Тікелей эфир

Трамп ақталды: АҚШ Сенаты импичмент айыптауларын неге мақұлдамады?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
52 сенатор Трампты ақтауды қолдап дауыс берді.

Дональд Трампқа қарсы импичмент хаттары АҚШ Конгресінің өкілдер палатасында мақұлданып, Сенат тергеуіне жіберілген болатын. Соңғы үш аптада Сенат алдында өкілдер палатасынан шыққан айыптаушылар тобы, яғни, импичмент менеджерлері және Трамптың қорғаушы командасы өз аргументтері мен нақты деректерін ұсынды. Демократтар Трамптың импичментіне Сенатқа жаңа куәгерлер шақыруды талап еткен болатын. Бірақ бұл өтініш Сенат тарапынан мақұлданбаған еді.

Импичмент тыңдаулары қалай өтіп жатқанын бұған дейін жазғанбыз, оны мына жерден оқиға болады.

Трампты республикалық сенаторлардың біреуі ғана қолдамады

Трампқа тағылған айыптар Сенатта мақұлдануы үшін сенаторлардың үштен екі бөлігі қолдап дауыс беруі керек еді. Сенаторлар екі импичмент хаты бойынша жеке-жеке дауыс берді.

Оқи отырыңыз: Импичмент: Дональд Трамптың президенттігі кімге тиімсіз?

Бірінші хат бойынша, яғни, Трамп өз лауазымын асыра пайдаланды деген айыптауды қолдағандар саны 48 болды. Ал 52 сенатор Трампты ақтауды қуаттап дауыс берді. Ал екінші хат бойынша Трампты айыпты деп 47 сенатор таныса, қалғаны оны қолдады.


Трампты айыпты деп тану үшін 67 сенатор соған дауыс беруі тиіс еді

Трампты айыпты деп тану үшін 67 сенатор дауыс беруі тиіс еді / Скриншот The New York TImes басылымынан алынды


АҚШ Конгресінде 100 сенатор бар. Оның 53-і – республикалықтар. Тағы екі сенатор демократтарға жақын болғанымен, тәуелсіз деп бекітілген. Содан қалғанын демократтар партиясы мүшелері құрайды.

Айта кетсек, Трампты қолдаушылар – толығымен республикалық партия өкілдері. Десе де, оны бірінші хат бойынша айыпты деуге бір республикалық дауыс берді. Ол – Митт Ромни.


Митт Ромнидің Трампқа қарсы шешімінен кейін оған журналистер тарапынан сұрақтар көбейді

Митт Ромнидің Трампқа қарсы шешімінен кейін оған журналистер тарапынан сұрақ көбейді / Фото arcdigital.media сайтынан алынды


Юта штатынан шыққан сенатор The Atlantic басылымына берген сұхбатында Трамптың автократ билеушіге айналып кеткенін айтқан. Ромни президенттің өз лауазымын асыра пайдаланғанын алға тартып, оны айыпты деп дауыс берген.

"Бұл менің өмірімдегі ең күрделі шешім болды. Ол өзге елдің билігінің біздің сайлауға сыбайлас жемқорлық арқылы араласуына жол бермек болды. Осы әрекетінің өзі айыпты екенін дәлелдейді", – деді Ромни.

Айта кетсек, Митт Ромни республикалықтар партиясының өкілі болса да, 2016 жылы Трамптың билікке келуіне қарсы болған. Енді мұның бүгінгі шешімі оны өз партиясы құрамында да жалғыз қалдырды.

Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?

Ал Трамп көп күткізбей Твиттер арқылы Митт Ромниді "Демократтардың құпия активі" деп атап, айыптап үлгерді.

"Республикалықтар Трамптан қорыққандықтан оны ақтап алды"

The New York Times басылымының пікірлер колонкасында Шеррон Браун есімді сенатордың жазбасы жарияланды. Огайо штатынан шыққан сенатордың жазуынша, Сенаттағы республикалықтар Трампқа қарсы дауыс беруден қорыққан-мыс.

"Барлық саладағыдай, АҚШ Сенатында да қорқыныш барлығын шешеді. Республикалықтар Трамптан қорыққандықтан оны ақтап алды", деп бастады жазбасын Шеррон мырза.

Ол Сенаттағы Пэтти Мюррейге сілтей отырып, республикалықтардың Иракқа шабуылды да қорыққандарынан қабылдағанын жазады. Браунның ойынша, Вьетнамдағы соғысға қатысты шешім де атқарушы биліктегі азаматтардан түскен қысым нәтижесінде қабылданған-мыс.

The Washington Post басылымының жазуынша, Сенаттағы демократтардың басым бөлігі республикалықтардың өз ойларын ашық білдірмегенін айтып, айыптады. Олардың ойынша, көптеген республикалық сенаторлар оңашада Трампты айыптағанымен, дауыс бергенде қолдап шыға келген. Себебі, олар өз партияларынан шетте қалып, Трамптың кек алу нысанасына айналғылары жоқ екен.

Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?

Ендігі бағыт – президенттік сайлау

Дональд Трамптың билікке келуі америкалықтар арасында түрлі пікірталастың пайда болуына алып келген еді. Ал оның қайта сайлауға түсуі одан да көп талқылаулар мен қақтығыстарды туындататыны анық.

The USA Today басылымының жазуынша, демократтар импичмент арқылы Трампты алып тастаудың бар амалын жасады. Себебі, олар алдағы президенттік сайлауда Трампты жеңе алмайтынына көбірек сенеді.


