Тікелей эфир

Қазақстандықтар көлік салығы бойынша ескерту алып жатыр. Оны қалай есептеуге болады

1 сәуірде көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.

12 наурыздан бастап көлік салығы бойынша 2023 жыл үшін берешегі бар қазақстандықтардың екінші деңгейдегі банк мобильді қосымшаларына Push хабарламалар жолданып жатыр. Хабарлама тарату 31 наурызға дейін жалғасады. Ал 1 сәуірде көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. 

2023 жылдың салығын төлеу үшін өткен жылғы айлық есептік көрсеткіш (3450 теңге) қолданылады. 

Бұл орайда көлік салығы бойынша берешекті тексеру, көлік салығын есептеу жолдарын және көлік салығы қате есептелген жағдайда не істеуге болатынын еске саламыз. 

Салық берешегінің бар-жоғын қалай тексеруге болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеруге болады. Ол үшін мына сілтеме арқылы өтіп, ЖСН мен суреттегі кодты теру қажет. Сервис келесі мәліметтерді ұсынады:

  • берешек қортындысы, салық сомасы (теңге);
  • мiндеттi зейнетақы жарналары, кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек (теңге);
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек;
  • әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек (теңге).

Сондай-ақ, eGov порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті.

Сонымен бірге банктердің мобильді қосымшаларында "Төлемдер" бөлімінен де салық берешектерін тексеріп, төлеуге болады.


Оқи отырыңыз: Көлік салығы қате есептелсе не істеу керек? Жүргізушілерге керек кеңестер


Көлік салығы калькуляторы

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы онлайн калькулятор арқылы көлік салығын есептеуге болады. Ол үшін келесі мәліметтерді енгізу/таңдау қажет:

  • салықты есептеу жылы;
  • есептеу жылындағы айлар саны;
  • салық салу нысаны;
  • қозғалтқыш көлемі.

Бұл мәліметтерді енгізгеннен/таңдағаннан кейін сервис көлік салығының мөлшерін көрсетеді.

Сондай-ақ, калькулятор e-Salyq мобильді қосымшасында да бар. Ол жерде көлік құралы мен жеке табыс салығын, сонымен бірге өсімпұлды да есептеуге болады.


Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?


Қате есептелген көлік салығын қалай түзеуге болады?

Мемлекеттік кірістер комитеті e-Salyq мобильді қосымшасында көлікке қате есептелген салықты түзетуге болатын функцияны іске қосты. Қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады.

Түзету енгізу үшін келесілерді орындау керек:

  • мобильді қосымшаға кіру;
  • "Салық әмияны" сервисіне кіру;
  • "Салық салу объектілері" бөлімін таңдау;
  • "Түзетуге өтініш" бөлімін таңдау;
  • "Көлік құралым бойынша қате мәлімет туралы хабарлау" бөлімін таңдау;
  • Өтініш түрін таңдап, қажет мәліметтерді енгізу.

Осылайша сіз салық салу нысандары туралы ақпаратты жаңарту үшін өкілетті органдарға (ІІМ әкімшілік полиция комитеті мен "Азаматтарға арналған үкімет" МК) электронды өтініш жібересіз.

Өтінішті төрт негізгі санат бойынша беруге болады:

  • Көлік маған тиесілі емес – мәліметтер базасында иесіне тиесілі емес көлік құралы болса.
  • Көлік туралы ақпаратты түзету – көлік құралының санатын, қозғалтқыш көлемін, мемлекеттік нөмірін және тіркеу күнін түзеу.
  • Көлік құралы базада жоқ – атыңызда еш көлік құралы болмаған жағдайда.
  • Көлік ұрланып кеткен – ұрланып кеткен көлігіңіздің салығы сіздің атыңызға келсе, мобильді қосымша арқылы түзету енгізе аласыз.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
3

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары