Тікелей эфир

Еуропаның 27 еліне саяхат: Шенген визасын қалай алуға болады?

2023 жылдан бастап Шенген аймағына Хорватия қосылды.

Еуропаға саяхаттағанда бір елден екінші елге емін-еркін өтуге болады. Қолыңызда Шенген визасы болса жеткілікті. Бұл виза Шенген аймағындағы кез келген елге жарайды. Оны рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар. Не үшін бара жатқаныңызды, өз еліңізге қайта алатыныңызды, жүріп-тұруға ақшаңыз бар екенін дәлелдеуіңіз керек. Қандай құжаттар қажет? Қанша уақытқа беріледі? Виза бермей қоюы мүмкін бе? Informburo порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап бере отырып, қысқа мерзімді шенген визасын қалай алуға болатынын түсіндіреді.

№1. Шенген аймағына қандай елдер кіреді?

Шенген аймағына Еуропаның 27 мемлекеті кіреді: Аустрия, Бельгия, Мажарстан, Грекия, Дания, Германия, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Люксембург, Лихтенштейн, Нидерланд, Норвегия, Мальта, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швеция, Швейцария және Эстония. Шенген визаңыз болса, осы елдердің арасында емін-еркін саяхаттай аласыз.

Шенген аймағына Болгария, Ирландия, Кипр, Румыния және Ұлыбритания кірмейді.

№2. Шенген визасын қанша уақытқа алуға болады?

Виза 180 күн ішінде 90 күнге дейін Шенген аймағында болуға рұқсат береді. Ол бір реттік, екі реттік немесе көп реттік кіруге берілуі мүмкін. Бір реттік визада сапарыңыздың нақты күндері жазылады, яғни сол уақыт аралығында ғана сапарлай аласыз. Қолыңызда "екі реттік" виза болса сіз 180 күн ішінде Шенген аймағына екі рет бара аласыз. Екі сапарыңызды қосқанда Еуропада болған күндеріңіз 90 күннен аспауы керек. 

Көп реттік кіруді мультивиза деп атап жатады, себебі визаға MULT деген штамп қойылады. Мультивизаңыз болса да жарты жыл ішінде үш айдан артық бола алмайсыз. Оны бес жылға дейін алуға болады. Мультивизаның артықшылығы – Еуропаға бару үшін қайта-қайта визаға құжат тапсырып жүрмейсіз.

№3. Виза алуға өтінішті қашан тапсыру керек?

Шенген визасын алуға құжаттарды жоспарлаған сапарыңызға алты ай қалғанда тапсыра аласыз. Кем дегенде сапарыңызға 15 тәулік қалғанда тапсырып үлгеруіңіз керек. 

Құжаттарды қабылдаған елдің өкілдері Шенген визасын беру туралы шешімді 15 күннен 45 күнге дейінгі аралықта шығарады.

№4. Визаға қайда өтініш беру керек?

Шенген визасын алуға өтінішті сапарлайтын еліңіздің елшілігіне немесе консулдығына, ресми виза орталыққа барып тапсыра аласыз. Мысалы, Алматыда VFS Global виза орталығы Мажарстан, Чехия, Австрия, Хорватия, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Грекия, Исландия, Норвегия және Швейцарияға шенген визасын алуға құжаттар қабылдайды. Кей елдерге визаға өтінішті өзге елдің Бас консулдығы қабылдайды.

Мысалы, Алматыдағы Венгрияның бас консулдығында Латвия, Люксембург, Нидерланды, Словения секілді елдерге шенген визасын алуға өтініш бере аласыз. Германияға баруды жоспарласаңыз құжаттарыңызды Алматы мен Астанадағы VisaMetric қабылдау орталығына тапсырасыз. Елшіліктер тек ресми виза орталықтарына жүгінуге кеңес береді.

№5. Виза алуға қандай құжаттар қажет?

  • Сауалнама. Мысалы, Мажарстанға мынадай. Анкетаны баспа әрпімен ағылшын тілінде толтырып, қолыңызды қойыңыз.
  • Фотосурет (3,5 х 4,5 см). Түсірілген уақыты алты айдан аспауы керек.
  • Шетелге шығу төлқұжаты. Визаны рәсімдеу кезінде төлқұжат сұралған виза мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде әрі қарай 3 айға жарамды және кем дегенде екі бос беті болуы керек.
  • Cоңғы үш жылда берілген Шенген визалардың көшірмелері (бар болса).
  • Жұмыс орнынан анықтама. Анықтамада оның лауазымы, жұмыс өтілі, жалақысы көрсетіледі.
  • Медициналық сақтандыру полисі (көшірмесімен). Ең төменгі сақтандыру сомасы – 30 мың евро
  • Қонақ үй броны мен әуе билеті.
  • Банктен үзінді көшірме. 
  • Виза алымы.

