалған ақпарат таратылған тұлға онлайн-платформаның меншік иесіне жалған ақпаратты жою туралы талаппен жүгінуге құқылы. Оны жоюдан бас тартқан жағдайда тұлға сотқа жүгінуге құқылы.

№10. Онлайн-платформаны пайдаланушының құқықтары мен міндеттері қандай?

Пайдаланушылар Қазақстан аумағында құқылы:

  • ҚР заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен контентті алуға, жасауға, орналастыруға, таратуға;
  • онлайн-платформаларда ҚР заңдарына сәйкес еркін пікір білдіруге;
  • өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот тәртібімен қорғауға;
  • аккаунт, жария қоғамдастық ашуға;
  • онлайн-платформаның меншік иесіне немесе оның заңды өкіліне өздерінің ҚР заңдарында көзделген құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы туралы талаппен жүгінуге;
  • онлайн-платформалар ұсынатын өнімдер өз нанымдарына қайшы келсе, олардан бас тартуға;
  • қызықтырмайтын контенттің көрсетілуін шектеуге құқылы.

Пайдаланушылар міндетті:

  • ҚР онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңнамасын сақтауға;
  • орналастырылатын, таратылатын контенттің анықтығын тексеруге;
  • жалған ақпаратты орналастырмауға, таратпауға;
  • құқыққа қайшы контентті орналастырмауға, таратпауға;
  • жалған ақпарат, құқыққа қайшы контент орналастырылған, таратылған жағдайда оларды жоюға;
  • ерікті қайырмалдықтарды жинаған кезде ҚР қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

Инфлюенсердің (блогердің) де құқықтары мен міндеттері дәл осындай. Олар Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметін ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

№11. Қай кезде фото мен видеоны жариялағанда адамның рұқсаты қажет емес?

Келесідей жағдайларда фото не видеода бейнеленген адамның оны жариялауға келісімі қажет емес:

  • адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар, спорттық-бұқаралық іс-шараларда, бейбіт жиналыстарда және өзге де жария іс-шараларда болса немесе оларға қатысса;
  • контентте адамның бейнесі және осы адамның қызметтік жұмысына және (немесе) жария қызметіне байланысты мәліметтер қамтылса, сондай-ақ оны адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті тұлға қолжетімділігі шектелмеген дереккөздерде орналастырса;
  • бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса.

№12. Онлайн-жарнамаға қандай талаптар қойылады?

Онлайн-жарнама сәйкестендірілуі керек және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен таңбалануға тиіс. "Жарнама туралы" заң талаптарына сәйкес орналастырылады және таратылады. 

Пайдаланушыларды көптеп қамту мақсатында жасалатын таргеттелген онлайн-жарнамада мәтіндік немесе графикалық, өзге де белгі болуы керек және оны орналастырған пайдаланушының аккаунты белгіленуі керек. Пайдаланушының нәсілдік немесе ұлттық тиесілігі, саяси көзқарасы туралы деректер, жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін биометриялық немесе дербес деректері, денсаулық жағдайы туралы ақпарат негізіндегі профайлингке тыйым салынған. Таргеттелген онлайн-жарнама кәмелетке толмаған пайдаланушыларға қатысты қолданылмауға тиіс.

Онлайн-жарнама, оның ішінде таргеттелген онлайн-жарнама туралы ақпарат 1 жыл бойы сақталуға тиіс.

Заңнаманы бұзғандар жауапқа тартылады. Осы заңда белгіленген талаптар сақталмаса уәкілетті орган заңға сәйкес олардың Қазақстан аумағындағы қызметін шектеуге құқылы.

Серіктестер жаңалықтары