Тікелей эфир

Ата-аналар да баласынан алимент сұрауға құқылы. 2024 жылы алимент туралы не білу керек

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Патронаттық тәрбиедегі және асырап алынған балалар да алиментке құқылы.

Алимент дегеніміз – "Неке және отбасы кодексіне" сәйкес, бір адамның басқа оны алуға құқығы бар адамға беруі міндетті ақшалай төлем. Ол көбінесе балаларды асырау үшін беріледі. Алайда кей жағдайда өзін асырай алмайтын ерлі-зайыптының біреуіне немесе ата-анаға төленуі мүмкін. 

Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Кодекстің 6-бабына сәйкес, балаға алимент ретінде тиісті сома баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне түседі және қаражат баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады.

Informburo 2024 жылғы алимент мөлшері және оны рәсімдеу жолдарын түсіндіреді. 

№1. Кәмелетке толмаған балаларға алимент төлене ме?

Ата-ана кәмелетке толмаған баласын асырауға міндетті. Осы асыраудың тәртібі мен нысанын ата-ананың өзі анықтайды.

Кәмелетке толмаған балалар туралы кодекстің 20-бөліміне сәйкес, ата-аналар алимент төлеу туралы келісім жасауға құқылы. Некені бұзғанда сотта келесі келісім қаралады:

  • кәмелетке толмаған балалардың кіммен тұратыны;
  • балаларды немесе еңбекке жарамсыз зайыбын асырауға алименттерді төлеу тәртібі;
  • балаларды асырауға төленетін алименттердің мөлшерлері;
  • мүлікті бөлу мәселесі.

Егер осындай келісім ерлі-зайыптылар арасында болмаса немесе ол балалардың, ерлі-зайыптылардың бірінің мүдделеріне қайшы келсе, онда осы мәселелер бойынша шешімді сот шығарады. Ата-ана құқығынан айырылған ата-аналар да алимент төлеуге міндетті.

Алимент төлеудің екі тәсілі бар – ерікті және мәжбүрлі. 

Ата-аналар балалардың қажеттілігіне қарай қосымша қаржы төлеп отыруы мүмкін. Мысалы, баланың ауыр ауруға шалдығуы, кәмелетке толмаған балалардың мертігуі, ерекше күтімді қажет етуі немесе кәмелетке толса да, еңбекке жарамсыз болуы. 

№2. Қандай жағдайда ерлі-зайыптының біріне алимент төленеді?

Кодекстің 147-бабына сәйкес ерлі-зайыптылар бір-бірін қаржылай қолдауға міндетті. Баланы асырауға қаржыдан басқа ері немесе зайыбын немесе бұрынғы ері немесе зайыбын асырауға қаржы талап етілетін бірқатар жағдай бар. Егер келісушілік немесе келісім болмаса, онда алименттерді төлетуге сотқа талап-арыз бере алады:

  • еңбекке жарамсыз мұқтаж ерлі-зайыптының бірі;
  • жүктілік кезінде зайыбына және ортақ бала туғаннан бастап 3 жыл ішінде;
  • 18 жасқа толғанға дейін ортақ мүгедек-баланың күтімін жүзеге асыратын мұқтаж зайыбы, сондай-ақ ортақ балаға 18 жасқа толуы бойынша І-ІІ топты мүгедектік анықталған жағдайда.

Алименттер мөлшерін және төлеу тәртібін сот анықтайды. Көптеген жағдайда сот бұрынғы зайыбына алименттерді төлеуден бас тартуы мүмкін. Мысалы, спирт ішімдіктерін, есірткі заттарын, психотроптық заттарды шамадан тыс қолданып немесе біреуге қасақана қылмыс жасаса, алимент төленбейді. 


Оқи отырыңыз: 1,5 миллион теңгелік бизнес грантқа өтініш 20 мамырдан бастап қабылданады


№3. Кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға алимент төлене ме?

Кодекстің 143-бабына сәйкес еңбекке жарамды ата-аналар көмекке мұқтаж өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамсыз балаларын асырауға міндетті. Бұл жағдайда келісім болмағанда алименттер мөлшерін сот отбасының материалдық жағдайына байланысты анықтайды. Егер ата-аналарының арасында келісу немесе келісім болмаса, онда төлем тәртібі мен мөлшерлерін сот анықтайды. Мұнда екі ата-анасының да материалдық жағдайы және өзге шарттары ескеріледі.

Алименттер нақты шығындарға, сондай-ақ алдағы, болашақта талап етілуі мүмкін шығындарға да талап етілуі мүмкін.

№4. Кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған алименттер

Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз мұқтаж өз ата-аналарын асырауға және оларға қамқор болуға міндетті. Егер балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарын келісім бойынша ерікті асырай алмаса, онда ата-аналар сотқа алименттерді талап етуге өтініш бере алады. Мұнда бір, сондай-ақ барлық балаға беруге болады. Алайда өз міндеттемелерін орындамаған ата-аналар соттың оң шешімін алуы екіталай, ата-ана құқығынан айырылған ата-аналар осындай алименттерге мүлдем үміткер бола алмайды.