№6. Виза алымының сомасы қанша?

Визаға өтініш бергенде міндетті алымды төлеуіңіз керек:

  • Қазақстан азаматтары үшін алым – 80 евро;
  • 6 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін – 40 евро;
  • 6 жасқа дейінгі балалар алымнан босатылады.

Төлем тек елшіліктің немесе бас консулдықтың, виза орталығының ағымдағы бағамы бойынша теңгемен қолма-қол қабылданады. Алым өтінішті қарастырғаны үшін алынады. Виза берілмесе төленген ақша қайтарылмайды.

Құжаттарды виза орталығына тапсырсаңыз қосымша қызмет ақысын төлеуіңіз керек.

№7. Визаны қай елге тапсырған дұрыс?

Қай елге бірінші барасыз, сол елге Шенген визасын алуға өтініш беріңіз. Сондай-ақ, ұзақ уақыт болуды жоспарлап отырған Шенген келісіміне кіретін елдің өкілдігіне тапсыра аласыз. Сауалнамада қай елге бірінші баратыныңыз, сапарлайтын негізгі ел сұралады. Сапарыңыздың басты мақсаты болған елге виза алып, бірақ Шенген аймағанына басқа ел арқылы кірсеңіз онда негізгі елге баратыныңызға дәлел болатын құжаттарыңызды сұраған кезде көрсете алуыңыз қажет. Сондықтан визаға тапсырғанда мұқият болыңыз. 

№8. Визаны қалай рәсімдейді?

Визаға өтініш беру аса қиын шаруа емес. Десе де құжаттарды толтырғанда мұқият болу керек.

  • Елшілікке, бас консулдыққа не виза орталығына өтініш беруге жазылу. Ертерек қамданбасаңыз бос уақыт болмай қалуы мүмкін;
  • Сауалнаманы толтырып, құжаттарды әзірлеу;
  • Елшілікке, бас консулдыққа не виза орталығына келіп құжаттарды өткізіп, виза алымын төлеп, жоспарланған сапарыңызға қатысты сұрақтарға жауап беру;
  • Саусақ іздерін тапсыру (егер соңғы 59 айда саусақ іздерін тапсырсаңыз онда өтінішіңізді сенімхат арқылы басқа адам өткізсе болады).

Өтінішіңіз туралы шешім қабылданса сізге төлқұжатыңызды алып кету жөнінде хабарлайды. Төлқұжатыңызды алған соң визадағы ақпаратты мұқият тексеріңіз: фотосуретіңізді, аты-жөніңіздің дұрыс жазылғанын, Шенген аймағына кіру мерзімін, қанша рет кіруге рұқсат берілгенін және күндердің санын тексеріңіз. Қате болса өтініш берген жерге дереу хабарлаңыз.

№9. Визаны қандай жағдайда бермей қоюы мүмкін?

Өтініштерді қарастырғанда Виза кодексіне сәйкес виза ашуға қойылатын талаптардың орындалғанын тексереді. Талаптардың кем дегенде біреуі орындалмаса, бұл виза бермеуге себеп болады. Виза бермеу себебі төлқұжат алған кезде хатта көрсетіледі. Виза алымы қайтарылмайды, өйткені ол өтінішті қарастырғаны үшін алынады.

Көбінесе өз елімен байланысы аз адамдарға виза беруден бас тартады. Елге міндетті түрде қайтатыныңызға дәлел болуы керек. Жұмыссыздарға, ешқайда оқымайтындарға, бойдақтарға, банк шотында ақшасы жоқтарға виза бермей қоюы мүмкін. Сондай-ақ, виза бермеуге құжаттардың дұрыс болмауы, бұрын қысқамерзімді визамен шенген аймағында жарты жыл ішінде үш айдан көп уақыт жүрген болсаңыз, табысыңыз расталмаса, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деген күдікке ілінсеңіз де виза бермей қоюы мүмкін.

Виза беруден бас тартса шағымдануға хақыңыз бар. Шағым 60 күн ішінде қаралады.

Серіктестер жаңалықтары