Тікелей эфир

"4 құжат қажет": Шетелдік көліктерді заңдастыру туралы 15 сұраққа жауап

Заңдастыруға "Электрондық үкімет" порталы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беруге болады.
  • Шетелдік көліктерді заңдастыру қашан басталады?
  • Баж алымдары қандай?
  • Армениядан әкелінген көліктер қалай заңдастырылады?

Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Informburo.kz порталының түсіндірме материалынан оқыңыз.

№1. Заңдастыру қашан басталады?

2023 жылдың 23 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру басталады.

№2. Басқа елде тіркелген автокөлікті есептен шығару қажет пе? 

Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет. Көлікті есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоюға болады. Ел ішіндегі автокөліктерді сатып алған кезде де сатып алушы оны тіркеуден шығарып, өз атына тіркеуге қояды. 

Айта кету керек, автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені басқа елде тұрған көлікте әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қойса, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал.

№3. Азаматтар автокөліктің есептен шығарылғаны жөнінде қалай біле алады?

Көліктің тіркеуде тұрғаны не болмаса тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін Қазақстан азаматтарына көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін көліктің өз атында тұруы тиімсіз. Себебі сатылып кеткен автокөлік өз атында тіркеуде тұратын болса, ол кісілер салық төлеуге мәжбүр болады. Осыған байланысты, әдетте, бұрынғы иелері автомобиль сатылғаннан кейін өзі өтініш беріп, көлікті есептен шығарады.

Көлікті тіркеуден шығу фактілерін қашықтықтан тексеруге техникалық мүмкіндіктер бар. Кей жағдайда көлікті тіркеуден шығару үшін арнайы сұрау жіберуге де болады. 

№4. Қандай көліктер кедендік тазартудан өтуі керек?

Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде автокөлікке кедендік тазарту жүргізіледі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ.

Ал Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда автомобильдер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткен және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналады. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баждар айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өткізу қажет. 

№5.  Қандай көліктер заңдастырылмайды?

  • Іздеуде жүрген (қылмыстық) көліктер;
  • толық кедендік тазартудан өтпеген көліктер;
  • 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.

№6. Армян көліктерін заңдастыру қалай жүргізіледі?

Қазақстанда Армениядан әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынған. ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қазір Ішкі істер мирнистрлігі бұл көліктерді Армениядағы тіркеуінен шығару туралы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл көліктерді заңдастыруға қатысты барлық мәселе шешіледі.

№7. Елге қосалқы бөлшек ретінде енген көліктер заңдастырыла ма?

Қазір Ішкі істер министрлігі елге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерді заңдастыру бойынша жұмсы жүргізіп жатыр. Ол үшін әр автокөлік иесі құжаттары мен көлігін Автоцонға (мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына – авт.)  тіркеу бөліміне әкелуі керек. Сол жерде барлық құжаттар мен көліктерді тексеріліп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім шығарылатын болады.

№8. Қай уақытқа дейін автосақтандыру жасау керек?

Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерге автосақтандыруды заңдастыру аяқталған күнге дейін, яғни 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ресімдей алады. Себебі бұл автомобильдер қазір Қазақстанда заңдастыруға және тіркеуге жататын мәртебеде.

2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автомобильдерді сақтандыру полистері арқылы сол полисте көрсетілген мерзімге дейін сақтандыруға болады. Ал мерзімі өткеннен кейін жалпы негізде тіркеуі қажет немесе оларды республикадан тыс елдерге шығару керек.

№9. Заңдастыру үшін не істеу керек? 

Заңдастыруға өтінішті "Электрондық үкімет" порталы арқылы немесе арнайы Автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады.

Автоцондарда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды.

Сондай-ақ, сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де сол жерде болады. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді.

№10. Автоцонға қандай құжат ұсыну керек?

Көлік иесі Автоцонға 4 құжат ұсынуы керек:

  1. өтініш;
  2. өтініш берушінің жеке бас куәлігі;
  3. көлік паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі;
  4. көлікке меншік құқығын растайтын құжат. Оған көлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген болса, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз бола алады.    

№11. Тексеру қанша уақыт алады?

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті Автоцонның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсыну қажет. Сол жерде ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі салыстыру жүргізеді. Салыстыру аяқталғаннан кейін екі күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.

№12. Көліктің елге қашан кіргізілгенін қалай анықтайды?

Көліктің елге кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері бойынша айқындалады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған және автокөліктің шекарадан өту есебі оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі. 

Егер Шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында мұндай мәліметтер болмаса, автомобиль Қазақстан аумағында ұзақ уақыт болса, автокөліктің ел аумағында болған уақыты автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады.

Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өтуі тексерледі. Бұл процесс те толық автоматтандырылған.

№13. Өтініш беруші тексеру нәтижелері туралы қалай біледі?

Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже туралы және көлік құралын тіркеу үшін арнайы Автоцонға келуі туралы қысқа хабарлама жіберіледі.

№14. Тіркеу қанша тұрады?

Көлік иесі:

  • алғашқы тіркеу үшін – 200 000 теңге;
  • техпаспорт үшін –  4 313 теңге көлемінде мемлекеттік баж;
  • мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейді және құжаттардың түпнұсқасын (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат) автоцон қызметкеріне тапсырады.

Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірі беріледі.

№15. Тағы бір заңдастыру бола ма? 

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ұйымдастырылып жатыр. 

Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында 10 жұмыс күні ішінде тіркеуі керек.

Материалда ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы брифингте және Polisia.kz сайтында жарияланған жауабында айтқан мәліметтері пайдаланылды.  

Серіктестер жаңалықтары