Тікелей эфир

"Күміс жас" жобасы: зейнетке шығатын адамдар жұмыспен қалай қамтылады?

Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орындары ашылады.

Қазақстанда зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін "Күміс жас" арнайы жобасы жүзеге асырылады. Жобаны ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін реттейтін, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын бірқатар талаптар көзделетін нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатыр. Informburo.kz бұл қандай жоба, кімдер қатысады, шарттары қандай деген сұрақтарға жауап береді.  

№1. Бағдарлама кімдерге арналған?

"Күміс жас" жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.

№2. Жобаның шарты қандай?

"Күміс жас" жобасына қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді 

"Күміс жас" жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

№3. Қалай өтініш береді?

"Күміс жас" жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет. 

Еnbek электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелу:

  • Enbek.kz-те жеке кабинет ашыңыз;
  • Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінімді толтырыңыз және ЭЦҚ-мен қол қойыңыз;
  • Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. 

Оқи отырыңыз: Қай елде зейнетақы мөлшері жоғары?


№4. Жұмыс берушілерге қандай талап қойылады?

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, "Күміс жас" жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.  

№5. Жұмыс орындарына қойылатын талаптар қандай?

Қосымша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс ашылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда, Ұлттық кәсіптер классификаторына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар мен кәсіптер бойынша құрылмауы шарт.

№. Қазақстанда жұмыссыз жүрген зейнеталды жастағы қанша адам бар?

Ақпандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 450 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына тақаған азаматтарға жұмыс табу қиын екенін көрсетеді. Басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді.

2020 жылы 55-59 жас аралығындағы әйелдер арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,6%, ал ерлер арасында – 5,8%, 60-64 жастағы әйелдер арасында – 3,9%, ерлер арасында 4,1% құраған.

Серіктестер жаңалықтары