Жоғарыда айтылған жағдайлардан басқа немерелері мен апалар/аталарының, тәрбиленушілер мен тәрбиелеушілердің және басқа отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелері бар.

№5. Алимент мөлшері қандай?

Егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім құрастырылса, онда іс жүзінде төлем келісуге сай келуі керек. Егер алименттерді төлеу туралы келісім болмаса, онда кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді. 

Алименттер ай сайын мынадай мөлшерде төленуі тиіс:

  • бір балаға – ата-анасының еңбекақысынан және/немесе өзге табысының (1/4) төрттен бірі;
  • екі балаға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының үштен бірі (1/3);
  • үш және одан да көп балаға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының жартысы (1/2);
  • кейбір жағдайларда осы үлестер мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және басқа балалар және өзге де назар аударатын жағдайларды ескерумен азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін.

"Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңның 95-бабына сәйкес алиментті төлеушінің жалақысынан ұстап қалуға болады. Заңға сәйкес борышкерде жалақысының немесе өзге де табысының 50% кем емесі мөлшері сақталуы тиіс.

№6. Жалақының қандай түрлерінен алимент ұсталады?

"Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және өзге де кiрiс түрлерiнiң бекітілген тізбесі бар. Онда кәмелетке толмаған балаларды асырауға алименттерді ұстау жалақының барлық түрінен (ақшалай сыйақы, асырау) және ата-анасы алатын өзге де табыс түрлерінен жүргізілетіні көрсетілген. Мұнда қай валютада болатыны маңызды емес – ұлттық немесе шетелдік. Осылайша, алименттер мыналардан ұсталады:

  • қызметкерлерге нақты жұмыс істеген уақыты үшін немесе орындаған жұмысы үшін еңбекақы төлеу жүйесінде көрсетілген лауазымдық айлықақыларға байланысты есептелген жалақыдан;
  • еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрлерінен, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры шегінде үнемделген қаражат немесе тиісті мекемені қамтуға көзделген қаражат есебінен алынатын үстеме ақылардан;
  • еңбек ақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылардан;
  • "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңның 98-бабының 7-тармағымен көзделген;
  • демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ бірнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетін ақшалай өтемақыдан;
  • комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);
  • азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бір жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған көрсетілген қызметтер үшін алынған кірістерден;
  • авторлық сыйақы төлемдерінен;
  • зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңның 98-бабымен көзделген жәрдемақыларды қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтік көмек сомаларынан;
  • білім беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін стипендиялардан;
  • заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерден;
  • мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;
  • бағалы қағаздар бойынша түскен кірістерден және заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;
  • "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңның 13-бабының 1) тармақшасымен және "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңның 13-бабының 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген кірістерден жүргізіледі.

Мұнда әскери қызметкерлерден, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарының қызметкерлерінен алименттерді төлету қызметтік міндеттерді орындаумен байланысты олар алатын келесі төлем түрлерінен жүргізіледі:

  • лауазымдық жалақыдан, әскери, арнайы атақ бойынша берілетін жалақыдан, арнайы атақ немесе сыныптық шен үшін қосымша еңбекақыдан және заңнамада белгіленген қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстеме ақыдан;
  • "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңның 13-бабының 1) тармақшасымен және "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңының 13-бабы 1-тармағының тармақшасымен көзделген;
  • еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты әрі біржолғы сипаттағы және тиісті органды қамтуға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын сыйақылардан (ақшалай сыйақылардан);
  • тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын үстеме ақылар мен қосымша ақылар сомасынан;
  • мертіккен жағдайда төленетін бір жолғы өтемақыны;
  • зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшін өтемақы төлемдерін;
  • табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай соманы;
  • тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақыны;
  • жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына алушыға төленетін ақшалай өтемақыларын;
  • кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі шегінде емделуге жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
  • қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікпен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
  • пошта жөнелтілімдеріне арналған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
  • оқуға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
  • іссапарға жіберілген қызметкерлерге берілетін өтемақы төлемдерін;
    коммуналдық көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстарды төлеу үшін төленетін ақшалай өтемақыларды;
  • әскери қызметшілердің көрсетілетін қызметтерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты келтірілген шығындарын өтеумен байланысты өтемақы төлемдерін;
  • әскери-оқу, арнайы оқу орындары курсанттарының лауазымдық жалақыларын қоспағанда, барлық өтемақы түрлерінен жүргізіледі.

