Тікелей эфир

Конституциялық сотқа қалай дұрыс өтініш жазу керек? Шағын нұсқаулық

Қате, дұрыс толтырылмаған өтініштер қаралмайды.

4 қаңтар мен 13 ақпан арасында Конституциялық сотқа келіп түскен мыңнан астам өтініштің басым бөлігінде қате бар. Осы орайда, соттың баспасөз қызметі өтініш жазғанда нені ескеру керектігін және өтініштің қандай тәртіпте қаралатынын түсіндірді. 

№1 Өтініште қандай қателер жиі кездеседі?

  1. Өтінішті басқа біреудің ЭЦҚ-сымен жолдауға, заңды өкілдің Конституциялық сотқа өтініш берушінің келісімін растайтын құжатсыз жүгінуіне, сотқа жүгіну құқығына ие субъектілер санатына кірмейтін тұлғалардың өтініш жазуына тыйым салынады. 
  2. Өтініш беруші Конституциялық соттың құзыретіне қатысы жоқ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне не құқық қорғау органдары мен басқа да лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымдана алмайды.
  3. Егер өтініш беруші құқықтық актілер нормаларының Конституцияға сәйкестігін дауласа және бұл ретте олардың жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты екенін көрсететін толық дәлелдер келтірмесе не нақты норманы немесе оның жекелеген ережелерін нақтыламай, тұтас құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы мәселені негізсіз қойса, өтініш иесіне жолданады. 

Азаматтар жоғарыдағы және одан басқа қателіктердің барлығы түзетіліп, өтініш жүгінудің нысаны, мазмұны мен шарттары бойынша талаптарға сәйкес келтірілгеннен кейін Конституциялық сотқа қайта жүгіне алады. 

№2 Конституциялық сот азаматтардың қандай мәселелер бойынша өтінішін қарастырады?

Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша Конституцияда бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтары тікелей қарастырылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің еліміздің Конституциясына сәйкестігін қарастырады (Конституцияның 72-бабының 3-тармағы).


Оқи отырыңыз: Конституциялық сот судьялары тағайындалды


№3 Азаматтардың Конституциялық сотқа жүгінуінің жалпы шарттары

  • нормативтік құқықтық акті Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген азаматтың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты болуы керек;
  • даулы заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акті сотта қаралуы тиіс немесе азаматтың қатысуымен болған нақты істегі құқықтары мен бостандықтарын тікелей қарастыруы тиіс;
  • іс бойынша заңды күшіне енген сот актісі (шешімі) шығарылуы тиіс;
  • Өтініш Конституциялық сотқа сот актісі (шешімі) қабылданғаннан кейін бір жылдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуі тиіс. 

№4 Өтінішті қайда жібереді?

Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі, электрондық үкіметтің веб-порталы және e-Otinish арқылы Конституциялық соттың атына келіп түсетін өтініштерді қабылдауды Конституциялық соттың аппаратты қамтамасыз етеді. 

Конституциялық сотқа қағаз түріндегі өтініштер көрсетілген мекенжай бойынша қабылданады: Астана қ., Мәңгілік Ел даңғылы, 13 хат-хабарларды қабылдау пунктінде 

8 (7172) 57-63 98, 57-63-40


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай жаңғырды


№5 Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі

  • Өтініш "Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы" Конституциялық заңның 44-бабының талаптарына сәйкес рәсімделуі тиіс;
  • Өтініштер жазбаша және (немесе) электрондық нысанда қазақ немесе орыс тілдерінде беріледі;
  • Егер өтінішті оның атынан уәкілетті адамдар берсе, азаматтың жазбаша келісімі (нотариалдық куәландырылған сенімхат) қажет;

Азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңды өкілдер, адвокаттар, заң кеңесшілері палатасының мүшелері болатын заң консультанттары, сондай-ақ заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдардың мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті тұлғалары өкілдері бола алады. 

№6 Конституциялық сотта өтініштерді қарау сатылары

  1. Ең алдымен, Конституциялық соттың аппараты өтініштерді тіркеуді, оларды нысаны мен мазмұны қойылатын талаптардың сақталуына тексеруді жүзеге асырады;
  2. Конституциялық соттың судьялары өтінішті алдын ала зерделейді;
  3. Конституциялық соттың отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындалады;
  4. Конституциялық Соттың өтінішті қарау жөніндегі отырысы өтеді (тыңдаулар өткізу немесе өткізбеу арқылы);
  5. Конституциялық сот қорытынды шешім қабылдайды және оны жариялайды. 

Оқи отырыңыз: Конституциялық сотқа қаңтарда Астана мен Алматы тұрғындары көбірек жүгінген


№7 Конституциялық соттың азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі

Өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап 3 ай ішінде қаралады

Өтініштің күрделілігін және барлық мән-жайды барынша толық зерттеу қажеттілігін ескере отырып, оны қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін. 

№8 Азаматтың өтініші бойынша конституциялық соттың қорытынды шешімі

 Конституциялық соттың мынадай мазмұндағы нормативтік қаулысы қабылданады:

  • Заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану туралы;
  • Заңды немесе өзге де құқықтың актіні не олардың жекелеген ережелерін Конституциялық сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану туралы;
  • Заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тану туралы.

Оқи отырыңыз: "Демократиялық институт": Конституциялық сотты не үшін қайтару қажет?


 

Серіктестер жаңалықтары