Тікелей эфир

Трамп импичменті: АҚШ президентінің бар үміті Сенатта

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Трампқа импичмент хаттары Сенатта талқыланып жатыр. Лев Парнас деген кім және ол Трампқа қаншалықты қиындық тудыруы мүмкін?

Сенаттағы импичмент тыңдаулары қалай өтеді?

Жаңа жылдың үшінші аптасының басында, яғни 15 қаңтар күні АҚШ Конгресі өкілдер палатасы мүшелері ел президенті Дональд Трампқа тағылған айыптар бойынша импичмент хаттарын Сенат талқылауына жіберді. Ал қаңтардың 21-нен бастап Вашингтон қаласындағы АҚШ Конгресі Сенат залында импичмент мәселесінің сот талқылауы басталды.

Алғашқы күні импичмент талқылауларын жүргізуге қатысты жаңа ережелер бекітілді. Ережелерді енгізуге 53 республикалық қол қойса, 47 демократ қарсы шыққан. Десе де, республикалықтардың басымдығы оның бекітілуіне негіз болған. Сенаттағы республикалықтардың жетекшісі Митч Макконнелл бекіткен ережелерге орай, импичмент хаттарын ұсынған өкілдер палатасындағы арнайы комиссияда және Трамп қорғаушыларында импичмент хаттарын жақтауға және даттауға әрқайсысы үш күнде 24 сағаттан уақыттары бар. Бірінші даттаушылар, яғни импичмент хаттарын көтерген өкілдер палатасындағы демократтар бастады.

Ал одан кейін Сенаттың 16 сағат бойы бекітілген сұрақтарын қоя алады. Тек содан кейін, Сенат Трамп кейсіне қатысты жаңа куәгерлерді шақыру немесе жаңа құжаттарды қабылдау мәселелерін шешеді.

Оқи отырыңыз: Импичмент: Дональд Трамптың президенттігі кімге тиімсіз?

Трампты даттаушылар мен ақтаушылар кімдер?

Трампқа импичмент жариялауды көтерген демократтар тобы "импичмент менеджерлері" деп аталды. Олардың саны жетеу.


Адам Шчифф бастаған мпичмент менеджерлері

Адам Шчифф бастаған импичмент менеджерлері / Фото The Washington Post


Топтағы жетекші менеджер Калифорния штатынан шыққан Адам Шчифф есімді өкілдер палатасының депутаты. Демократ. Ол Стэнфорд және Гарвард университеттерінде саясаттану бойынша білім алған. Адам Шчифф "Кеңес үкіметіне құпия құжаттарды берді" деп айыпталған Федералды тергеу бюросы (FBI – АҚШ-тағы федералды деңгейдегі қылмыстарды жүргізуші орган – ред.) қызметкері Ричард Миллер кейсімен танымал.

Трампқа қарсы шыққан топ арасында Конгрестегі өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелоси де бар. Ол да Калифорния штаты атынан шыққан демократ және АҚШ Конгресіне жетекшілік етіп жатқан алғашқы әйел заң шығарушы болып отыр.

Дональд Трамптың қорғаушылары арасында да осыған дейінгі импичмент кейсіне қатысы бар танымал тұлғалар бар. Мысалы, Алан Дершовиц есімді Гарвард заң мектебінің зейнеттегі профессоры Трампты Сенатта қорғауға келіскен. Ол аталмыш университет тарихында ең жаң заң профессоры атанған. Дершовиц мырза Йель университетінің түлегі және АҚШ Конституциясы қылмыстық кодекске негізделген ғалым. Дершовиц Никсон импичментін қолдаған, бірақ Билл Клинтонның импичментіне қарсы болған.

Трамп командасындағы тағы бір көрнекті тұлға – Кен Старр. Ол АҚШ-тың бас прокуроры қызметін атқарған. Старр АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонның импичментінің тергеу амалдарын жүргізгенімен танымал. Бір сөзбен айтқанда, оның тергеу нәтижелері Клинтонға импичмент жариялануына жеткізген.

Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?

Сенат тыңдаулары қалай өтіп жатыр?

Cенат тыңдауының алғашқы күні Адам Шчифф бастаған импичмент менеджерлері Сенаттан Ақ үй, мемлекеттік департамент және өзге де федералды агенттіктердің құжаттарын импичмент кейсіне қолдануға рұқсат етуге өтініш берді. Сонымен қатар, Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтонды және қазіргі президент әкімшілігінің жетекшісі Мик Малвейнидің Сенатта куәгер болуға міндеттеуді сұрады. Дауыс беру нәтижесі бойынша ұсыныс Сенат тарапынан мақұлданбады.

Екінші күні импичмент менеджерлері Дональд Трамптың Украина президенті Зеленскийге қысым көрсеткенін дәлелдеу үшін тергеу амалдары кезінде жиналған электронды хаттар, телефон арқылы жіберілген хаттар және 50 видео үзінділерін көрсетті. Демократтар Трамптың жеке қорғаушысы Руди Джулианидің көмекшісі Лев Парнас есімді азаматтың куәгерлігі мен түрлі құжаттарды алға тартты.