Дональд Трамп Айова штатындағы президенттік сайлауға қатысты кездесулерінің бірінде

Дональд Трамп Айова штатындағы президенттік сайлауға қатысты кездесулерінің бірінде / Фото The New York Times


Импичмент процесіне қатысты Трамп та Нью-Джерси штатындағы қолдаушыларымен кездесу кезінде мынадай ойын айтқан болатын:

"Олар президенттік сайлауда мені жеңе алмайтынын біледі. Сондықтан сайлауды менен ұрламақшы".

Сарапшылардың жазуынша, Трамп енді толығымен алдағы қараша айында өтетін сайлауға дайындығын күшейтеді. Десе де, Politico онлайн саяси журналының жазуынша, Конгрестегі өкілдер палатасындағы демократтар Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон мен Трамптың жеке қорғаушысының көмекшісі Лев Парнастардың куәгер ретінде пікір берулерін ұйымдастыруы мүмкін.

Ал USA Today басылымы Трамптың жолына қойылған кедергілер реті жалғаса беретінін жазады. Редакцияның пайымдауынша, өкілдер палатасындағы демократтар куәгерлерді шақыра алмаса, Трамптың билікке дейінгі жасаған әрекеттеріне қатысты түрлі істерді жария етуді көздеп отыр. Ол Трамптың бизнесіне және жеке өміріне қатысты болмақ.

Оқи отырыңыз: АҚШ vs. Иран: әлем баспасөзіне шолу

Трампты жеңе алатын үміткер бар ма?

Америкалықтар алдағы 4 жылда елге қызмет ететін жаңа президентін осы жылдың қараша айында сайлайды. Оған Трамптың сайлауалды командасы да, өзге де үміткерлер де қызу дайындығын жүргізіп жатыр.

Республикалықтар тарапынан үміткерлер аз. Ал олардың негізгі үміткері – Дональд Трамп.

Демократтар тарапынан президент болуға талаптанған азаматтар саны көп. Осы жылдың басында президенттік сайлауға шыққан демократтар саны 29 болды. Қазір 11 үміткер қалып отыр.

Трампқа негізгі қарсылас бола алатындар арасында Пит Буттиджич, Берни Сандерс, Джо Байден, Элизабет Уоррен және Майкл Блумберг сынды саяси тұлғалар мен кәсіпкерлер бар.


Пит Буттиджич Гарвард түлегі. Ол президенттік сайлаудағы ең жас үміткерлердің бірі

Пит Буттиджич –Гарвард түлегі. Ол президенттік сайлаудағы ең жас үміткерлердің бірі / Фото ABC News арнасының сайтынан алынды


АҚШ-тың сайлау жүйесінде екі партия атынан шығатын үміткерлерді саралау үшін әр партия өз ішінде әр штат тұрғындары арасында дауыс беруді ұйымдастырады. Осыдан екі күн бұрын Айова штатының азаматтары демократ үміткерлерге дауыс берді.

New York Post басылымының жазуынша, Айова штаты қалай дауыс берсе, сайлау барысы да сол сарында жалғасын табады. Сондықтан, әрбір үміткер осы штаттағы партия ішіндегі сайлауда бар мүмкіндігін көрсетуге тырысады.

The New York Times басылымының соңғы статистикалық есебі бойынша, әзірге Айова штатында дауыс берудің 92 пайызы саналды. Сол есеп бойынша, Пит Буттиджич 26,5 пайызбен алда келеді. Социалистік демократияны көздейтін үміткер Берни Сандерс 25,6 пайызбен әзірге екінші орында тұр. Одан кейін Элизабет Уоррен (18,3%), сосын Джо Байден (15,9%) келеді.

Барлығы импичмент мәселесін талқыға салып жатқанда, The Washington Post басылымы демократтардың Трампқа қарсы шыға алатын лайықты үміткерді тағайындауға көбірек назар салуы тиіс екенін жазады.

Ал америкалық альтернативті басылымдардың бірі – Vox жазуынша, Пит Буттиджич демократтар атынан шығатын негізгі үміткерге айналады.

"Ол жас, білімді және амбицияға толы. Ол қарт саясаткерлерге қарағанда адамдарды өзіне сендіре алады", – деп жазады басылым тілшісі.

Оқи отырыңыз: АҚШ: тәуелсіздік жолындағы күрес. Фоторепортаж

The New York Times пікірлер колонкасындағы авторлардың бірі Эми Клобушар есімді үміткердің, ал альтернативті Slate журналы Берни Сандерстың негізгі үміткер болатынын болжаса, британдық The Guardian Уорренді АҚШ-тың бірінші әйел президенті болуы мүмкін екенін аргументтер негізінде жазған.

Ал Том Николс есімді Халықаралық қатынастар бойынша Гарвард профессоры әрі жазушы The Atlantic басылымына жариялаған пікірінде Трампты жеңетін үміткер жоқтың қасы екенін жазады.

"Мен бұрынғы республикалықпын. Қазір кез-келген демократқа дауыс беруді ойлап жүрмін. Бірақ Айовадағы сайлауалды дауыс берулер мені алаңдатады", – деп жазды автор.

Айта кетсек, қаңтар айының соңында шыққан ABC Polls нәтижесі бойынша Дональд Трамптың америкалықтар арасындағы танымалдылығы импичмент процесі басталған кезбен салыстырғанда артқан болатын. Ал импичменттен ақталып шыққаннан кейінгі рейтингі әзірге анықталып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары