Қазақстанда мұғалімдер 56 күн еңбек демалысын ала алады. Еңбек демалысының ақысы қалай есептеледі? Сауықтыруға арналған жәрдемақы қалай төленеді? Информбюро порталы педагогтердің еңбек демалысына қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
№1. Ақылы еңбек демалысының қандай түрлері бар?
Ұстаздар қауымына жыл сайын ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі. Олар: негізгі және қосымша.
№2. Қосымша ақылы еңбек демалысы кімдерге беріледі?
Экологиялық жағдайы нашар және радиациялық қаупі бар аймақтарда тұратын педагогтерге қосымша демалыс қарастырылған. Экологиялық жағынан қолайсыз аймақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыс ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейін созылады. Ал радиациялық қаупі бар аймақтарда тұратын мұғалімдер 5 күннен 14 күнге дейін қосымша демалады.
№3. Демалыс уақытымен қатар келген мереке күндері есептеле ме?
Демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.
Оқи отырыңыз: Балаларды жазғы лагерьге қалай тегін жіберуге болады? Ата-анаға арналған нұсқаулық
№4. Сауықтыруға арналған жәрдемақы қалай төленеді?
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасы басшысы Гүлайым Тоқпанованың айтуынша, еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу процесі педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі. Мұнда қосымша ақылар мен үстемеақылар есептелмейді.
№5. Мұғалім өз жұмысымен қатар қосымша жұмыс атқарса, жәрдемақы қалай төленеді?
Педагог өзінің негізгі жұмысынан босатылмай, қосымша жұмыс немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін қатар орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқару болып есептеледі. Мұндайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогке негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. Ал, педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі тиіс.
№6. Еңбек демалысының ақысы қалай есептеледі?
Еңбек демалысының ақысы сіздің әр айдағы табысыңыздың жиынтығын сол айлардағы жұмыс кундерінің жалпы санына бөлгенде бір күндік жалақыңызды шығару арқылы есептеледі. Ол сізге неше күн еңбек демалысы берілгеніне де байланысты.
Қазақстанда мұғалімдердің еңбек демалысы – 56 күн:
- бес күндік мектеп мұғаліміне – 40 жұмыс күнінің,
- алты күндік мектеп мұғаліміне 48 жұмыс күнінің ақысы есептеледі.
№7. Еңбек демалысының ақысы қанша күн ішінде төленуі керек?
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – демалыс басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Заңсыз әрекет жасалса, сенім телефонына хабарласып, мән-жайды баяндап, прокуратураға арыз не өтініш жазып қалдырасыз.
№8. Мұғалім еңбекақысын өз бетінше қалай есептей алады?
Ол үшін педагогтер zp.fvr.kz сілтемесі арқылы өтіп, онлайн калькуляторды қолдана алады. Калькулятор облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің жалақысын есептеуге арналған. zp.fvr.kz сайтында арнайы форманы толтырған соң автоматты түрде нақты жалақы сомасы шығады. Сосын оны pdf форматта сақтап алуға болады.
№9. Онлайн калькулятор жалақыны есептегенде қателеспей ме?
Сайттағы форманы дұрыс толтырсаңыз, калькулятор еңбекақыңыздың нақты сомасын шығарып береді.
Оқи отырыңыз: Баланың смартфонына "Ата-ана бақылауын" қалай қосуға болады? Шағын нұсқаулық
№10. Калькулятор есептеген сома мен алып жүрген жалақы сәйкес келмесе, не істеу керек?
Онлайн калькулятор есебін қағазға шығарып, есепшіге қайта санатып алыңыз. Еңбек кодексіне сәйкес, есепші сізге ай сайынғы еңбекақыңыз бен ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті.
Еңбек қатынастарына қатысты туындаған сұрақпен облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдары мен білім бөлімдері өкілдеріне хабарласуға болады.
№11. Кем ақшаны өндіріп алуға бола ма?
Иә, өндіріп алуыңызға болады. Мектеп әкімшілігіне барып мәселені шешіп көріңіз. Еш нәтиже болмаса, кәсіподақ төрағасына арыз жазасыз. Содан әрі қарай аудандық, қалалық, облыстық кәсіподаққа арыздануға болады.