Тікелей эфир

АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден жеңіске жетті. Сайлауға шолу

Сурет rg.ru сайтынан алынды
Сурет rg.ru сайтынан алынды
Президент сайлауында жеңіске жету үшін кандидат сайлау алқасының 270 дауысын алуы тиіс.

АҚШ-та әр 4 жыл сайын қарашаның алғашқы сейсенбісінде президент сайлауы өтеді. Биылғы сайлау 3 қарашаға сәйкес келді. Америкада 233 млн адам дауыс беруге құқылы. CNN мәліметінше, сайлау күніне дейін 100 млн азамат пошта арқылы дауыс беріп үлгерген. Бұл барлық тіркелген сайлаушылардың 47%-дан астамын және 2016 жылы сайлауда дауыс бергендердің 73%-ын құрайды.

"Құбылмалы" штаттарда дауысты есептеу бұрынғы сайлауларға қарағанда баяу жүрді. Сол себепті жеңімпаздың есімі сайлау күнінен төрт тәулік өткен соң белгілі болды. 253 дауыспен Джо Байден қарсыласы Дональд Трамптан алда тұрса да, дауыс саны президент атануға жеткілікті емес еді. 7 қараша күні Байден Пенсильвания штатында жеңіске жеткен соң өзіне сайлау алқасының 20 дауысын қосты. Көптеген халықаралық басылым 273 дауыс жинаған Джо Байденді "АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жетті" деп жариялады.

  • Джо Байден – 273 дауыс;
  • Дональд Трамп – 214 дауыс.

Байден жеңіске жеткен штаттар:

  • Калифорния – 65,1%;
  • Колорадо – 53,3%;
  • Коннектикут – 59,3%;
  • Делавэр – 58,8%;
  • Гавайи – 63,7%;
  • Иллинойс – 55,3%;
  • Мэн – 53,5%;
  • Мэриленд – 63,1%;
  • Массачусетс – 65,3%;
  • Мичиган – 50,5%;
  • Миннесота – 52,5%;
  • Нью-Гемпшир – 52,6%;
  • Нью-Джерси – 59,6%;
  • Нью-Мексико – 54,2%;
  • Нью-Йорк – 58,3%;
  • Орегон – 56,6%;
  • Пенсильвания – 49,6%;
  • Род-айленд – 59,4%;
  • Вермонт – 64,9%;
  • Вирджиния – 53,9%;
  • Вашингтон – 59,5%;
  • Висконсин – 49,4%;
  • Колумбия округі – 92,6%.

Трамп жеңіске жеткен штаттар:

  • Айова – 53,1%;
  • Алабама – 62,1%;
  • Арканзас – 62,6%;
  • Флорида – 51,2%;
  • Айдахо – 63,7%;
  • Индиана – 57%;
  • Канзас – 56,7%;
  • Кентукки – 62,2%;
  • Луизиана – 58,5%;
  • Миссисипи – 59,5%;
  • Миссури – 56,9%;
  • Монтана – 56,7%;
  • Небраска – 58,5%;
  • Солтүстік Дакота – 65%;
  • Огайо – 53,3%;
  • Оклахома – 65,4%;
  • Оңтсүтік Каролина – 55,1%;
  • Оңтүстік Дакота – 61,8%;
  • Теннеси – 60,7%;
  • Техас – 52,2%;
  • Юта – 58,7%;
  • Батыс Вирджиния – 68,2%;
  • Вайоминг – 70%.

АҚШ-та президент қалай сайланады?

АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы емес, сайлау алқасының электоралды дауысымен сайланады. Үміткер сайлау алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін жинауы тиіс. Бір штаттың электоралды дауыс саны сол штат халқының көлеміне байланысты анықталған конгрестегі өкіл санына тең. Мысалы, халық тығыз қоныстанған Техас штатының конгресте 38 өкілі бар. Бұл Техас штаты 38 электоралды дауысқа ие дегенді білдіреді. Ал халқы аз Оңтүстік және Солтүстік Дакота штаттарының конгресте үш-үштен өкілі бар. Тиісінше бұл штаттар 3 электоралды дауысқа ғана ие.

48 штатта сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысына ие болған үміткер штаттың барлық электоралды дауысын иеленеді. Мысалы, Калифорния штатында сайлаушылар дауысының 50 пайызынан артық жинаған кандидат 55 дауыс алады.

Оқи отырыңыз: Трамп рейтингі неге төмендеді? АҚШ-тағы сайлау алдындағы науқанға сараптама

АҚШ Конституциясының екінші бабына сәйкес, туғаннан АҚШ азаматы саналатын 35 жастан асқан, соңғы 15 жылда Америкада тұратын үміткер президент сайлауына қатыса алады.

Биыл президент сайлауына Республикашылдар партиясынан елдің 45-президенті Дональд Трамп, ал Демократиялық партиядан бұрынғы вице-президент Джо Байден түсті.

