29 мамырда сағат 00:30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Ол 1999 жылы туған тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі бүгін Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. Жігіттердің денесі Қазавиақұтқару" АҚ МИ-171 тікұшағымен Шымкент қаласына жөнелтілді.
"Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жердегі іздестіруді құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалғандардың туыстары жүргізуде. Сондай-ақ, әуеден іздеу үшін ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ екі борты жұмыс істеуде", – деді Талғат Уәли.
Аталған факті бойынша Түркістан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталатын болады.
Еске салайық, Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жеті адам жоғалып кеткен болатын. Туристер 21 мамырда жаяу "Сары-айғыр " шатқалына бет алған және 24 мамырда үйлеріне қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен. Олардың барлығы жергілікті жоғарғы оқу орындарының студенттері екені анықталды.
Тауға серуендеуге шығып, хабар-ошарсыз кеткен туристер туралы туыстары Төтенше жағдайлар қызметіне 25 мамырда кешке хабарлаған. Осыдан кейін іздестіру тобы дереу іске кірісіп, оларды әуеден тікұшақпен іздеген. Нәтижесінде, жоғалғандардың үшеуін құтқарушылар 28 мамыр күні Сайрам-Өгей шатқалынан тапқан.