Танымал әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісованың Семей қаласына сапары кезінде FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлері әншінің домбырасын ұшақ салонына алып кіруіне тыйым салған. Сол себепті әнші домбырасы үшін қосымша тағы бір билет алуға мәжбүр болған. FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі барлық жолаушыға бірдей қарайтынын және тасымалдау ережелері бәріне бірдей екенін айтты.
Әр компанияның жолаушыларды және багажды әуеде тасымалдау ережелері бар. Компания қызметкерлері жолаушыларға сол ережеге сай қызмет көрсетеді. Осы орайда Информбюро порталы Қазақстан ішінде ұшақ арқылы музыкалық аспаптарды қалай тасымалдауға болатынын түсіндіреді.
Air Astana
Air Astana компаниясымен ұшатын жолаушы өзімен виолончель немесе контрабас сияқты музыкалық аспапты немесе басқа сынғыш заттарды алып жүру үшін қосымша жолаушы орнын сатып алуы керек. Аспаптың салмағы 75 келіден, ал өлшемдері 120x50x30 сантиметрден аспауға тиіс.
Гитара, саксофон сияқты шағын музыкалық аспаптарды және басқа да ұқсас музыкалық аспаптарды қол жүгі ретінде алып жүруге болады.
Музыкалық аспаптың салмағы жолжүкті тегін тасымалдау нормасынан (эконом-класс үшін 23 келі және бизнес-класс үшін 32 келі) асып кетсе, онда қосымша жолжүк тасымалдау тарифі қолданылады.
FlyArystan
FlyArystan әуе компаниясымен ұшатын жолаушы музыкалық аспапты қол жүгі ретінде (егер рұқсат етілген өлшемдерге сәйкес келсе) алып жүре алады немесе алдын ала сатып алынған жеке орынға орналастырады.
Бес келіге дейінгі аспапты тегін тасымалдауға болады және оның көлемі 56x23x36 сантиметрден аспауы керек. Ақылы түрде 10 келіге дейін арттыруға болады, бірақ өлшемдері мен саны өзгеріссіз қалады, яғни, бір дана қолжүгінің өлшемі 56x23x36 сантиметрден аспауға тиіс. Кез келген қолжүгі, оның ішінде музыкалық аспапты қоса алғанда, барлық бөліктерімен (қаптамасы, қапшығы және т.б.) стандартизаторға сәйкес келуі керек.
Әуе компаниясы музыкалық аспапты қауіпсіз жеткізу мақсатында қосымша орын сатып алуға кеңес береді. Аспаптың өлшемі қолжүгінің өлшемдерінен асып кетсе, жолаушыға жақын орынды сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Қызмет құны ағымдағы қолжетімді тариф бойынша қосымша орын құнына сәйкес анықталады.
Бұл қызмет рәсімделмесе, музыкалық аспапты жолжүк бөліміне тапсыру қажет. Алайда FlyArystan аспаптың қауіпсіздігіне жауапкершілік алмайды. Не болмаса әуежайдың сақтау камерасында қалдыру керек.
Оқи отырыңыз: Мақпал Жүнісова домбыра тасымалына қатысты тағы да FlyArystan үстінен шағым айтты. Компания жауабы қандай
Qazaq Air
Qazaq Air әуе компаниясы арқылы алдын ала келісілген кезде музыкалық аспапты қол жүгі ретінде де, багажда да алып жүруге болады. Қызметті алдын ала брондау кезінде қол жүгінің бір орны ретінде қаптамасымен бірге салмағы 10 келіге дейін және көлемі 120х50х30 сантиметрге дейін музыкалық аспапты алып жүруге рұқсат етіледі. Ал одан асатын муызкалық аспапты салонда тасымалдау кезінде қосымша орын сатып алу қажет. Бұл ереже 75 келіге дейінгі және көлемі 120х50х30 сантиметрден аспайтын музыкалық аспаптар тасдыымалдау кезінде қолданылады.
Ал одан да үлкен аспаптарды тасымалдау кезінде аспаптың сақталуын қамтамасыз ететін орамда әуе кемесінің багаж бөлігінде тіркелетін тегін және нормадан тыс багажды тасымалдаудың жалпы қағидалары бойынша тасымалданады.
SCAT
Scat әуе компаниясы арқылы музыкалық аспаптар мен сынғыш заттарды тасымалдау үшін жолаушыға салонда қосымша орын брондау қажет.
Музыкалық аспаптарды тасымалдау үшін әуе компаниямен алдын ала келісу қажет.
Қол жүгінің бір орны ретінде, оның салмағы мен саны бойынша белгіленген шектеулерге сәйкес, жолаушының қалауы бойынша үш өлшем сомасы 120 см аспайтын габариттері бар бір музыкалық аcпап тасымалдануы мүмкін.
Әуе кемесінің салонында көлемі қол жүгі ретінде тасымалдау үшін белгіленген мөлшерден асатын, бірақ 30х40х90см аспайтын музыкалық
аспаптарды қосымша отыратын орын алып тасымалдауға болады.
Көлемі одан да үлкен музыкалық аспаптарды қаптамасымен багажға өткізу қажет.