Төртінші тоқсанда оқушылар қалай оқиды? Маңызды 8 сұраққа жауап

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz

Қазақстан мектептерінде 314 347 мұғалім жұмыс істесе, 3 млн 400 оқушы білім алады.

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы жаңа қаулыға қол қойды. Құжат бүгін, 26 наурыздан бастап күшіне енді. Осы орайда Білім және ғылым министрі Шолпан Каринова IV тоқсанда оқу форматы қалай болатынын түсіндірді.

2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында "жасыл" және "сары" аймақтағы өңірлерде барлық мектеп аралас форматта оқуға көшеді. 300-ге дейінгі оқушы білім алатын қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі форматта оқуды жалғастырады.

Қаулыда былай делінген:

  • білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға;
  • қауіп-қатері төмен және орташа аймақтарда (жасыл және сары аймақтар) орналасқан өңірлердегі жалпы білім беретін мектептерде барлық сынып оқушылары үшін сыныптағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға;
  • қауіп-қатері жоғары аймақта (қызыл аймақ) орналасқан өңірлерде: жалпы білім беретін мектептерде 1-сыныптан бастап 5-сыныпты қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-сыныптан бастап 7-сыныпты қоса алғанда, мектеп алды сыныптарының оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға;
  • оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан аралас форматта оқытуға рұқсат (сыныпта 15 адамнан асырмай, "1 сынып – 1 кабинет" қағидаты бойынша оқыту, санитариялық-дезинфекциялық және маска режимін сақтау) рұқсат етіледі.

№1. Ата-ана баласын мектепке жібергісі келмесе, үйде қалдыра ала ма?

Білім министрлігі кейбір ерекше жағдайларда, мысалы бала науқастанса немесе науқастармен байланыста болса, ата-аналардың өтініштері негізінде қашықтан оқуға рұқсат беріледі.

№2. Мектеп формасы талап етіле ме?

Төртінші тоқсанда дәстүрлі немесе аралас форматта оқитын оқушыларға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқушыларға өздеріне қолайлы, ұқыпты және таза киіммен мектепке баруына рұқсат етілген.


Оқи отырыңыз: Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?


№3. Қандай пәндер қашықтан оқытылады?

Әр мектеп сыйымдылығына, жобалық қуаттылығына байланысты оқу пәндерінің қай уақытта, қандай форматта оқытылатынын шешеді. Десе де білім министрлігі қай пәндерді қашықтан ауыстыруға болатыны жайында ұсыныс әзірлеген. Музыка, көркем еңбек, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, информатика пәндерін қашықтан оқытуға болады. Дене шынықтыру пәнін штатты форматта таза ауада өткізуге рұқсат етілген.

№4. Оқушы сабақта маска тағып отыруға міндетті ме?

"Жасыл", "сары" аймақтарда орналасқан мектеп оқушыларынан маска тағу талап етілмейді. "Қызыл" аймақтағы мектеп оқушылары маска тағуға міндетті. Десе де "маска тақпауға болады" деген "сыныптың бәрі маскамен отырмау керек" деген сөз емес. Қауіпсіздік үшін ата-ана мен бала маска тағу не тақпауды өздрі шешеді.

№5. Оқушыдан коронавирус анықталса, мектеп карантинге жабыла ма?

Оқушы коронавирус жұқтырса, өзі оқитын сынып қана каратинге жіберіледі. Мектеп әрі қарай жұмысын жалғастырады.

№6. Мектеп бітірушілер емтихан тапсыра ма?

Мектепті бітіргені туралы аттестат алу үшін 9-сынып оқушылары үш пәннен, 11-сынып бітірушілері төрт пәннен қорытынды емтихандар тапсырады. Емтихан уақыты кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеке шешім шығарылады.


Оқи отырыңыз: "Бірыңғай оқу платформасы бәсекені жояды". Білім беру мамандары президент тапсырмасына неге қарсы?


№7. Соңғы қоңырау қалай өтеді?

Былтыр санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырау әртүрлі форматта өтті. Мектеп түлектеріне құжаттар табыс етілді. Биыл да осындай форматта іске асырылады. Десе де соңғы қоңырау өткізу мәселесі жайлы нақты шешім мамырдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шығарылады.

№8. Эпиджағдай нашарласа, мектептер қайтадан бұрынғы форматқа көше ме?

Шектеу шараларын қатаңдату эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда ("жасыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа көшу) 5 күн ішінде жүргізіледі. Карантиндік шараларды жеңілдету "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "жасыл" аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі. Қатер жоғары аймақтан қатер орташа не төмен аймаққа өткен өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жеті күн бойы тұрақты болса, содан кейін ғана барлық сынып аралас форматта оқиды.

Серіктестер жаңалықтары