Тікелей эфир

Кәсіп бастауға 1,4 млн теңге қайтарымсыз грантты қалай алуға болады? Түсіндіреміз

Мемлекеттік грантқа тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады.

11 қыркүйекте business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға өтінім қабылдау басталады. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 1 млн 380 мың теңгеге тең. Информбюро қайтарымсыз гранттарды қалай алуға болатынын түсіндіреді.

№1. Қанша грант беріледі?

Жыл басынан бері екі лек өтіп, 5274 грант берілді. Үшінші лек аясында республика бойынша 3780 грант беру жоспарланып отыр. Грант алуға 11 қыркүйектен 22 қыркүйекке дейін өтінім беруге болады.

Ең көп грант берілетін өңірлер:

  • Қызылорда облысы – 805;
  • Түркістан облысы – 761;
  • Жамбыл облысы – 529.

№2. Грантқа кімдер өтінім бере ала алады?

Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа үміткер бола алады:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).

Бұл жағдайда өтініш беруші келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:

  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • көпбалалы отбасы мүшелері (күйеуі, әйелі);
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қандастар;
  • қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар.

Үміткерде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек. 

№3. "Бастау Бизнес" сертификатын қалай алуға болады?

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқу үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет. ЭЦҚ сұралады. Сәйкестік расталғаннан кейін skills.enbek.kz платформасында "Бастау Бизнес" жобасы бойынша тегін оқу курсына жазыла аласыз. Оқыту 12 модульден, олардың әрқайсысы бірнеше сабақтан тұрады. Оның бәрін қатысушы 14 күн ішінде меңгеруі қажет. Әрбір модуль аяқталғаннан кейін аралық тестілеу өткізіледі. Сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап бергенде ғана келесі модуль ашылады. Тестіні бірнеше рет тапсыруға болады. Курсты аяқтаған соң да қорытынды тестілеу өткізіледі, бірақ оны екі рет қана тапсыра аласыз. Мұнда да кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беру керек. Оқуды аяқтамағандар бір жылда екі рет қана оқи алады. 

Қорытынды тестілеуді сәтті тапсырғаннан кейін оқуды аяқтағаны туралы сертификаты беріледі. Сертификат болған жағдайда мемлекеттік грант алуға үміткер бола аласыз. Сертификат үш жылға жарайды. Мерзімі біткеннен кейін кәсіпкерлік негіздерін қайтадан оқуға болады.

№4. Қанша рет грант алуға болады?

Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК (1 380 000 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

№5. Гранттар не үшін беріледі?

Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

№6. Қалай өтініш беруге болады?

Өтініш беру үшін:

  • порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу;
  • өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.

Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5%-дық кредит. Кімдер, қашан және қалай алады?


№7. Порталға қалай тіркеледі?

Порталға электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады. Enbek.kz порталында бұрын тіркелген аккаунтыңыз болса, онда қайта тіркелудің қажеті жоқ. Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек. Одан кейінгі қызметтерді алу үшін ЭЦҚ қажет, ЭЦҚ болмаса оны eGov порталынан қашықтан алуға болады.

№8. Бизнес-жоспар қалай жасалады?

Бизнес-жоспар – бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны бизнес-жобаңыз туралы деректермен толтырып, грантқа онлайн өтініш берген кезде пайдалану қажет.

Жеке кабинетте бизнес-жоспарды жүктеп, грант алуға онлайн өтінім бергеннен кейін тіркелген телефон нөміріне комиссия отырысының уақыты, өтетін орны жазылған SMS-хабарлама келеді. Отырысқа келмеген үміткердің өтініші қаралмайды.

№9. Интернетке кіру мүмкін болмаса не істеу керек?

Интернетке кіру немесе компьютер пайдалану мүмкін болмаса, жұмыспен қамту орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтініш беруге болады.

№10 Грантты қандай мақсаттарға алуға болады?

Грантты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу және үй-жайларды жалға алу мақсатында алуға болады.

Бұл ретте жұбайынан, жақын туыстарынан сатып ала алмайды, жалға ала алмайды.

№11. Грант ақшасын қандай мақсаттарға жұмсауға болмайды?

Гранттар:

  • тұтынушылық мақсаттарға;
  • кредиттік қарыздарды өтеуге;
  • жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға;
  • жер учаскелерін сатып алуға;
  • акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

№12. Грант жеңімпаздарын кім және қалай таңдайды?

Гранттарды грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссиялардың шешімдері негізінде жұмыспен қамту орталықтары береді.

Үміткерлер комиссия отырыстарында бизнес-жобаларын таныстырады. Комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Олар келесі талаптар бойынша бағалау парағын толтырады:

  • бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
  • өткізу нарықтарының пысықталуы;
  • бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
  • кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі;
  • жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, комиссия грант беру туралы шешімді нақты талаптарға сүйеніп қабылдайды. Комиссия шешімі өтініш берушінің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.

№13. Грант қаржысын қалай алады?

Мемлекеттік грант беру мақұлданған жағдайда, грант иегері 3 жұмыс күні ішінде жеке кабинетінде 20 таңбалы жеке сәйкестендіру кодын (IBAN) ұсынуы қажет.

Банк деректемелерін көрсетілген мерзімде ұсынбаса, комиссияның мақұлдауына қарамастан грант беруден бас тартылады. Олай болса келесі лектерде грантқа қайта өтініш бере алады.

IBAN ұсынғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы электронды шартты дайындап, қол қояды. Үміткерге шартты қол қоюға жібереді. 3 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетке келіп түскен мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қою қажет.

Шартқа көрсетілген мерзімде қол қоймаса, үміткер автоматты түрде грант ала алмайды. Сондай-ақ алдағы уақытта ағымдағы қаржы жылында грант алуға үміткер бола алмайды.

Шартқа қол қойылғаннан кейін грант қаражаты 5 жұмыс күні ішінде банк шотына түседі. Осы мерзімде шотқа ақша түспесе, тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет. Олардың мекенжайы мен байланыс телефондарын мына сілтемеден таба аласыз.

№14. Қаражатты мақсатты пайдалану туралы есеп беру қажет пе?

Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен жұмыспен қамту орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шартқа сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет.

Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде "Есепті тапсыру" функционалы арқылы тапсыруға болады. Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесіне тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі қажет.

Есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе немесе есепте жалған мәліметтердің бары анықталса, Жұмыспен қамту орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы.

№15. Қандай жағдайда грант қаржысын қайтару қажет?

Грант қаржысы мақсатты пайдаланылмаса немесе расталмаса, шарт жасалған күннен бастап үш ай ішінде портал арқылы ерікті түрде ақшаны толық қайтаруға өтінім береді.

Келесі жағдайда растау талап етілмейді:

  • әскерге шақырылса;
  • жұмыссыз адамды бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталса;
  • заңды күшіне енген сот шешімі бойынша мәжбүрлеп емдеуге жіберілсе;
  • грант алушы қайтыс болса.
Серіктестер жаңалықтары