Тікелей эфир

19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауының ерекшеліктері қандай? 12 сұраққа жауап

Кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу 18 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісін таратып, 19 наурызға мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындады. 2022 жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін мәжіліс сайлауын өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Осыған дейін саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана сайлауға түсуге рұқсат етілсе, алғаш рет азаматтар депутаттыққа өзін-өзі ұсына алады. Информбюро порталы мәжіліс депутаттарының сайлауы қалай өтетіні жөнінде түсіндірме әзірледі.

№1. Мәжіліске қанша адам сайланады?

Мәжіліс осы кезге дейін 107 депутаттан тұрды. Биылдан бастап Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі 9 мандат болмайды. Парламенттің төменгі палатасына 98 депутат сайланады. Оның ішінде:

  • 69 депутат – партиялық тізімдер бойынша;
  • 29 депутат – бірмандаттық аумақтық округтер бойынша.

Астана мен Шымкентте, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарында – екі сайлау округі, ал Алматы қаласы мен Түркістан облысында үш сайлау округі бар. Қалған өңірлерде – бір-бірден. 

2004 жылдан кейін алғаш рет мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы, яғни можаритарлық жүйеде сайланады. Енді азаматтар ешқандай партияда болмай-ақ өзін-өзі ұсына алады.

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

№2. Мәжіліс депутаттығына кандидатты кім ұсынады?

Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсынудың екі жолы бар:

  • Партиялық тізімдер бойынша кандидаттарды саяси партиялар ұсынады;
  • Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктеріне) ұсынады. Кандидаттар өзін-өзі ұсына алады.

Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпан 18.00-ге дейін жалғасады.

№3. Кандидаттарға қандай талаптар қойылады?

Мәжіліс депутаттығына кандидат:

  • ҚР азаматы болуы;
  • соңғы 10 жылда ҚР аумағында тұруы;
  • кем дегенде 25 жаста болуы керек.

Депутат бола алмайды:

  • сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған;
  • сотталғандығы өтелмеген немесе алып тасталмаған;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.

№4. Сайлау комиссиясы кандидаттарды қалай тіркейді?

Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясы тіркейді. Ал бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды округтік сайлау комиссиялары тіркейді.

Бір саяси партия бөлінетін депутаттық мандаттардың 30%-ынан аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім береді. Партиялық тізімде әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдарың саны тізімдегі адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімге енгізілген адамға бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға тыйым салынады. 

Кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу 20 қаңтарда басталып, 18 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады. 

№5. Кандидаттарды тіркеу үшін қандай құжаттар қажет?

Партиялық тізімдерді тіркеуге қажет құжаттар:

  • Әділет министрлігінде саяси партияның тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
  • азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтініші;
  • партиялық тізімге енген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
  • кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
  • саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
  • партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партияға мүшелігін растайтын құжат;
  • мүгедектігі бар кандидаттар мүгедектігі туралы анықтама ұсынады.

Саяси партиядан, қоғамдық бірлестіктен, олардың құрылымдық бөлімшелерінен кандидатты тіркегенде келесі құжаттар талап етіледі:

  • құрылымдық бөлімшелердің ұсыну құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірмені, саяси партияны, қоғамдық бірлестікті Әділет министрлігінде тіркеу, құрылымдық бөлімшелерді аумақтық әділет органдарында есептік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің жоғары басшы органының тиісті сайлау округі бойынша кандидатты ұсыну жөніндегі хаттамасынан үзінді көшірмелер;
  • азаматтың өзін ұсынған саяси партиядан, қоғамдық бірлестіктен осы сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші;
  • кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
  • кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
  • кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.

Кандидат өзін-өзі ұсынса:

  • азаматтың осы сайлау округі бойынша кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініші;
  • кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
  • кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
  • кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.

№6. Сайлау жарнасының сомасы қандай?

Сайлау жарнасы ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшеріне тең. 2023 жылы оның сомасы – 1 миллион 50 мың теңге.

Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді. 

Алдыңғы мәжіліс депутаттары сайлауында саяси партиялар сайлаушылар дауысының:

  • 5 және одан көп пайызын жинаса – сайлау жарнасын төлемейді; 
  • 3-5 пайызын жинаса – 50 пайызын төлейді;
  • 1-3 пайызын жинаса – 70 пайызын төлейді.

Саяси партия сайлауда сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болса, жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайда енгізілген жарна қайтарылмайды, республикалық бюджет кірісінде қалады.

Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген кандидат та сайлау жарнасын төлейді. Депутат болып сайланса не сайлаушылар даусының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ қайтыс болса, жарна кандидатқа қайтарылады.

№7. Қандай жағдайда кандидаттарды тіркеуден бас тартады?

Орталық және округтік сайлау комиссиялары келесі жағдайдар орын алса кандидатты тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды:

  • тіркеуге қажет құжаттарды ұсынбаса;
  • тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін сайлау алдында үгіт жүргізсе;
  • сот басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін анықтаса;
  • сот сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаса;
  • кандидат Конституция мен "Сайлау туралы" конституциялық заң талаптарына сай келмесе;
  • кандидат сайлау алдындағы науқанда лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланса.

Дауыс беруге екі күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жол берілмейді.

№8. Сайлауда кімдер дауыс бере алады?

Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Бір адам бір дауысқа ғана ие. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуға тиіс. Сайлау учаскесіне келгенде жеке куәлігін (eGov қосымшасындағы цифрлық құжат жарамды) не паспортын көрсетуі қажет.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

№9. Басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге бола ма?

Тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әр азамат дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жеріндегі сайлаушылар тізімінен шығарып, дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізеді. Бірақ бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс беруге болмайды. 

Осы құқықты:

  • дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтын азаматтар;
  • басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;
  • вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.

Сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе сall-орталығы арқылы тексеруге болады.

2023 жылғы 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексере аласыз.

№10. Шет елде жүрген қазақстандықтар қалай дауыс береді?

Дауыс беру үшін өзіңіз тұрған шет мемлекеттегі сайлау комиссиясының учаскесіне жүгінуіңіз керек. Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімі Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланған. Шет елдегі қазақстандықтар немесе дауыс беру күні өзге елде болатын азаматтар елшіліктер сайтына, телефон нөмірлері мен электронды поштасына мәліметтерін хабарлап, сайлаушылар тізіміне қосыла алады. Дауыс беру кезінде өзімен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет.

№11. Дауыс беру қағазында "Бәріне қарсымын" деген баған бола ма?

Иә, болады. Алғаш рет мәжіліс сайлауында "бәріне қарсымын" деген баған сайлау бюллетендеріне енгізіледі. Осыған дейін президент сайлауында азаматтар осы мүмкіндікті пайдаланды. Сайлаушы кандидаттың ешқайсына дауыс бергісі келмесе "Бәріне қарсымын" дегенді белгілей алады. Бұл баған сайлаушылардың белсенділігін анықтауға арналған, сайлау қорытындысын шығарғанда есепке алынбайды. Бірақ қанша адам "бәріне қарсымын" деген бағанды таңдағаны жайлы мәлімет беріледі.

№12. Кандидаттар сайлаушылардың қанша пайыз дауысын жинауы керек?

Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Сайлаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын жинауы керек. 

Партиялардың мәжіліске өтуіне қажет дауыстың төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаған партиялар парламентте мандат ала алады. Заң бойынша мандаттардың тарату кезегін партияның басқарушы органы сайлауға ұсынған партиялық тізім бойынша анықтайды. Оған 10 күн беріледі. Белгіленген уақыт ішінде мандаттарды тарату кезегі анықталмаса, Орталық сайлау комиссиясы мандаттарды тізімдегі алфавит тәртібімен таратады.

Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.

Серіктестер жаңалықтары