
13 шілдеде білім беру гранты конкурсына өтініш қабылдау басталады. Биыл бакалавриатқа 77 мыңға жуық білім беру гранты бөлініп отыр. Қазіргі таңда талапкерлер грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін негізгі ҰБТ-ны тапсырып жатыр. 7 шілдеге дейін екі рет негізгі ҰБТ сертификатының бірімен грант конкурсына қатыса алады.
Осы орайда Информбюро порталы биыл қанша грант бөлінді, конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар қажет, биыл квотамен кімдер грантқа оқуға түсе алады және негізгі конкурстан бөлек қалай грантқа ие болуға болады деген сұрақтарға жауап береді.
№1. Грант конкурсына құжат қабылдау қашан басталады?
- Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталады.
- "Педагогикалық ғылымдар" және "Денсаулық сақтау" мамандықтарына түсушілер үшін 20 маусым мен 20 тамыз аралығында емтихандар өтеді;
- Шығармашылық емтихандарға қатысуға өтініштер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады;
- Шығармашылық емтихандар 7 шілдеден 15 тамызға дейін өтеді;
- Білім беру гранты конкурсына қатысуға өтінімдер 13 шілде мен 20 шілде аралығында қабылданады;
- Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
№2. Биыл қанша білім гранты бөлінді?
2025-2026 оқу жылына 77 084 білім гранты бөлінген. Салаларға бөлгенде келесідей:
- "Инженерлік, өңдеу, құрылыс" – 18 946 грант;
- педагогтерді даярлауға – 13 226 грант;
- "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" – 11 585 грант;
- "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" – 9 188 грант;
- "Денсаулық сақтау" – 2 700 грант;
- "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" – 2 379 грант;
- "Қызмет көрсету" – 2 200 грант;
- "Өнер және гуманитарлық ғылымдар" – 1 915 грант;
- "Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" – 1 485 грант;
- "Бизнес, басқару және құқық" – 1423 грант;
- "Ветеринария" – 1 275 грант.
Биыл “Серпін” бағдарламасына 2 мыңнан астам грант қарастырылған. Сондай-ақ, батыс өңірлерден келген жастарға 2 500 грант қарастырылған. Ал педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар саласына сараланған 300 грант бөлінеді.
Әкімдіктер де жергілікті бюджеттен бірнеше мың грант бөледі. "Қазақстан халқына" қоры да әлеуметтік осал топтан шыққан талапкерлерге білім грантын бөледі.
Халықаралық және шетелдік оқу орындарында және (немесе) олардың Қазақстан Республикасындағы филиалдарында оқу үшін бөлінген білім гранттары:
- М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы – 200;
- "Coventry Kazakhstan" – 200;
- "МИФИ" ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы – 100;
- И.М. Губкин атындағы Ресей мемлкеттік мұнай және газ университетінің (Ұлттық зерттеу университеті) филиалы – 100;
- Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті базасында "City University of Hong Kong" Гонконг қаласы университетінің филиалы – 30;
- Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында Берлин техникалық университетінің филиалы – 50;
- Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы – 40;
- "Нархоз университеті" базасында "Queen' s University Belfast" Белфасттағы Королева университетінің филиалы – 30.
№3. Қандай құжаттар қажет?
20 маусымда жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өз жұмысын бастады. ҰБТ-ны тапсырып қойып, грант конкурсына қатыспаймын деп шешсеңіз, ЖОО-ға қабылдауға құжаттарыңызды тапсыра берсеңіз болады. Ал егер грант конкурсына қатысамын деп жоспарлап отырсаңыз, грант конкурсына өтінішті 13-20 шілде аралығында тапсырасыз. Осы кезеңде сіз мамандықтар мен оқу орындарын таңдайсыз.
Грант конкурсына құжаттарды кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы офлайн немесе eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады. Қажет құжаттар:
- өтініш;
- аттестат/диплом+қосымшалары (түпнұсқа);
- жеке куәлік (түпнұсқа және көшірме);
- ҰБТ сертификаты;
- жеңілдіктер мен квоталарды растайтын сертификаттар (түпнұсқа және көшірме);
- фото 3х4;
- 063/у нысанындағы медициналық анықтама (көшірмесі);
- 075/у нысаны бойынша медициналық анықтама.
Сондай-ақ, оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.
№4. Емтихандарды қайда тапсырады?
Шығармашылық емтиханды өзіңіз таңдаған жоғары оқу орнында тапсырасыз. Емтиханның нақты күнін таңдаған ЖОО-ның қабылдау комиссиясынан біліп алуыңыз керек. Грант конкурсына қатысу үшін тек бір ғана ЖОО мен бір мамандықты таңдай алатыныңызды ұмытпаңыз.
