Тікелей эфир

Татуаж таратпасы: өкінішті көк індет пе, әлде көп-көрім сән-өрнек пе?

Сурет lotostattoo.kz сайтынан алынды
Сурет lotostattoo.kz сайтынан алынды
Қала жастары арасында ерекше сәндік трендке айналған тән таңба "өнеріне" қазақ қоғамының көзқарасы қандай?

Терісіне көк реңмен түрлі таңба салғызып алған көкөрімді көргенде "батыстың бейәдеп әдетіне әуестенгендер" деп сөгетін аға буын табылады. Ал жаһанданумен жүрегі бір соққан жас ұрпаққа, бозбала мен бойжеткен біткеннің бірқатары үшін қалыпты құбылыс. Тәуекелдер мен қауіптерге қарамастан, татуажға ынтық жастың қарасы қалың.

23 жастағы Еркебұлан:

– Татудың маңызы – ішкі толқыныстарымның эстетикалық көрінісі. Айналамдағыларға ризашылығымды, жақындарыма махаббатымды осы арқылы білдіруге шешім қабылдадым. Үнемі татуажға қарап өмірлік принциптерім есіме түседі. Қайда бет алғаным, қай биікті бағындыруым қажет. Әрдайым жадыма тұтуға жәрдемдеседі, – дейді жас мұғалім. Ағылшын тілінің педагогы мұнысына еш өкінбейтінін, эльф тіліндегі "Алғыс", "Алға", "Жарық" деген леттерингтік татулары өз болмысының бір бөлшегіне айналғанын айтады.


Жас мұғалім алматылық Еркебұланның білегіндегі леттерингтік тату

Жас мұғалім алматылық Еркебұланның білегіндегі леттерингтік тату / Кейіпкердің жеке мұрағатынан


Тату туралы...

Сұлулық салондарының ең табысты қызмет түрі – тату салдыру. Теріні инемен тесіп зақымдай отырып, жасуша ұлпасына бояуды енгізу арқылы денеге өшпейтьін сурет салу. Қыналы суретпен, бодиартпен салыстырғанда өшіру қиын не мүмкін емес.

Денеге сан түрлі сурет салудың түп-төркінін түрмемен байланыстырады. Қылмыстық әлемде әр айыпталушының өз кескіндері болады деседі. Сонымен бірге, кеңестік кезеңде әскерде болғандар арасында естелік ретінде қол-білек не мойын тұсына бөлімше атауы-нөмірін көк сыямен таңбалайтын дәстүр болған.

Әр ел татуды әртүрлі қабылдайды. Жапонияның Осака қаласында 2012 жылдың 6 маусымында Этикалық әдеп кодексіне тату салуға тыйым салып, бұрынғыларын көрсетпейтін киім киіп жүруді міндеттейтін бұйрық қабылданған. Бүгінгі Қытай қоғамында да татуға табу сақталған.

Психология призмасы: Татуға тартар жол

Психолог мамандардың айтуынша, бұл қадамға барудың себебі әр түрлі. Адам татуды қанағаттанбаудан, жан күйзелісінен, өмірлік ұстанымын таныту үшін, жанына жақын адамның көңілін аудару, көпшіліктен даралану мақсатында салдыруы мүмкін. Немесе ішкі дүниенің жетілмеуі, бала кездегі көңілге түскен қаяумен де байланыстырады.


Оңтүстік-Шығыс Азиялық стильдегі жолбарыс бейнесіндегі тату айбаттылықты білдіреді

Оңтүстік-Шығыс Азиялық стильдегі жолбарыс бейнесіндегі тату айбаттылықты білдіреді / Сурет academy.salemtattoo.ru сайтынан алынды


Тіпті өзінің тәнін (инемен) жаралау арқылы жаны жаралы екенін көпшілікке ұғындыруды көздеуі мүмкін дейді. Кейде косметикалық қажеттілік ретінде жарақат орнын немесе оталық тігісті көмескілеп, білдіртпеу үшін салдырады. Бұзақы топтар мен түрмеге отырғандар үшін статусы мен күш-ерекшелігін көрсетудің нышаны. Қалай дегенмен де, біз тізген барлық себептерге ортақ дүние – қоғамның көңілін өзіне аудару.

Көбіне жеткіншектер өтпелі кезеңде, ересектер ішкі эмоциясы мен позициясын айналасына танытпақ ниетпен жасатқанымен, дидактикалық толысу шағына жеткенде албырт ісіне бір сәт болса да өкінеді.

Психолог-психоаналитик Сая Бакимова:

– Ірі көлемдегі суретке құмарлық, көп реттік сеанс қабылдау – тұлғаның физикалық территориясына қандай да бір басқыншылық жасалғанын, зәбір көргендігін, өзінің биологиялық болмыс-бітіміне көңілінің толмайтындығын аңғартады. У да у, дәрі де у. Демек басты өлшем – мөлшерде, – дейді.

Маманның пікірінше, денесінің көп бөлігін татумен таңбалаушылардың жан жарасы жазылмай, санасында ауыр із қалдырған.

Гиппократ ескертеді: тән таңбасы көкіндетке қалай айналады?

Білікті дәрігер, дерматокосметолог Еркін Алдоңғаров татуаждың тері ауруларына, ЖҚТБ, С және Б гепатиттеріне, мерез ауруларына шалдықтыруы мүмкін екенін айтады. Ол:

– Тату жасатушы адамға қауіпсіздік шараларын қатаң ескеретін салондарда сурет салдырғаны дұрыс, – деп ескертеді. Сұлулық салондарында санитарлық тазалық талаптары сақтала бермейтінін де еске салады. Мәселен, денесін "өрнектеген" инені залалсыздандырмай қолданған жағдайда қанға қауіпті инфекциялар түсуі ықтимал. Қант диабеті, эпилепсия, тері ауруларымен ауыратындарға, сондай-ақ жүктілік кезеңіндегілер не емізулі баласы барларға тату салдырудың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.

Мамандар татуаж жасағанда терінің эпидермистік жоғары қабатына 0,8 мм тереңдікпен органикалық бояуды енгізетіндіктен дәрігермен кеңескен дұрыс дейді.

Harvard Health Publications факультетінің редакторы Доктор Роберт Шмерлинг "лицензияланбаған, гигиеналық талаптарға сай емес салонда ине салдыру "аллергиялық реакция, күрделі таяқшалы стафилококк инфекциясы, тіннің қабынуы, келоидты тыртық қалдырып, тіпті тері астында астыртын қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін" екендігін айтады. Тоқ етері – тәуекел коэффициенті өте жоғары.

Таңбалаудың тарихи түбірі

Тарихи деректер бойынша татудың кең таралуы тәнтаңбаға тәнті болған теңізші, географ-ғалым Джеймс Кук 1769 жылы Таити саяхатынан өзімен бірге полинейзий тайпасының өкілі Омаиды ертіп келуінен басталған. Ел таңырқаған Омаидың денесі түгел сурет-тұғын. Сондықтан "тату" сөзі таити тілінен еніп, "сурет" мағынасында қолданылысқа енген. Кейіннен денеге сурет салдыру өзінше мәдениет ретінде қалыптасып, авторлар мектебі құрыла бастады.


Нәзік минимализм жанрындағы гүл тату

Нәзік минимализм жанрындағы гүл тату / Сурет pinterest.co.uk сайтынан алынды


Кейбір ғылыми еңбектерде "әлеуметтік мәртебе төлқұжаты" есебінде ортағасырлық Еуропа ақсүйектері алаяқтарға тырма іспетті, ал жол торушы қарақшыларға мүйіз формасындағы таңба басқаны айтылады. Осман империясында да некелі бола тұра зинақорлыққа барған әйелдерге қыздырылған темір басу жаза түріне қолданылған.

Академик, фольклорист С.Қасқабасов бодиарт (дене-өнер) деңгейіне көтерілген таңба салу әдісі Африка-Австралия құрлықтарының байырғы халқынан келгенін айтады.

Таңба – тарихи-этнографиялық күрделі ұғым. Түркология ғылымында таңбалар ілімі өте ежелгі дәуірлерден, прототүркілерден бастау алады. Тілдік тұрғыда тілші ғалым Манасбай Қожанұлы таңба атауының тарихи хроникалық деректерде "Белгү (VІІ-VІІІ ғ.), Туғрағ (VІІ-VІІІ ғ.), Тамға (V-VІІ ғ.), Мүһүр-мөөр (ХІV ғ.) ретінде түрленіп бізге жетіп отыр" деген. Белгі мен таңба тілдік бірліктерінің мағыналық аясы кеңейіп, сакральді рәміздік мәнге айналғанын айтады.

Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз барымтасы бар далада малына белгі салған: тайға таңба, түлікке ен. Әр ру – өзінікін, бай-сұлтандар жеке мөрін.

Діни көзқарас

Ілкі дәуірлерде мысырлық перғауындар өзінің құдайға берілгендігінің атрибуттық дәлелі ретінде татуды өте көп мөлшерде пайдаланған.

Ал иудаизмде тәнтаңбаға қарсылық білдірілген. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде сак янт немесе янтра деп аталатын қорғаушылық сенімдегі татулар әлі күнге дейін қолданылыста. Будда дінінің құлшылық түрлері мен символдары жиі салынады.

Машақаты көп "сән" үлгісі мұсылмандарға таңсық, мұндай әрекетке қарсы. Мұхаммед пайғамбар хадисінде "Алла Тағала денеге сурет салғандарды да, салғызғандарды да лағынеттеді…" делінген.

– Денеге қандайда бір белгі салуға шариғат мүлде тыйым салады. Құран кәрімде "Біз адам баласын ардақты етіп жараттық" делінген. Сондықтан неше түрлі таңба салуға болмайды, – дейді имам Жақсыбек қажы Әбиұлы.

Татуды насихаттаушы "жұлдыздар" самсаған заман

Тату-өрнекке әуес өнер адамдары әлемде мың сан. Батыс пен Америкада тәнге таңбаланған тату топтамасы – биографиялық галерея ретінде қабылданады.

Дүние дидарын танитын актриса Анжелина Джолидің тұла бойында оннан аса таңба бар. Әр суреттің өз сыры барын айтқан голливуд жұлдызы "Тату – менің тілсіз диалогым" дейді. Орыстілді медиаресурсқа ортақ Тиматидың да бояудан бойының сау тамтығы жоқ.

Отандық эстрада жұлдыздары қатарында татуды құп көретіндер бар. Луина, қазақстандық рэпер Дилани, Шәмси, Мақпал Исабекова т.б. қолдары мен мойын тұстарына әртүрлі мағынадағы тату салдырған. Атақты зілтемірші, олимпиада чемпионы Илья Ильин де спорттағы жетістігінен бөлек, "Джокер" деген татуировкасымен танымал.


Шеберлердің айтуынша этнографикалық татуды жасататын спорт толағайлары да жетерлік. Ұлттық құндылықтар стилінде күнбасты адам, көкжал, алтын адам т.б. үлгілерін жасатады.

Кәмелетке толмағандарға көкөрнекке тыйым салынады

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22-бабына сәйкес, он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарге тіс жұлдыруға арналған анестезиялық егуден тату-отаға... дейін ата-ана хабардар болып, рұқсатын беруі тиіс.

Тату салонында жасөспірімнен жеке куәлігін талап етіп, қызмет көрсету туралы келісімшарт пен тауардың сапасы жайлы мәліметті ұсынуы қажет. Сондай-ақ тату саларда баланың қасында ата-анасы болуы немесе олардың нотариалдық рұқсаты керек. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған талаптар орындалмаған жағдайда кәмелет жасына толмаған азаматқа тату салу заңсыз деп танылады.

Тату шеберлерінің пікірі

Сән салоны мамандары тату салуға сұраныстың жоғары екенін айтады. Бағасы 7 мың теңгеден басталып 100 мыңнан асып жығылады. 16-дан 80 жасқа дейінгі әртүрлі ұлт өкілдері жынысына қарамастан салдыра береді.


23 жастағы Богдан Черномаздың бойында 30-ға жуық тату бар

23 жастағы Богдан Черномаздың бойында 30-ға жуық тату бар / Сурет vladivostok3000.ru сайтынан алынды


Қазір химиялық, синтетикалық бояулардың 30-дан аса түрі бар. Құрамындағы метил спирті, альдегидтер, этилен-гликоль, денатучат тағы басқа зиянды қоспалар теріңізді тітіркендіріп қана қоймай, бүлдіруі де мүмкін. Еуропа химия агенттігі (ECHA) қауіпті бояу құрамында 4 мыңдай қоспа бар екенін мәлімдеп, бояу өндірушілерден химикаттық құрамын азайтуды талап еткен.

Аттай қалап салдырған таңбасынан айнып қалатындар өшіру үшін хирургиялық не лазерлік ота жасатады. Бірақ, мұның өзі теріңізді бұрынғы қалпына келтіре алмайды. Сондықтан шеберлер біржола жасауға келісімін алады.

Процесс барысында шебердің клиникалық бірреттік қолғапты киюін қатаң қадағалау керек. Татуды салдырып болғаннан кейін де күтініп, уақтылы дерматологқа қаралып тұру қажет.

Татуға да күтім керек

Тату сеансынан кейін 2 реттен 5-7 күн бойы сабынмен мұқият жуу керек. Хлоргексидинмен өңдеп, құрамында декспантенол (бепантен, пантенол, декспантенол және т.б.) бар маймен майлау және киімге қажалмас үшін сіңіргіш пеленкамен жабу қажет. Сеанстан кейін екі апта ішінде белсенді физикалық жүктемелерден, тікелей күн сәулесінің әсерінен және алкоголь ішімдіктен бас тартқан жөн.

P.S.

Pew Research Center жобалар институтының зерттеу қорытындыларына сәйкес жастардың 40%-ы бір рет болса да тату жасатып көруді қалайды. Алматыдағы 20 мың тұтынушыға қызмет көрсеткен салонның маңдайшасындағы "Сіздің теріңіз өнердің тірі шығармасына айналады" деген жарнамаға арбалған жас көп.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары