1 сәуірге дейін 2025 жылғы көлік салығын төлеу қажет. Салық мөлшері көліктің түріне, қозғалтқыш көлеміне және тіркелген мерзіміне байланысты есептеледі. Кім салықтан босатылады? Қанша теңге төлеу керек? Ал төлем кешіксе не болады? Informburo.kz көлік салығына қатысты негізгі сұрақтарға жауап береді.
№1. Салық қалай есептеледі?
Формула қарапайым: АЕК × мөлшерлеме коэффициенті = салық сомасы.
Негізгі параметр – көліктің қозғалтқыш көлемі (текше сантиметр). Салық 2025 жыл үшін төленетін болғандықтан, сәйкесінше 2025 жылғы АЕК мөлшері (3 932 теңге) қолданылады.
№2. Жеңіл көліктің салығы қанша?
Салық көлік қозғалтқышының көлемі мен оған иелік ету мерзіміне байланысты есептеледі. Шамамен әр көлік көлеміне байланысты салық мөлшері төмендегідей сомадан басталады:
- 1 100 дейін қоса алғанда – 1 АЕК – 3 932 теңге;
- 1 100 ден 1 500 ге дейін қоса алғанда – 2 АЕК – 7 864 теңге;
- 1 500-ден 2 000-ға дейін қоса алғанда – 3 АЕК – 11 796 теңге;
- 2 000 нан 2 500 ге дейін қоса алғанда – 6 АЕК – 23 592 теңге;
- 2 500-ден 3 000-ға дейін қоса алғанда – 9 АЕК – 35 388 теңге;
- 3 000-нан 4 000-ға дейін қоса алғанда – 15 АЕК – 58 980 теңге;
- 4 000 астам – 117 АЕК – 460 044 теңге.
Ескерту: Қозғалтқышының көлемі 1500 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктерде әр текше сантиметр үшін 7 теңге қосылады.
№3. Ескі көліктерге жеңілдік бар ма?
Иә. 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бойынша:
- 10-20 жылдық көліктерге – 0,7 коэффициенті қолданылып, салық 30%-ға азаяды;
- 20 жылдан асқан көліктерге – 0,5 коэффициенті қолдынылады, яғни салық 2 есе азаяды.
Мысалы, базалық салық 60 мың теңге болса, 15 жыл бұрын шыққан көлік үшін иесі – 42 мың теңге, 25 жыл бұрын шыққан көлік үшін 30 мың теңге төлейді.
№4. Көлікті жыл ортасында сатып алса немесе сатса, салық қалай есептеледі?
Салық тек көлік сіздің меншігіңізде болған айларға ғана есептеледі.
Мысалы, көлікті мамыр айында сатып алып, желтоқсанда сатсаңыз, салықты тек 7-8 ай үшін ғана төлейсіз. Ол үшін салық төлеген кезде "иелік еткен айлар" өрісіне нақты санды енгізу қажет.
№5. Салықтың нақты сомасын қайдан біліп, төлеуге болады?
Салықты бірнеше тәсіл арқылы есептеп, төлеуге болады:
- kgd.gov.kz сайтындағы "Көлік салығын есептеу" калькуляторы;
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы калькулятор бөлімі;
- Екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары;
- Банк кассасы немесе Қазпошта бөлімшесі.
Есептеу және төлеу үшін салық жылы, иелік еткен айлар, көлік түрі, қозғалтқыш көлемі, техпаспорттағы VIN-код керек болады.
№6. Кімдер салық төлемейді?
Салық кодексінің 563-бабы бойынша қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрге дейінгі тек 1 жеңіл көліктің салығынан төмендегі санаттағы адамдар босатылады:
- Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар;
- Кеңес одағының батырлары мен Социалистік еңбек ерлері;
- 1, 2, 3-топтағы мүгедектер;
- "Халық қаһарманы", "Қазақстанның еңбек ері", үш дәрежелі "Еңбек даңқы" орденiнің және "Отан" орденiнің иегерлері;
- "Бары ана" немесе "Алтын алқа", "Кұміс алқа" орденінің иегерлері.
Сонымен қатар шаруа қожалық иелері қозғалтқыш көлемі 2 500 см³-ге дейінгі 1 көліктің салығынан босатылады.
№7. Зейнеткерлер салықтан босатыла ма?
Жоқ. Зейнеткерлерге арнайы жеңілдік қарастырылмаған. Олар жалпы тәртіппен төлейді. Тек мүгедектігі бар зейнеткерлер ғана жоғарыдағы тізім бойынша жеңілдік ала алады.
№8. Жүк көлігі, автобус, қайық, ұшақ салығы қалай есептеледі?
Бұл көліктер үшін басқа өлшемдер пайдаланылады:
- Жүк автомобилі – жүк көтерімділігіне (тоннаға) қарай;
- Автобус – отыратын орын санына қарай
- Мотоцикл – қозғалтқыш көлеміне қарай
- Ұшақ, тікұшақ – тарту күші немесе ұшу салмағына қарай есептеледі.
Толығырақ Салық кодексінің 565-бабында.
Электромобильдер мен тіркемелерге көлік салығы емес, мүлік салығы салынады.
№9. Көлік салығын төлемесе, не болады?
Көлік салығы уақытылы төленбесе:
- Берешек пайда болады. Егер ол 3 932 теңгеден (1 АЕК-тен) асса, іс сот орындаушысына беріледі;
- Борышкерге хабарлама жіберіледі, сол сәттен бастап өсімпұл есептеле бастайды;
- Хабарламадан кейін де төленбесе, банк шоттарынан немесе мүліктен өндіріп алу шарасы қолданылуы мүмкін.
- Тікелей айыппұл заңнамада қарастырылмаған, бірақ сот орындаушыларының қызметі үшін қосымша комиссия есептеледі.
№10. Көліктің бұрынғы иесінің берешегін жаңа иесі төлей ме?
Жоқ. Салық тіркеу кезеңіне байланысты есептеледі. Яғни әр адам көлікке өзі иелік еткен кезге ғана жауапты.
USD:
482.1 / 484.9
EUR:
555.0 / 560.0
RUB:
5.81 / 5.97