Тікелей эфир

"Бірыңғай оқу платформасы бәсекені жояды". Білім беру мамандары президент тапсырмасына неге қарсы?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сарапшылар бірыңғай платформа орнына біркелкі стандарттар мен ортақ ақпарат кеңістігінің архитектурасын әзірлеуді ұсынып отыр.

Қашықтан білім беру форматында басталған жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер мен оқушылар үшін бір емес, бірнеше онлайн оқу платформасын ұсынды. Мұндағы принцип: "Бәсеке бар жерде – даму бар" болатын. Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа жолдауында әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ екенін сынға алып, "толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді" тапсырды.

9 қыркүйек күні Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленетінін мәлімдеді. Дегенмен, бұл монополияға әкелмей ме? Informburo.kz мәселеге үңілді.

Оқи отырыңыз: Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп. Білім беру ресурcтары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

Бірыңғай платформа vs. Бәсекелі жүйе

Президенттің 1 қыркүйектегі жолдауына дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бюджет есебінен бірыңғай платформа әзірлеудің қажет емес екенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Соның нәтижесі – бүгінде бәсекелі орта құру арқылы дайын болған отандық 8 онлайн оқу платформасы қолданыста. Олармен келесі материал арқылы танысуға болады: BilimLand, Daryn.Online, Opiq және өзге онлайн оқу платформалары. Қолдану нұсқаулығы.

Жолдаудан кейін 3 қыркүйекте Үкіметте өткен брифингте білім және ғылым министрі аз уақыт ішінде қашықтан білім алуға арналған отандық бірыңғай платформа құру қиын екенін айтты. Дегенмен, министрлік қашықтан оқу платформаларын біркелкілендіру, ортақ талаптар қою бойынша жұмысты бастап кеткен.

"Наурыз бен сәуір аралығындағы аз ғана уақыттың ішінде бүкіл елге ортақ платформаны әзірлеу өте қиын. Coursera секілді шетелдік баламаларды қарасақ, мұндай платформалар 1-2 жылда дайын болған жоқ. Үлкен платформа әзірлеуге уақыт керек. Онда он мыңдаған сабақ пен қосымша материал, цифрлы білім беру платформалары болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс тиісті түрде ұйымдастырылады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы платформаларды дайындау мен дамытуға мемлекет бюджетінен бір тиын да жұмсалмаған. Бірақ, биылғы жаңа оқу жылында мектептердің таңдаған білім беру ресурсына байланысты оны қолдануға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Оқи отырыңыз: Мыңға жуық ауылда интернет жоқ. Шалғай елді мекендер қашан цифрланады?

E-learning электронды оқыту жүйесіне бөлінген 36 млрд теңге қайда?

Парламент Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, бұған дейін көптеген мемлекеттік бағдарламада:

  • электронды білім беру ресурстарын құру;
  • ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалануға педагогикалық кадрларды даярлау;
  • ақпараттық-білім беру ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар көзделген.

9 жылда бұған 72 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 30 млрд теңгеден астам бөлігі Е-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған. Алайда, депутат білім және цифрландыру министрліктері басшыларының қашықтан оқытуға отандық интернет-платформалар мен оларды ауыстыратын халықаралық алаңдар толық дайын деп сендіргенімен, жаңа оқу жылы қашықтан білім беру жүйесінің сәтсіз болғанын айтты.

"Платформалар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сапалы білім беру мазмұны жоқ, оқу процесінде үнемі істен шығып жатады. Бұған ата-аналардың әлеуметтік желілердегі шағымдары мен пікірлері дәлел. Сондықтан цифрлы технологияларды енгізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуін бақылауды, бірыңғай білім беру онлайн платформасын құруды жеделдету мен оның сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, жаңа оқу жылының басында қашықтан оқыту жүйесін сапасыз дайындағаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарауды ұсынамыз", – деді Жәмилә Нұрманбетова.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова 2010-2013 жылдары Е-learning бағдарламасын қаржыландыруға 36 млрд теңге жұмсалғанын мәлімдеді. 2016 жылдан бастап қаржыландыру толығымен тоқтаған.

"28 млрд теңге – құрал-жабдыққа, яғни, жалпы білім беру процесінде пайдаланылған интерактивті тақталарға, компьютерлерге, серверлік жабдықтарға арналған шығыстар. Қазір олар білім беру ұйымдарының балансында. Есеп комитеті тексеру жүргізді. Қаражатты мақсатсыз пайдалану деректері анықталған жоқ", – деді вице-министр.

Оқи отырыңыз: Ғалымжан Оразымбет: "Цифрлы Қазақстанның" бар кемшілігін пандемия көрсетіп берді

Платформалардың ортақ архитектурасы жоқ

Mediana IT-компаниясының техникалық директоры, Mektep EDUS платформасының авторы Өмірбек Құрбанбаевтың пікірінше, "бір оператор, бір жасақтаушы болсын" деген бастамалар монополияға алып келеді.

"Монополия бар жерде жүйелердің толыққанды жұмысы, дамуы, олардың жетік шыңдалу мүмкіндіктері шектелетіні бар. Біз осы идеяның немен аяқталғанын Е-Learning жүйесінен көрдік. Монополия жүйені жақсарта алмайды. Уақыт өте келе даму бәсеңдейді. айталық, қазіргі таңда медицина саласындағы монополиялық цифрлануды да Damumed тәжірибесінен көріп отырмыз. Ол жердегі проблемалар қазір білінбеуі мүмкін, бірақ, уақыт өте дамудығ баяулағанын байқаймыз", – дейді платформа авторы.

Ол Үкіметтің бірыңғай білім беру платформасын әзірлегеннен гөрі бірыңғай стандарттар мен ортақ ақпарат кеңістігінің архитектурасын қалыптастырғаны дұрыс деп есептейді.

"Мен әлемдік ұстанымдармен даму жолын ұсынар едім. Яғни, мемлекеттік орган бірыңғай стандарттар мен ортақ ақпарат кеңістігінің архитектурасын ғана қалыптастырады. Ал басқа барлық өнім жасақтаушылар сол стандарттарды сақтай отырып, өз өнімдерін нарыққа ұсынады. Бұл жерде барлық софттардың ақпарат қоры мен нәтижелері ортақ цифрлық кеңістікті қалыптастыруға бағытталады. Сонда жүйелер арасында интеграция да оңай өтеді. Яғни, монополия жоқ, ал бәсеке бар. Сонда нарықтың өзі тұтынушыларға қай өнімді қолдану керек екенін көрсетіп отырады. Жақсы өнім одан әрі жақсара түседі, ал нашары нарықтан шығып қалады", – дейді Өмірбек Құрбанбаев.

Мысалы, әлемдік қаржы жүйесінде ортақ стандарттар мен архитектура қалыптасқан. Банктер арасында транзакциялар мен байланыс архитектурасы нақтыланған талаптар жүйеленген. Монополист банк не бірыңғай платформа жоқ. Мұнда әрбір банк осы жүйелік архитектура негізінде өз өнімдері мен қызметін, транзакцияларын жасайды. Қай банк қалай қызмет етеді – соған қарай тұтынушы қаржы жүйесінің бірыңғай қызметіне қол жеткізіп отыр. Жүйе – ортақ, ал сапаны жақсарту – банк мүддесі.

"Білім саласының цифрлы платформасы да осылай дамығанын қалаймын. Осы тұста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзаның дәл осы ұстанымда болғанын дұрыс деп бағалаймын", – деді плафторма авторы.

Өмірбек Құрбанбаевтың Мектеп EDUS платформасына пандемияға байланысты қашықтан оқу платформасы қосылған. Соған орай, сабақ барысында видео-конференция ұйымдастыруға болады. Платформаға 160-қа жуық мектеп қосылған. Бірақ, мемлекеттік деңгейде ортақ архитектура болмағандықтан, жүйенің өз құрылымы бар.

Оқи отырыңыз: "Мектептерді ашуға дайынбыз". Білім министрлігі дәстүрлі оқудың бірнеше нұсқасын ұсынды

Нарықта 7-8 онлайн оқу платформасы болғаны дұрыс

"Зияткер-Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, педагог Өмір Шыныбекұлы "бірыңғай платформа жасау" монополияға қарсы заңнамаға қайшы келеді деген пікірде.

"Президенттің жолдауын дайындауға қатысқандар дұрыс ақпарат бермеген немесе өзге бір ойы болған деп ойлаймын. Бірыңғай платформа құрылса, бәсекеге орын қалмайды. Ал бәсеке болмаған жерде даму болмайды. Меніңше, жалпы жұмыс істеу принципі ұқсас бірнеше платформа болуы керек. Мәселен, BilimLand платформасы жақында бірнеше рет хакерлік шабуылға ұшырады. Сондай кезде білім процесіне қатысушылар өзге платформаға ауысып, жұмысын жалғастыра беруі керек", – дейді педагог.

"Қазбілім" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы да "бірыңғай платформа жасау" идеясымен келіспейтінін айтты. Ол Қазақстандағы цифрландыру саласы елдегі барлық оқушыға қолдана алатын бір платформа жасай алады дегенге сенбейді.

"Бірыңғай платформа жасау ең үлкен қателік болады деп ойлаймын. Мысалы Еgov.kz порталы 42 500 теңге әлеуметтік төлем рәсімдеу тұсында қаншама рет "құлады", сервер қысымды көтере алмады. Сайт сағаттап ашылмай, қаншама техникалық қате болды. Он жылдан астам дамытылып келе жатқан Еgov-тың өзінде жағдай осындай болса, бір елдің барлық оқушысы мен мұғаліміне ортақ платформа жасау қаншалықты мүмкін?" – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Сарапшы бірыңғай платформа монополияға әкеледі деген пікірге де қосылады. Оның сөзінше, монополия мемлекеттік тапсырыстан бас тартқан жағдайда немесе мемлекеттік тапсырысты дұрыс орындамаған жағдайда қайта платформа жасауға тура келеді. Сол себепті бұл салада монополия орнатуға болмайды. Дұрысы нарықта 7-8 платформаның болғаны.

Серіктестер жаңалықтары