Ал "Педагогикалық ғылымдар" және "Денсаулық сақтау" білім беру салаларына түсу үшін 20 маусым мен 20 тамыз аралығында ЖОО-да онлайн немесе офлайн форматта емтихан өткізіледі. Әрбір ЖОО емтихан тапсыру форматын және күнін өзі белгілейді. Арнаулы емтихан грант конкурсына қатысу үшін де, ақылы оқуға тапсыру үшін де міндетті. Арнаулы емтиханды кез келген ЖОО-да тапсыруға болады. Емтихан "өтті" немесе "өтпеді" деген нысанда бағаланады. Нәтижелері емтихан өткізілген күні жарияланады. Арнаулы емтиханды онлайн форматта өткізетін жоғары оқу орындарының мында жарияланған.
№5. Грант жеңіп алу үшін қанша балл жинау қажет?
Оқуға түсу үшін шекті балл:
- Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинау қажет;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балл – 65 балл;
- "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру бағдарламаларына түсу үшін – 75 балл;
- "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" – 70 балл.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындары да грант конкурсына қатысу үшін шекті балл белгілейді. Мысалы, "Математика мұғалімдерін даярлау" мамандығы бойынша грант конкурсына қатысу үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне кемінде 80 балл жинау керек болса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ға түсу үшін кемінде 120 балл, ал SDU University-не түсу үшін 125 балл жинау қажет. ЖОО-лар белгілеген шекті балл туралы мына жерден көре аласыздар.
№6. Қандай квоталар бар?
Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, мынадай квота түрлері бар:
- І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 10 пайыз;
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5 пайыз;
- ауыл квотасы – 35 пайыз;
- Қандас квотасы – 4 пайыз;
- жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 1 пайыз;
- үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 5 пайыз;
- кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;
- кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз;
- бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;
- әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 1 пайыз.
№7. Сараланған гранттарды алу үшін не істеу қажет?
Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар саласына 300 сараланған грант бөлініп отыр. Сараланған гранттың негізгі ерекшелігі – негізгі конкурс кезінде грант ала алмаған, бірақ ҰБТ-дан жоғары балл алған талапкерлер грантқа оқуға түсе алады. Биыл сараланған грант байқауы негізгі байқаудан бөлек өткізіледі. Яғни, негізгі, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілер тарапынан берілетін және “Қазақстан халқына” қорынан берілетін гранттар конкурсы аяқталған соң, сараланған гранттар байқауы өтеді.
Сараланған гранттың құны – 500 мың теңгедан басталады. Мемлекет тарапынан 500 мың теңге төленеді, ал қалған жартысын талапкердің өзі немесе басқа де демеушілік қаржы есебінен төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сараланған грантқа ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Негізгі гранттар конкурсы шілденің 13-20 арасында өтеді, яғни бір апта бойы құжатар қабылданады. Сол тапсырылған құжат жетілікті, ол сараланған гранттар конкурсына жарамды. Конкурс базада сақталған талапкерлер арасында жүргізіледі.
№8. Әкімдік грантын алу үшін қандай құжаттар қажет?
Білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы өтініш беру қажет. Қажет құжаттар:
- ЖОО-ның қабылдау комиссиясына білімі туралы құжат;
- ҰБТ сертификаты;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда).
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Әкімдік гранттары оқу ақысын төлегенмен, стипендиясы болмауы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктерге стипендияны қарастыруды сұрады.
№9. "Серпін" бағдарламасына қалай тапсырады?
"Серпін" жобасының басты мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, білікті мамандар даярлау. Бағдарламаға мына аймақтардағы ауыл мектептерін бітірген түлектер қатыса алады:
- Түркістан;
- Қызылорда;
- Жамбыл;
- Алматы;
- Жетісу облыстары.
Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді:
- Солтүстік Қазақстан;
- Ақмола;
- Шығыс Қазақстан;
- Абай;
- Павлодар;
- Ұлытау;
- Қарағанды;
- Қостанай облыстары.
Гранттар тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі. Биыл "Серпін" бағдарламасына мемлекеттен 2 412 грант бөлініп отыр.
Грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. "Серпін" бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантына ілікпегендерге тегін білім алудың 7 жолын айтты
№10. "Қазақстан халқына" қорының гранттарына кімдер ие бола алады?
"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры бөлетін білім гранттары конкурсына биыл ҰБТ тапсырған және шекті балл жинаған келесі талапкерлер қатыса алады:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
- төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқан азаматтардның балалары.
Бағдарламаға 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда) үміткерлер қатыса алады. Өтініштер ЖОО қабылдау комиссияларында 10-17 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегері оқуын аяқтағаннан кейін оны өтеуге міндетті емес.