АҚШ-та дауыс берудің екі әдісі бар: сайлау күні сайлау учаскесіне келу және пошта бюллетенін пайдалану. Алайда әр штатта ереже әртүрлі. Барлық штат пошта арқылы дауыс беруге рұқсат бергенімен, көп бөлігінде сайлау күні неліктен келіп дауыс бере алмау себебін көрсетуді талап етеді. Кей штаттар коронавируc пандемиясына байланысты пошта бюллетеньдерін қолдануды жөн санайды.

Сайлау науқаны қалай өтті?

2020 жылы тамыз айында "пошта жанжалы" басталып, пошта жәшіктері көшелерден жаппай жоғала бастады. Демократтар бұл жағдайға Трампты айыптап, америкалықтарды қашықтан дауыс беруге шақырды. Президент Трамп бірнеше рет поштамен дауыс беруге қарсы болып, оны "алаяқтық" деп мәлімдеді. Соған қарамастан сайлау аяқталғанға дейін жәшіктерді алып тастамауға уәде берді. Байден де, Трамп та сайлауда ерте дауыс берді.


Орегон штатында соңғы жылдары сайлаушылардың көп бөлігі поштамен дауыс береді

Орегон штатында соңғы жылдары сайлаушылардың көп бөлігі поштамен дауыс береді / Getty Images


2020 жылы 7 тамызда Қауіпсіздік және қарсы барлау ұлттық орталығының директоры Уильям Эванина сайлауға шетелдік араласулар болып жатқаны туралы мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, өзге елдер сайлаушылардың таңдауына әсер етуге, АҚШ саясатын өзгертуге, қоғамдағы келіспеушіліктерді күшейтуге және америкалықтардың демократиялық процестерге деген сенімін әлсіретуге тырысады. Мысалы:

  • Қытай басшылығы Дональд Трамптың екінші мерзімге қайта сайланбағанын қалайды және осы бағытта жұмысын күшейтеді;
  • Ресей Джо Байденнің кандидатурасын қаралауға тырысады және 2016 жылғы сайлауға араласуын жоққа шығарады;
  • Иран Трамптың кандидатурасын да, жалпы демократиялық институттарды да бұзуға және интернетте жалған ақпарат тарату арқылы елдің бөлінуін күшейтуге тырысады.

Дауыс беруге екі жарым апта қалғанда республикашылдарды қолдайтын New York Post басылымы президенттікке үміткер Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің ноутбугінен көшірілген жеке ақпаратты жариялап, сенсация жасады. Хантер Байден бір кездері украиналық Burisma газ өндіру компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болған. Ноутбук жадынан 25 мыңға жуық фотосурет, 11 550-ден астам электронды пошта хаты табылған. New York Post жариялаған электронды хатта Хантер Байден 2015 жылдың сәуірінде украиналық энергетика компаниясының топ-менеджері Вадим Пожарскиймен әкесінің кездесуін ұйымдастырғаны айтылған. Джо Байденнің сайлау штабы мұндай кездесудің болмағанын айтты. New York Post басылымы нақты дерек келтірмегендіктен көп басылым материалды басудан бас тартты. Сарапшылар мұны Трамптың сайлауалды кампаниясы ұйымдастырған "компромат" деп отыр.

27-29 қазанда жүргізілген Reuters/Ipsos сауалнамасында Трамп америкалықтардың 43% дауысын алса, Байден 51%-бен көш бастады. Бұл демократтар жеңісін тойлауға жеткілікті емес, себебі 2016 жылғы сайлауда басым дауысқа ие болған Хиллари Клинтон жеңіліп, сценарий күрт өзгерген болатын.

Edison Research сауалнамасында америкалықтар президентті таңдағанда коронавирус пен экономикалық жағдайды ескерген. Он азаматтың екеуі пандемияның салдарын ескере келе таңдау жасаған. Ал дауыс беру кезінде оннан үші елдегі экономикалық мәселелер туралы ойлаған. CNN мәліметінше, америкалықтарды толғандыратын негізгі мәселелер – экономика, нәсілдік теңсіздік және коронавирус.

Елде дауыс бермеуге шақырғандар да табылды. ФБР 3 қараша күні дауыс бермеуге шақырған телефон қоңырауларын тексеріп жатыр. Мұндай қоңыраулар, атап айтқанда, Айова мен Мичиган штатының тұрғындарынан келіп түскен. Олар сайлау күнінде "үйде болу, демек, қауіпсіз болу" деп үгіттеген.

4 қараша күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12.00-де АҚШ-та президент сайлауында дауыс беру аяқталды. Соңғы болып 300 адам тұратын Адъяк елдімекеніндегі сайлау учаскесі жабылды.

Дауыс беру аяқталған соң қазіргі президент Дональд Трамп өзінің твиттерінде демократтардың сайлауда дауысты ұрлауға тырысатынын, оған ешқашан жол бермейтінін айтты. Ол сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыс беруге болмайтынын қатаң ескертті.