Заң алименттер ұсталуы тиіс табыстың ең төменгі немесе барынша көп сомасының шамасын белгілемейді, себебі алименттер ресми расталған табыстың кез келген сомасынан ұсталуы тиіс.


Оқи отырыңыз: Балаларды жазғы лагерьге қалай тегін жіберуге болады? Ата-анаға арналған нұсқаулық


 

№7. Келісім қалай жасалады?

Алименттерді төлеу туралы келісім кодекстің 157-бабына сәйкес алиментті төлеуге міндетті адам және оны алушының арасында, ал алиментті төлеуге міндетті адам және/немесе алимент алушы әрекетке қабілетсіз болғанда – осы адамдардың заңды өкілдері арасында жасалады. Келісім жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариуста куәландырылады.

Егер келісім бойынша алимент төлейтін ері немесе зайыбының материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, онда алименттерді төлеу туралы осы келісімге өзгертулер енгізу немесе бұзу үшін сотқа өтініш беру қажет. Бұл жағдайда алименттер мөлшері келісімде айтылады, бірақ сот тағайындаған алименттер мөлшерінен төмен бола алмайды.

№. Қай кезде алиментті сот арқылы өндіріп алуға болады?

Егер келісімге келу мүмкін болмаса немесе тараптардың бірі алименттерді төлеуден бас тартса, онда сотқа өтініш беріп, алименттерді мәжбүрлі төлеткізуге болады. Ол үшін жауапкер-ері немесе зайыбының тіркелу орны бойынша міндетті түрде сотқа талап арызбен жүгінуі қажет. Бұл ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 32-бабында белгіленген.

Алименттерді төлету – бұл қандай да бір негіздер бойынша оларды ерікті төлеуден бас тартатын адамдардан алименттерді мәжбүрлеп алу процесі. Сотқа алименттерді төлету туралы өтінішпен егер алименттерді төлеу туралы келісім бойынша бұрын төленбесе, алименттерге құқықтар туындаған сәттен бастап өткен мерзіміне қарамастан жүгінуге болады. Мұнда алименттер сотқа жүгінген сәттен бастап тағайындалады, ал өткен кезең үшін алдыңғы 3 жылдан артық емес уақытқа егер осы кезеңге дейін асырауға ақша берілмегені анықталса, талап ете алады.

Сотқа алименттерді төлетуге өтініш беру үшін мынадай құжаттар қажет:

  1. Алименттерді төлеу туралы талап өтініш, сондай-ақ жауапкерге арналған көшірмесі.
  2. Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы.
  3. Талаптар негізделетін жағдайларды растайтын құжаттар, жауапкер және үшінші адамдар үшін, егер оларда мыналар болмаса келесі құжаттардың көшірмелері: неке туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, әкелікті анықтау туралы куәлік және нақты жағдайға байланысты басқалары.
  4. Нақты жағдайларға байланысты өзге де құжаттар талап етілуі мүмкін, сотқа жүгінбес бұрын сіз өз жағдайыңыз үшін құжаттар тізімін нақтылап, байланыса аласыз.

Салық кодексінің 616-бабына сәйкес соттарда алименттерді өндіріп алу туралы талаптар бойынша талапкерлер мемлекеттік баж төлеуден босатылады.


Оқи отырыңыз: Ана мен балаға 2024 жылы берілетін жәрдемақылар: Қанша түрі бар және оларды қалай алуға болады


АПК 140-бабына сәйкес, әкелікті белгілеумен байланысты емес немесе үшінші адамдарды қатыстыру қажеттілігімен, егер кәмелетке толмағандардың алименттерін төлеу туралы талап қойылса, сот бұйрығы шығарылатын болады. Сот бұйрығында борышкердің туған күні және орны, оның жұмыс орны, алимент төленуі тиіс әр баланың аты және туған күні, борышкерден ай сайын өндірілетін төлемдер мөлшері және оларды өндіру мерзімі көрсетіледі. Сот бұйрығына судья қол қояды, одан кейін ол орындау үшін сот актілерін орындау департаментіне жіберіледі. 

Соңында алиментті жалақыдан ұстау ұйым бухгалтерінің басшылығында болады. Алиментті ұстау және аудару үшін мыналар негіз болады: нотариалды расталған келісім, сот бұйрығы немесе атқару парағы. Алименттерді аудару алимент төлеушінің өзге табысынан немесе еңбекақысын алғаннан кейін 3 жұмыс күнінен артық емес мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Сот орындаушысы алименттерді ұстау дұрыстығын және мерзімділігін жүйелі бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Кем дегенде тоқсанына бір рет және талап етушінің өтініші бойынша кез келген уақытта.

Кодекстің 75-бабына сәйкес, егер ата-анасы ата-аналық міндеттерін орындаудан бас тартса, соның ішінде алименттерді төлеуден қасақана бас тартса, онда олар ата-ана құқықтарынан айырылады.

Серіктестер жаңалықтары