Алматы мен Астанада мектептерде 1650-ден астам зейнеткер педагог жұмыс істеп жүр. Бұл туралы екі қаланың білім басқармасы Informburo.kz сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Алматының мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында зейнет жасындағы 1241 ұстаз еңбек етеді. Олар математика, физика, химия, биология, география, тарих, информатика, қазақ және орыс тілі мен әдебиеті, шет тілдері және басқа да пәндерден сабақ береді. Сонымен қатар педагог-психолог, педагог-ассистент, арнайы педагог және әкімшілік-педагогикалық бағыттағы мамандар да бар.
Астана мектептерінде 409 зейнет жасындағы мұғалім жұмыс істейді. Қалада барлығы 31 544 педагог еңбек етсе, оның 21 700-і – мемлекеттік білім беру ұйымдарында.
Елордада зейнет жасындағы 279 педагогтың еңбек шарты ұзартылған. Олар орыс тілі, математика, физика, бастауыш сынып, көркем еңбек және басқа да пәндерден сабақ береді.
Алматыдағы мектептерде жұмыс істеп жүрген ең қарт педагог 73 жаста. Ол мемлекеттік білім беру ұйымында еңбек етеді.
Білім басқармаларының мәліметінше, тәжірибелі педагогтердің еңбек етуі білім беру ұйымдарындағы кадр қажеттілігіне байланысты жалғасып отыр.
Нутрициолог оқушының тамақ ішуіне мектепте бір сағат беруді сұрады
Мектептегі оқуды 18 жасқа дейін созу дұрыс па? Сингапур мен АҚШ тәжірибесі Қазақстанға не береді