Дональд Трамп Пенсильванияда митинг өткізді

Дональд Трамп Пенсильванияда митинг өткізді / Getty Images


Ал Джо Байден бола твиттерінде сайлауда жеңіске жететіндерін, алайда жеңімпазды Трамп не өзі емес сайлаушылар жариялайтынын хабарлады. Ол америкалықтарды сабыр танытуға, сайлау нәтижесін күтуге шақырды. "Әр дауыс есептелуі тиіс", – деді ол.

Сейсенбідегі сайлауда америкалықтар президент пен вице-президентті ғана анықтамайды, сондай-ақ 35 сенаторды, Өкілдер Палатасының 435 мүшесін, 13 штат пен аумақтың әкімдері, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерін сайлайды.

Жеңімпаз қалай анықталды?

Бұл сайлауда дауыстарды санау бұрынғыға қарағанда ұзақ уақыт алуы мүмкін екені хабарланған еді. Бұған себеп – мерзімінен бұрын дауыс берушілердің рекордтық көрсеткіші. Кейбір штаттарда бюллетеньдер салынған конверттерді соңғы дауыс беру күніне дейін ашуға тыйым салынады. Ал кейбірінде конверттер кешігіп жетккізілген. Ал оларды санауға сайлау комиссияларының уақыты жетпеуі мүмкін. Сондықтан дауыстарды есептеу кешіктіріліп, жеңімпаздың есімі жақын уақытта жарияланбауы мүмкін екені айтылды.

АҚШ-та әр жылдары демократтарға да, республикашылдарға да болысатын "құбылмалы" штаттар бар. Үміткерлердің сайлау штабы осындай штаттар үшін күресті басты назарда ұстайды. Үнемі бір партияны таңдайтын штаттардан дауыс алуға аз көңіл бөледі. 2016 жылғы сайлау нәтижесі бойынша Аризона, Флорида, Айова, Мичиган, Солтүстік Каролина, Огайо, Пенсильвания, Висконсин, Колорадо, Мэн, Миннесота, Невада, Нью-Гемпшир және Вирджиния штаттары "құбылмалы" саналды. Олардың барлығы 171 дауысқа ие.

Қазірге дейін Аляска, Аризона, Джорджия, Невада, Солтүстік Каролина штаттарында кім көп дауыс алғаны белгісіз. Дональд Трамп бұл штаттарда жеңіске жеткенімен, төрт жыл тағы "Ақ үй" қожайыны бола алмайды. Себебі Джо Байден қазіргі президенттен бұрын сайлау алқасының 270 дауысын жинап үлгерді.

Биылғы сайлауда республикашыл Дональд Трамп Флорида, Огайо, Айова секілді "құбылмалы" штаттарда жеңсе, демократ Джо Байден Мэн, Нью-Гемпшир, Миннесота, Пенсильвания, Вирджиния, Колорадо, Висконсин, Мичиганда жеңіске жетті.

Пенсильванияда жеңіске жеткен соң Джо Байден америкалықтарға алғысын білдірді.

"Америка, ұлы мемлекетіміздің басшысы ретінде таңдағандарыңыз мен үшін мәртебе. Алда қиын жұмыс тұр, бірақ мен маған не басқаға дауыс бергеніне қарамастан барлық америкалықтың президенті болуға уәде беремін. Маған артқан сенімдеріңізді ақтаймын", – деп жазды ол Твиттерде.

Ал қазіргі президент Дональд Трамптың штабы сайлаудың әлі аяқталмағанын, Джо Байденмен одақтас БАҚ-тар неліктен оған көмектескісі келетінін бәрі білетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, сайлау нәтижесін әлі ресми тұлғалар растамағандықтан мұның бәрі БАҚ-тың болжамы болып қала береді.

"Америка халқы өздері лайық және демократия талап ететін әділ сайлау нәтижесін білмейінше, мен тыншымаймын", – деді Трамп.

78 жастағы Джо Байден АҚШ тарихындағы ең кәрі президент атанып отыр. Камала Харрис болса әйел, қара нәсілді және Оңтүстік Азиядан шыққан ең алғашқы АҚШ вице-президент. Бұл сайлауда Байден 2008 жылы ең көп дауыс жинаған Барак Обаманың рекордын (69,5 млн дауыс) бұзды. The Associated Press мәліметінше, қазірдің өзінде оған 74,8 млн америкалық дауыс берген.

Демократиялық партия өкілі Джо Байден 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ вице-президенті қызметін атқарды. Ол оған дейін отыз жылдан астам уақыт Делавэр штатынан АҚШ сенаторы болды.

АҚШ-тың жаңа президентінің есімі ресми түрде 6 қаңтарда Конгресстің арнайы отырысында жарияланады. Ал 20 қаңтарда ол өзінің вице-президентімен бірге ресми түрде қызметке кіріседі. Америка президенті төрт жылға сайланады және бұл лауазымды екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Серіктестер жаңалықтары