Оң рульді көліктерге шектеу жоқ. Шетелдік көліктерді заңдастыру туралы не білу керек?

Заңдастырылатын көліктерге негізгі 3 қана талап қойылады.

Түсіндірме материал Polisia.kz сайтында жарияланған ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев автокөліктерді заңдастыру бойынша сұрақтарға жауабының негізінде әзірленді.  

№1. Қазақстанда шетелдік автокөлік саны қанша? 

Нақты дерек жоқ. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі ресімделген. Олардың 260 мыңы – Ресейден, 25,5 мыңы – Қырғызстаннан, 18 мыңы – Армениядан әкелінгн көліктер. 

№2. Заңдастыру қашан басталады?

Әлі нақты емес. Заңдастыру заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, тиісті Үкімет қаулысы қабылданған соң басталады. Заңдастыру шамамен жарты жылға созылады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда шетелдік қанша көлік заңдастырылады?


№3. Қандай көліктер заңдастырылмайды?

  • Іздеуде жүрген (қылмыстық) көліктер;
  • толық кедендік тазартудан өтпеген көліктер;
  • 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.

№4. "Оң рульді" көліктер заңдастыруға жата ма?

"Оң рульді" көліктер жоғарыда аталған үш критерийге сәйкес келмесе, оларды тіркеуге еш кедергі жоқ.

№5. Көліктің жылы мен экологиялық класына қатысты шектеу бола ма?

Заңдастыруға жататын автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды. 


Оқи отырыңыз: Қандай көліктерді "250 мың теңгелік акция" аясында заңдастыруға болмайды?


№6. Уақытша тіркеліп, "сары" нөмір алған армениялық көліктер заңдастырыла ма? 

Иә, оларды кедендік декларациялау талап етілмейді. Себебі, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады. 

№7. Автокөліктің Қазақстанға кіру күні қалай анықталады? 

Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалады. Бұл процесс толық автоматтандырылған. 

Шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша айқындалады. 

№8. Заңдастыру құны қанша? 

  • Бастапқы тіркеу үшін алым – 200 мың теңге;
  • Техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер – 13 171 теңге (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі). 

№9. Заңдастыру үшін не істеу керек? 

Заңдастыруға өтінішті "Электрондық үкімет" порталы арқылы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.

Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары