Тікелей эфир

Тәрбиешілердің жалақысы – 70 мың теңге. Жаңалықтарға шолу

Мерзімсіз депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмендетілді. Ертең еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады.

Ата-аналардан ақша жинаған мектеп директорлары жұмыстан қуылады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов қаладағы білім беру ошақтарын аралау барысында басшыларға осылай қатаң ескертті. Ол өзіне мектептердегі жөндеу жұмыстарына ақша жиналатыны туралы ақпараттың келіп түскенін жария етті.

"Біз бұл шығындардың бәріне бюджеттен қаржы бөлеміз. Мұғалімдер мен ата-аналардан бір тиын да сұралмауы тиіс. Егер осындай жағдай болса, мектептің, аудандық білім бөлімінің басшыларын қатаң жазалаймыз. Қажет болса, қызметінен босатамыз" деді әкім. Облыс халқына мектептердегі ақша жинау фактісіне қатысты ақпараттарды Инстаграм, Фейсбук парақшаларына жазуға болатынын хабарлады.

Батуттардың қауіпсіздігін бақылау әкімдіктерге жүктелді

Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер хабардар етті. Айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осы апта ішінде аттракциондарды пайдалану ережесін әзірлеу тапсырылған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына аймақтағы бөлімшелерімен бірге оныәрбір кәсіпкерге жеткізу жүктеліпті.

Елордадағы "Шығыс" және "Жағалау-4" тұрғын үй кешендерінің құрылысы жанданады

"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС "Банк ЦентрКредит" АҚ-мен келісімге қол қойды. "Банк ЦентрКредит" 2020 жылы құрылысы аяқталатын жобаны қаржыландырады. Банктің басқарма төрағасы Ғ.Хусаиновтың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін "Шығыс" және "Жағалау-4" тұрғын үй кешендеріне 3000 адам қоныстанады.

Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналарға пәтерлердің сертификаты беріле бастады

Жалға берілетін 150 пәтер "Берекелі баспана" қалалық бағдарламасы аясында табысталады. Пәтерлерді беру екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінде 17 маусымға дейін құжаттар жиналып, қабылданады. Екінші кезеңінде 15 шілдеден бастап қоныстандыру жұмыстары жүргізіледі.

Бас қалада 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар. Айтпақшы, тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалылар Астана әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев, 39) жүгінулері тиіс, байланыс нөмірі: 79-34-50.

Біліктілігі бірдей шетелдік және жергілікті жұмысшыларға жалақы тең төленуі керек

Атырау облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осылай мәлімдеді. Президент бірдей жұмысқа әр түрлі жалақы төлеуге жол бермеу керектігін баса айтты. "Білікті мамандарды алаламай жөнді жалақысын төлеу қажет, қалғанын оқытып, үйретіп, қажетті деңгейге жеткізіп алған жөн" деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі жұмыс берушілердің 70%-ы колледж түлектерінің біліміне қанағаттанбайтындығын атап өтті. Оның үстіне шетелдік компаниялардың мамандарға жоғары талап қоятыны тағы бар. Осы орайда Қ.Тоқаев аймақтағы мұнай-газ саласына жоғары білікті мамандар дайындау үшін колледждердің жанынан біліктілікті арттыру орталықтарын ашуды ұсынды.

Екі күнде 10 мың өтінім!

Алматыда 1-ші маусымнан бастап www.bilimalmaty.kz сайтында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүріп жатыр. Алғашқы күні-ақ бір сағатта (таңертең 08.00-ден 09.00-ге дейін) 3337 өтінім келіп түскен.

Білім басқармасы ата-аналардың тұрғылықты мекен-жайынан басқа қалаған жердегі мектептерге де өтінім қалдыру мүмкіндігі барын ескертіп жатыр. Егер мектептер баланы қабылдаудан бас тартса 1308 нөміріне шағым қалдыру керектігі хабарланды.

Мерзімсіз депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмендеді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратқан мәліметке сәйкес, 1 шілдеден бастап теңгедей мерзімcіз депозиттер бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі 9,8%-ды құрайды. Мерзімді және жинақ депозиттер бойынша мөлшерлемелер ағымдағы деңгейде қалады: 10,5%-дан 12,5%-ға дейін мерзімді, 11,5%-дан 13,5%-ға дейін жинақ депозиттер.

Мерзімсіз депозиттердің сыйақы мөлшерлемесінің 9,8%-ға дейін төмендеуін банктер де қолдапты. Таратылған ақпаратта мерзімді салымдар бойынша, нарықтық мөлшерлемелердің де шекті мәндерден төмендігі айтылған. 2019 жылдың 3 тоқсанына шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады екен.

Тәрбиешілер 70 мың теңге жалақы алады

Бұл олардың айлығының 1-ші маусымда көтерілгендегі сиқы. Оның алдында 54 мың 200 теңге алып келіпті. Алматыдағы бюджеттік саланың 61 мың жұмысшысының жалақысы да осы мерзімнен бастап жоғарылады. Олардың басым бөлігі (55 мыңы) білім беру саласының мамандары екен.

Денсаулық сақтау саласының да қызметкерлерін бұл жаңалық сырт айналып өткен жоқ. Аймақтағы медициналық мекемелердің 535 маманының айлығы көтерілген. Қаншаға деп сұрайсыз ба? Айталық, жоғары санатты медбикелер 77 мың алатын болды (бұрын 64 мың 100 теңге болған). Кіші медицина қызметкерінің қолына 64,5 мың теңге тиеді. Жалақы көтерілгенге дейін олар 48,8 мың алып келген.

20 жасар қазақстандық ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионы атанды

Елордада өткізілген тұңғыш әлем чемпионатына әлемнің 12 елінен 25 спортшы бақ сынасты. Ат үстінен садақ ататын сұрмергендердің арасынан 20 жасар түркістандық Ералхан Айкөз оқ бойы озық шықты. Екінші орынды Моңғолиялық Эрденесувд Эрдене, үшінші орынды Оңтүстік Кореялық Ли Сунг Хо иемденді.

1$ = 384,21 теңге

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 384,21 теңгеге сатылды. Доллар кешегіге қарағанда биржада 0,27 теңгеге қымбаттапты.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандағы өңірлер бойынша айт намазының уақыты. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында Ораза айт намазы оқылатын уақыт сағат 07:00-ге белгіленген. Ал Алматы облысы мен Қызылорда қаласында сағат 06:00-де, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы қаласы, Қарағанды облыстарында сағат 06:30, Қостанай облысында сағат 07:30-да оқылады.

Baq.kz: Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады. 5 маусымда Қызылорда облысында екпіні 23 м/с жел соғады. . Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Шығыс Қазақстан облысында да күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, найзағай болады. Өскеменде бұршақ жаууы мүмкін, оңтүстік-шығыстан соққан желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді. Семейде де найзағай күтіледі, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік-шығыстан cоғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Серіктестер жаңалықтары