Қазақстанда кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс орындарын ұйымдастырып, мемлекеттен субсидия ала алады. Ал мемлекет жұмысшылардың жалақысын толық не ішінара төлейді. Елімізде субсидияланатын келесі жұмыс орындары бар:
- Алғашқы жұмыс орны;
- Жастар практикасы;
- Қоғамдық жұмыстар;
- Әлеуметтік жұмыс орындары;
- Ұрпақтар келісімшарты;
- Күміс жас.
Информбюро порталы субсидияланатын жұмыс орындарына тұру үшін қандай талаптар қойылатынын, уақытша жұмыс қанша уақытқа созылатынын және қанша жалақы төленетінін жазады.
Алғашқы жұмыс орны
"Алғашқы жұмыс орны" – алғаш жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Оған жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жастар қатыса алады. Олардан алдын ала кәсіптік даярлық талап етілмейді. Жобаға қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жоба аяқталған соң жұмыс беруші жұмыссыз адамды кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы қажет.
Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. 18 ай аяқталғаннан кейін қалған 12 айда төленетін жалақыны жұмыс беруші белгілейді.
Талаптар:
- 35 жастан аспауға тиіс;
- жұмыс тәжірибесінің болмауы;
- жұмыссыз ретінде тіркелу.
Оқи отырыңыз: Мемлекет қандай жұмыс орындарына субсидия бөледі және оның мөлшері қандай?
Жастар практикасы
Жастар практикасы колледж және ЖОО түлектері үшін алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады.
Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді.
Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса жастар практикасына қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Талаптар:
- 35 жастан аспауға тиіс;
- жұмыссыз ретінде тіркелу;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл болмау;
- меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы;
Қоғамдық жұмыстар
Мансап орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскерлердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрлері. Алдын ала кәсіптік даярлаудан өту талап етілмейді.
Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жұмысқа орналасқан адамның жалақысы 20 АЕК мөлшерінен төмен болмауы керек.
Қоғамдық жұмыстарға 16 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін келесі санаттағы адамдар қатысуға құқылы:
- жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
- өндірістің тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
- оқудан бос уақытта студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары.
Оқи отырыңыз: Еңбек министрлігі: Мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл бойы субсидияланады
Әлеуметтік жұмыс орындары
Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құратын уақытша жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.
Жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Жалақының 35%-ын мемлекет субсидиялайды, бірақ оның сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспауы қажет. Қалған соманы жұмыс беруші төлейді. Ал ҮЕҰ құрған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдар үшін жалақының белгіленген мөлшерінің 70%-ын мемлекет өтейді. Оның да сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспайды.
Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса қатысушының келісімімен тұрақты жұмыс орнына еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа орналаса алады. Жұмысқа тұратын адамның жасы 16 жастан асуы қажет және зейнет жасына толғанға дейін қатыса алады. Сондай-ақ, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
Ұрпақтар келісімшарты
Ұрпақтар келісімшарты жобасы аясында зейнет жасына таяған қызметкерлер жастарға жинаған тәжірибесін және дағдыларын үйретеді. Сол үшін арнайы жұмыс орындары құрылады. Ұрпақтар келісімшартына қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны тұрақты жұмысқа алады немесе ол зейнет жасынаа толған қызметкерді алмастырады.
Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді.
Талаптар:
- 35 жастан аспауға тиіс;
- колледж бен ЖОО бітіргеніне 3 жыл болмауы керек;
- жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Күміс жас бойынша жұмыс орны зейнеткерлік жасқа толмаған 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құрылады.
"Күміс жас" жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Жобаға қатысу ұзақтығы 36 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін, сондай-ақ кемінде 1 жыл мерзімге зейнеткерлік жасқа толмаған адамдар үшін тұрақты жұмыс ұсынады.
Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді. Бұл ретте мемлекет субсидиялайтын сома 30 АЕК мөлшерінен аспайды:
- алғашқы бір жылда – жалақы мөлшерінің 70%-ын;
- бір жылдан екі жылға дейін – жалақы мөлшерінің 65%-ын;
- екі жылдан үш жылға дейін жалақы мөлшерінің 60%-ын субсидиялайды.