АҚШ Сенатындағы импичмент тыңдауы барысы

АҚШ Сенатындағы импичмент тыңдауы барысы / Фото Getty Images


Politico басылымының жазуынша, демократтар импичмент тергеуіне куәгер ретінде аты аталған Лев Парнасты шақыртуды мақсат етіп отыр. Ал импичмент кейсіне жаңа куәгерлерді шақыру мәселесі келесі аптада шешіледі. Сонымен қатар, аталмыш басылымның жазуынша, демократтардың сәрсенбі күнгі әрекеті Сенаттағы республикалықтардың ойын өзгерте алмаған.

Сондай-ақ, сәрсенбі күні импичмент менеджерлері тобындағы прокурор, Техас штаты атынан шыққан демократ Сильвия Гарсия Сенат мүшелеріне Дональд Трамптың жеке қорғаушысы Руди Джулианидің Украина президенті Зеленскийге жазған ресми хатын таныстырды. Хатта Джулиани Трамп атынан сөйлейтінін жазып, кездесуге ұсыныс білдірген. Бірақ кездесуде талқыланатын мәселе жайлы ештеңе жазылмаған.

Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?

Жаңа куәгер кім?

Осы аптаның басында АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке қорғаушысы Руди Джулианидің көмекшісі Лев Парнас есімді америкалық кәсіпкер Трамп-Украина шуына қатысты ашық сұқбат берді.

Лев Одесса қаласында туған тегі украиналық еврей. Ерте жасында отбасымен АҚШ-қа көшкен. Жылжымайтын мүлік саласында көп жылдар бойы Трамп ұйымымен жұмыс жүргізіп, Руди Джулиани тобында қызмет еткен.


Лев Парнас (ортадағы) Трамп импичмент процесінің негізгі куәгеріне айналуы мүмкін

Лев Парнас (ортадағы) Трамп импичмент процесінің негізгі куәгеріне айналуы мүмкін / Фото politico.com сайтынан алынды


Парнас АҚШ-тың MSNBC басылымына берген сұхбатында өзінің Трамп пен Украина билігі арасындағы бейресми коммуникация арнасындағы хат тасушы қызметін атқарғанын мәлімдеген.

"Руди Джулиани маған Зеленскийдің Байден кейсіне қатысты ашық тергеу амалдарын бастауын жеткізуді тапсырды. Мен Украина президентінің көмекшісі Сергей Шаферге соны жеткізуім тиіс болды. Одан бөлек, Украинаның өзге де жоғары лауазымды тұлғаларымен тікелей және телефон арқылы сөйлесуімнің басты себебі де Трамптың атынан сөйлеуім болды", – деді ол.

Америкалық басылымдар мен түрлі сарапшылар Лев Парнастың куәгерлігі Трамптың саяси мансабына нүкте қоюы мүмкін екенін айтты. Ал Трамп, өз кезегінде Лев Парнасты танымайтынын айтып, оның куәгерлігі шындыққа жақын емес екенін айтқан. Десе де, әзірге Парнастың ресми куәгер болуы Сенат өкілдері тарапынан шешілмеді. Рұқсат берілген жағдайда Парнас мырза куәгер болуға қарсы емес екенін де жеткізді.

Айта кетсек, импичмент менеджерлерінің 24 сағаты аяқталғаннан кейін тыңдауға Трамптың қорғаушы командасы шығады. Бұл процесс келесі аптада орын алады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: АҚШ vs. Иран: әлем баспасөзіне шолу

Егер Сенат куәгерлерді шақыруға рұқсат берсе ...

Cенаттағы импичмент тыңдаулары басталғалы бері америкалық мейнстрим медиа платформаларында шақырылуы мүмкін куәгерлер тізімі жасала бастады. Мысалы, USA Today басылымы Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон импичмент тыңдауында басты куәгерлердің бірі боларын жазса, The Washington Post басылымы республикалықтардың Джо Байденнің ұлы Хантерді куәгер болуға шақыратынын топшылап отыр.

The New York Times басылымының жазуынша, аттары аталған екі тұлға да бұл кейсте маңызды рөл атқарады. Сондықтан екі жақ та қарсыластары куәгерлерінің Сенат мінберіне шыққанын қаламайды. Күні кеше Сенаттағы демократтардың жетекшісі, Нью-Йорк штаты атынан шыққан сенатор Чак Шумер екі куәгерлерді айырбастауға келіспейтінін мәлімдеді.

Айта кетсек, Сенат тыңдауға Трамптың қазіргі аппаратындағы жоғары лауазымды қызметкерлерді куәгер ретінде шақыруға рұқсат бермеді. Енді Трамп-Украина ісіне қатысы бар болуы мүмкін бұрынғы не ресми емес тұлғалар тартылады.

Трампқа импичмент жарияланса, не болады?

АҚШ Конституциясына орай, ел президентіне импичмент жарияланса, оның өз қызметін президенттік мерзіміне дейін жалғастыруы Сенатта талқыланады. Егер Сенат президентті орнынан уақытынан ерте алуды шешсе, келесі президенттік сайлауға дейін президент өкілеттігін вице-президент жалғастырады. Дональд Трамп жағдайында одан кейін оның көмекшісі Майк Пенс тұр.

Егер вице-президент өкілеттікті жалғастыра алмаса, уақытша қызмет Конгрестегі өкілдер палатасының жетекшісіне, қазіргі жағдайда Нэнси Пелосиге беріледі.

Заң бойынша президент қызметін уақытша атқарушының жалпыұлттық сайлау арқылы билікке келген тұлғамен салыстырғанда кейбір конституциялық құқықтары шектеледі.

Серіктестер жаңалықтары