Тікелей эфир

13 қаңтарда 2025 жылғы алғашқы ҰБТ басталады. Тест тапсырудағы жаңашылдықтарды түсіндіреміз

Фото: Infromburo.kz
Фото: Infromburo.kz
2025 жылы талапкерлер ҰБТ-ны былтырғыдай бес рет тапсыра алады.

13 қаңтарда биылғы алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Қаңтардағы ҰБТ-ға қатысуға 167 мыңға жуық адам өтініш берген. Олардың үштен бірі "Математика және Физика", "Биология және Химия" бейінді пәнерін таңдаған.

Биыл ҰБТ қалай өтеді? Шекті балл қандай? Тестілеу кезінде не істеуге тыйым салынады? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. ҰБТ биыл қанша рет өтеді?

ҰБТ жылына бес рет өткізіледі:

  • ақылы оқуға түсу үшін – қаңтар, наурыз, тамыз айларында;
  • негізгі (мамырдан шілдеге дейін) – грантқа түсу үшін 2 рет тапсыруға болады. 

№2. ҰБТ-ға кімдер қатыса алады?

  • биыл мектеп бітіруші түлектер – қаңтар, наурыз, тамыз және негізгіге;
  • былтырғы мектеп түлектері – наурыз, тамыз және негізгіге;
  • колледж түлектері – наурыз, тамыз және негізгіге;
  • қандастар – наурыз, тамыз және негізгіге;
  • шартты түрде оқып жатқандар – қаңтар, наурыз, тамыз және негізгіге;
  • басқа мамандыққа ауысқысы келетін шығармашылық мамандықтарда оқитын студенттер – қаңтар, тамыз айларында;
  • ақылы негізде "педагогикалық ғылымдар" білім беру саласына ауысуға ниетті студенттер – қаңтар, тамыз айларында тапсырады.

№3. Талапкер жылына неше рет тест тапсыра алады?

Мектеп түлектері ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады, оның үшеуінің нәтижесі ақылы оқуға түсуге жарайды. Ал негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, оның сертификаттарының бірімен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеуге қатысу не қатыспау туралы шешімді әр талапкер өзі шешеді.


№4. ҰБТ шекті балы қандай?

ҰБТ-да талапкер 5 пәннен тест тапсырады. Оның үшеуі міндетті пәндер болса, қалған екеуі – бейінді, яғни оқитын мамандығына қарай таңдайды. Жалпы тапсырмалар саны – 120. Жоғары балл – 140.

Тапсырмалар мен шекті балдар:

  • Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма, шекті балл – 3;
  • Оқу сауатталығы – 10 тапсырма, шекті балл – 3;
  • Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, шекті балл – 5;
  • Бірінші бейінді пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5;
  • Екінші бейінді пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5.

Шығармашылық бағытқа түсушілер ҰБТ-да екі пәннен ғана сынақ тапсырады:

  • Оқу сауатталығы – 10 тапсырма, шекті балл – 3;
  • Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, шекті балл – 5.

Талапкерлер жазда таңдаған жоғары оқу орнында шығармашылық емтихан тапсырады. ҰБТ-да бес пәннен де сынақ тапсырғандар Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы балдарын алып (шекті балл жиналған жағдайда), бір шығармашылық мамандықты таңдай алады.

Оқуға түсу үшін шекті балдар:

  • Ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа оқу орындарына – кемінде 50 балл;
  • "Педагогикалық ғылымдар", "Құқық" – кемінде 75 балл;
  • "Денсаулық сақтау" – кемінде 70 балл.

Сондай-ақ, әр ЖОО білім беру бағдарламары тобы бойынша өз шекті балын белгілейді.                       

№5. Қандай заттарды алып кіруге болмайды?

Ғимаратқа және аудиторияға алып кіруге және оларды қолдануға болмайды:

  • оқу-әдістемелік әдебиеттер;
  • Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштігі кестесі;
  • калькулятор;
  • А0-А10 форматтағы қағаздар;
  • фотоаппарат;
  • пейджер, планшет, iPad, iPod, смартфон, ноутбук, плейер, модем, смарт сағат, смарт көзілдірік, фитнес білезік, сымды және сымсыз құлаққап, микроқұлаққап, сымсыз бейнекамера;
  • шпаргалка.

Бұл заттар табылса талапкер тестілеуге жіберілмейді.

Тестілеуде А4 форматтағы 3 шимай парағы беріледі. Тағы қажет болса қол көтеріп, тестілеу әкімшісінен сұрауға болады. Шимай парақтарын жыртуға, умаждауға, сыртқа алып шығуға болмайды.

Тест тапсырушыға су және шоколад алып кіруге рұқсат етіледі.

№6. Тестілеу кезінде не істеуге тыйым салынады?

Тестілеу кезінде талапкерге рұқсат етілмейді:

  • аудиториядан рұқсатсыз 10 минуттан артық шығуға;
  • сөйлесуге;
  • орын ауыстыруға;
  • талапкерге берілген А4 форматындағы парағықты біреуге беруге не аудиториядан алып шығуға, бүлдіруге; 
  • тестілеу алдында немесе тестілеу кезінде шулауға;
  • тестілеу тапсырмаларының мазмұнын талқылауға және жария етуге;
  • тестілеуге пайдаланылатын техникаға және қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге;
  • өзінің орнына басқа біреуді кіргізуге рұқсат етілмейді.

Ереже бұзған талапкер аудиториядан шығарылады және оның тестілеу нәтижесі жойылады.

Тестілеу кезінде компьютердегі калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі.

Өзінің орнына басқа адамды кіргізген талапкер жыл бойы тестілеуге жіберілмейді.

№7. Тестілеу қанша сағатқы созылады?

ҰБТ ұзақтығы – 240 минут (4 сағат). Тестілеудің әр сағатында жаттығу жасауға 2-3 минут үзіліс беріледі.

Шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлер 70 минутта үш пәннен сынақты тапсырып үлгеруі қажет.

Мүгедектігі бар адамдарға төрт сағатқа қосымша 40 минут уақыт беріледі.

№8. Тестілеуге қалай киініп келу керек?

ҰБТ-ға мектеп формасымен келудің қажеті жоқ. Яғни, тестілеуге еркін киіммен келуге болады. Бірақ этикаға сай, ұқыпты киініп келген жөн.

№9. Қаңтардағы ҰБТ-ға қанша адам қатысады?

Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 30 желтоқсанда аяқталды. 167 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді, былтырға қарағанда 31 мыңға көп. ҰБТ 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.

Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.

Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде оқитын студенттер, былтыр жазда ҰБТ-дан шекті балл жинай алмағандар, шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа түскісі келетіндер, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер және биыл мектеп бітіретін түлектер қатыса алады. Бұл тестілеудің нәтижесі жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге жарамды. 

№10. Дайындалуға арналған байқау сынақтарын тапсыруға бола ма?

Иә, app.testcenter.kz сайтында байқау сынақтары бар. Биыл төрт жаңа нұсқа қосылды. Сынақты тапсыру үшін сайтта тіркеліп, жеке кабинетке кіріп, "Байқау сынағы" бөлімін таңдау қажет. Сатып алу батырмасын басып, төлем жасаңыз. Байқау сынағының құны – 602 теңге.
Сондай-ақ, prob-ent.testcenter.kz сайтында бір нұсқаны тегін тапсыруға болады.

№11. Апелляцияға өтініш беруге бола ма?

Иә, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға келіп түскен өтініштер 30 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.

Апелляция мынадай жағдайларда қарастырылады:

  • тест тапсырмаларының мазмұны бойынша:
  • дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмесе (дұрыс жауаптың нұсқасы көрсетіледі);
  • дұрыс жауап болмаса;
  • бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмаларында бірден көп дұрыс жауап болса (дұрыс жауаптардың барлық нұсқалары көрсетіледі);
  • тест тапсырмасы дұрыс құрастырылмаса;
  • техникалық себеп бойынша, яғни тест тапсырмасы шартының фрагменті (мәтін, сызба, суреттер, кестелер) табылмаса, соның нәтижесінде дұрыс жауапты анықтау мүмкін болмағанда.

№12. ҰБТ қайта тапсыру үшін жоғары оқу орнынан шығу қажет пе?

Өзі қаламаған мамандыққа оқуға түскендер қайтадан ҰБТ тапсырып, грант конкурсына тағы қатыса алады. Егер қазір грантта оқып жатса, келер жылы грант конкурсына қатысу үшін гранттан бас тартып, жоғары оқу орнынан шығуы қажет. Алайда ҰБТ-ны университеттен шықпай-ақ тапсыруға болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары