Тікелей эфир

Трамп және консерваторлардың радикалдануы

АҚШ-та білім алып жатқан журналист Жолдас Өрісбайдың штаттардағы жағдай жайында жасаған сараптамалық шолуын ұсынамыз.

Осыдан 57 жыл бұрын Вашингтонда Мартин Лютер Кинг бастаған азаматтық және экономикалық құқықтардың теңдігі мен расизмді жою маршы өтті. Ол кезде афроамерикалықтардың құқықтарын және либералды идеяны қолдайтындар аз еді. Ал қазір консервативті идея өкілдері және Трамп жақтаушылары азшылық қатарында қалып отыр. Кинг бастаған азаматтардың қарсылығы бейбіт шеру контексінде қалды. Бірақ бүгінгі республикалықтардың Капитолийге күшпен кіруі өлім пен қантөгіске алып келді. Бұл консервативті идеяның радикалдануына бір қадам қалғанын білдіреді. Америкалықтар қалай бұл күнге жетіп отыр? Бірге анықтап көрейік.

Бірінші және негізгі түрткі – Трамп. Трамп билікке келгенге шейін және келгеннен кейін де мейнстрим медианы фейк және оларға сенуге болмайтынын айтумен болды. Сол үшін де консерваторлардың аджендасын приоритетке қоймайтын басылымдардың барлығына фейк тақтайшасы ілінді. Олар ашық әрі объективті жазса да, консерваторлар үшін оларға фейк деген вердикт бекітілді. Сонымен қатар, Трамп солшылдарды, яғни демократтарды "radical left" деуден шаршамады. Оның тым радикалды спичтері бүгінгі америкалықтардың осылай бас көтеруіне алып келді. Бүгінгі қақтығыс алдында да Трамп "жеңілісті ешқашан мойындамайтынын" мәлімдеп, тістеріне шейін қаруланған консерваторларды тағы да қуаттандырды. Сол үшін де Трамптың Твиттердегі және Фейсбуктегі аккаунттары блокталды. Ал оны консерваторлар тағы да солшылдардың "сөз бостандығын шектеу әрекеті" деп санады.


Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден жеңіске жетті. Сайлауға шолу


Неге консервативті америкалықтар сайлаудың әділ өткеніне сенбейді? Себебі, Трамп жеңілуді білмейді. Мысалы, Трамп сайлауға дейін спичтерінің бірінде былай деді: "the Only way we're going to lose this election is if the election is rigged"(Сайлау әділетсіз жолмен манипуляцияланса ғана біз жеңілеміз). Яғни, ол жеңілсе, сайлау әділ өтпегені. Ал жеңсе, әділ өткені. Мысалы, желтоқсан айында өткізілген NPR/PBS және POLITICO сауалнамаларының нәтижесіне орай, республикалықтардың 75 пайызы сайлау нәтижесіне сенбейтінін білдірген. Ал олардың 80 пайызы сайлаудағы алаяқтықтан, ашықтықтың болмауынан, біржақтылық пен заңсыздықтан қорқатындарын айтқан. Әрине, сайлаудың манипуляцияға ұшырауы тек республикалықтардың емес, барлық азаматтардың басты мәселесі болуы тиіс. Бірақ сайлау кезінде консерваторлар көтерген барлық айыптаулар жоққа шығарылды. Дауға қалған Джорджия штаты бойынша сайлау бюллетендері Трамп және оның жақтастарының талабымен 3 рет қайта саналды. Бірақ бәрібір, оған дауыс бергендер аз болып шыға берді. Трамптың Джорджия сайлау жетекшісіне телефон арқылы жетпей тұрған 11 780 дауысты табуды талап етіп, аудитке тағы сенбейтінін айтқаны да көпшілікке жарияланып кетті.

Америкалық қоғамда либералды идеяның күшеюі де консерваторлардың радикалдануына түрткі болып отыр. Себебі бір идея күшейсе, мардымсыз қалған идея радикалданады. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Мичиган штатының губернаторы Гретчен Уитмерді ұрлап кетуге тырысқан күдіктілер ұсталып, олардың алтауы сотталды. Олар демократтар партиясының өкілі Уитмердің пандемия кезіндегі шешімдеріне төзе алмағандықтан анти-үкіметтік экстремизмге барғанын мәлімдеген. Одан қалса, 2017 жылы Вирджиния штатындағы Шарлотсвилль қаласында ақ националистерге қарсы өткен ралли кезінде ұлтшыл радикал көлікпен марш қатысушыларын жаншып өтті. Бұл радикализм болмағанда, немене? Мұның бәрі идеяның радикалдануынан болып отыр. Идеологиялардың консенсусы, яғни ортақ келісімдерінің болмауы, бірінен-бірі тым алыстауы негіз болып отыр.


Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?


Бір сөзбен айтқанда, консервативті америкалықтар өз реалияcында өмір сүреді. Олардың идеологиялық өктемдігін қолдайтын өз медиа ресурстары бар (The Daily Wire, The Federalist, Blaze Media, Breitbart, New York Post, The Washington Examiner, Newsmax, Axios). Олардың қатарында Нұр-Отаншылдар жазып тұратын The Washington Times та бар. Радикалды болса да, пікірлерін блоктамайтын өз әлеуметтік желілері де бар (Parler). Сол үшін де олардың өздері ғана сенетін өз шындығы бар. Көптеген америкалық сарапшылар қоғамның осылай екі фронтпен ақпараттануы массивті радикалдануға алып келетінін айтып жатыр.

Соңғы бірнеше жылда Qanon, Proud Boys және The Wolverine Watchmen сияқты оңшыл радикалды топтар пайда болды. Мэриленд университетінің зерттеуінше (Global Terrorism Database), АҚШ-тағы 2015-19 жылдар аралығында 310 террористік шабуыл болған және олардың басып бөлігі оңшыл экстремистер бастамалары болыпты. Бұл тек АҚШ-тағы проблема емес. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі контртерроризм комитетінің мәліметіне орай, соңғы 5 жыл әлемдегі оңшыл терроризм 320 пайызға өскен. 2019 жылы Жаңа Зеландия, Германия және Норвегиядағы шабуылдар осы өсімнің көрінісі.

Бұл қараусыз қалдыра салатын деректер емес. Кезінде Гитлердің "Ұлы Арийлер" идеологиясы да солшылдардың басымдығынан кейін, популистік танымалдыққа ие болған.


Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?


Кешегі Джорджия штатындағы Сенатқа сайланатын соңғы өкілдерінің сайлауы да федералды деңгейде үлкен резонанс тудырды. Себебі Джорджия атынан Конгрестің жоғарғы палатасына баратын екі орын жеңімпаздары анықталмай тұрып, республикалықтарда 50, ал демократтарда 48 орын болды. Кеше Джорджиядан екі орынды да демократтар жеңген соң, Сенат 50-50 болып екі партия өкілдеріне бөлініп отыр. Мұндай кезде, АҚШ Конституциясы бойынша шешуші дауыс вице-президентке беріледі. Қазіргі жағдайда бұл позиция Камала Харристе болып отыр.

Сонымен, демократтар президенттік постты да, Конгрестегі Сенатты да, өкілдер палатасын да бақылауға алып отыр. Консерваторлар көтерілуіне осы да бір жағынан түрткі болды. Себебі, енді демократтар өздерінің приоритетіндегі барлық заңдарды бекіте алады. Әрине, кейбір заң құжаттарды Конгрестегі заң шығарушылардың үштен екі бөлігінің қолдауынсыз заң ретінде бекітілмейді. Сондықтан әлі де республикалықтардың салмағы бар. Бірақ республикалықтардың ұсынатын бильдерінің заңға айналуы алдағы 4 жылда өте қиынға соқпақ.

Серіктестер жаңалықтары