Танымал әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова Instagram желісі арқылы тағы да FlyArystan әуе компаниясына өкпе-назын жеткізді. Оның айтуынша, Семей қаласына сапары кезінде компания қызметкерлері әншінің домбырасын ұшақ салонына алып кіруіне тыйым салған. Сол себепті домбырасы үшін қосымша тағы бір билет алуға мәжбүр болған Мақпал Жүнісова домбыраны қорлауға жол бермеуді сұрады.
"Ана жолы Тоқтар Серіктің домбырасын сындырған. Сол кезде де ешкім жауап берген жоқ. 59 мыңға қасымнан орын алып, бортқа домбырамды кіргіздім. Абай жеріне келіп алып, ұлттық аспапты қорлауға тап болдық", – деп жазды халық әртісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты өз Telegram арнасына жауап беріп, ұшақ арқылы домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды тасымалдау ережесін еске салды.
"Біз өнер өкілдерін құрметтейміз және халқымыз үшін киелі домбыраның құндылығын жоғары бағалаймыз. Дегенмен, FlyArystan әуекомпаниясы үшін қауіпсіздік – басты құндылық. Оның негізгі кепілдігі барлық жолаушыларға бірдей қарау және бірыңғай ережелер мен стандарттарды қолдану болып табылады. Аталған ережелер әр рейсте (шамамен 200 адам) барлық жолаушылар үшін қауіпсіз және жайлы ұшу жағдайын қамтамасыз етеді. Әуекомпанияның өкілдері музыкалық аспапқа жақын орын брондап, оны сатып алуды ұсынды. Өнер иесінің (Мақпал Жүнісова – ред.) қызметті тегін рәсімдеуді талап етуіне қарамастан, нәтижесінде жолаушы билет ақысын төледі", – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз:
- Аида Балаева әнші Бибігүл Төлегенованың Air Astana ұшағына отыруы кезінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді
- Әуе кемелерінде жүк тасымалдау ережелері бойынша нұсқаулық: саяхатқа шықпас бұрын нені білу керек?
Сондай-ақ, FlyArystan баспасөз қызметі компанияның бұл мәселені шешудің әртүрлі нұсқаларын қарастырып жатқанын хабарлады.
"Домбыраны өзімен бірге алып жүру – домбыра ұстаған жолаушылардың негізгі талабы. Бұл лоукостер ұшағында қосымша орын сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болады", ", – делінген жауапта.
Еске салайық, Мақпал Жүнісова биылғы наурызда сахналық киімі мен домбырасына байланысты әуе кемесіне мінгізуге қарсы болған FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлеріне шағымданған болатын.