ҰБТ-ға дайындалуға арналған 10 онлайн платформа

ҰБТ тапсыруға дайындалып жүрген оқушыларға қажет онлайн платформалар топтамасы.

Бүгінде мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға қашықтан дайындалуына мүмкіндік беретін бірнеше онлайн платформа бар. Информбюро тілшісі оқушылар арасында сауалнама жүргізіп, ең жиі таңдалған курстар топтамасын жасады.

Daryn.online

"Дарын онлайн" платформасында оқушыларға ҰБТ, Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-инновация лицейі, Республикалық физика-математика мектебіне дайындалуға арналған, робототехника, қаржылық сауаттылық, мамандық таңдау сынды курстар, мұғалімдер мен ата-анаға арналған курстар бар. 

ҰБТ-ға жеке пәндерден, негізгі пәндерден және тест тапсыратын бес пәннен дайындық курсы қарастырылған. Тақырыптар алдын ала дайындалған видео-сабақ түрінде түсіндіріледі. Онда мұғалімдер презентация және онлайн тақта қолданады. Әр сабақтан кейін оқушылар тест тапсырмаларын орындап, мұғалімге сұрақ қоя алады.

Бағасы бір пәнге – 9900 теңге, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихына дайындық – 29 000 теңге, негізгі және таңдау пәндерін қамтитын курс 69 000 теңге тұрады. 

Joo.kz

Платформада ҰБТ-ға дайындық курсы, мамандық таңдау, Қазақстандағы бүкіл ЖОО жайлы өзекті ақпарат және ҰБТ-да жинаған баллмен грантқа түсуге арналған кеңес беру бөлімі бар.

ҰБТ-ға дайындық курсында тақырып бойынша видео-сабақтар түсірілген. Тақырыпты бекіту үшін күніне 2-3 сынама тест беріледі. Апта сайын ҰБТ сынама тесті болады. Ал оқушы осы платформа арқылы дайындалып грантқа түспесе, төлемді 100% қайтарып береді. 

Бағасы: стандарт бөлімі үшін – 84 000 теңге, ал премиум бөлімі 99 600 теңге тұрады. Премиумның стандарт бөлімнен айырмашылығы – модератор, күнделікті тікелей эфирге қатысу мүмкіндігі, мамандық таңдау және кепілдік. 


Оқи отырыңыз: ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетудің 7 жолы қандай?


iTest

"Бұл жобаның басты мақсаты – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағына онлайн дайындықты қызықты әрі жеңіл ету" деп жазылған платформа сайтында. 

Мұнда кірген тест тапсырмаларын дайындауға ҰБТ-ға жауапты ресми мекеменің іріктеуінен өткен кеңесші-әдіскерлер мен оқытушылар қатысқан. Жүйеде әр пәнге арналған ондаған нұсқасы бар көп деңгейлі тест тапсырмалары жинақталған. Оған қоса, қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін түсініктеме және тақырыптарға шолу жасайтын конспектілер мен лекциялар топтамасы бар.

Бағасы 300-8391 теңге аралығында. Оған бір аптадан бастап, бір жылға дейін жазылуға болады. 

Қазбілім

Республикалық "QAZBILIM" орталығы оқушыларға ҰБТ сынағына онлайн форматта да дайындық курсын өткізеді. Оқу сауаттылығы аптасына – бір рет, қалған сабақтар аптасына 2 рет болады. Әр сабақ 60 минутқа жоспарланған және қосымша кері байланыс жүргізіледі. 

Оқу материалдары, айына бір рет мотивациялық тренинг, қажетті бағыт-бағдар тегін.Тегін сынама сабақ қарастырылмаған.

Бағасы: бір пән – 16 000 теңге, екі пән – 26 000 теңге, үш пән – 34 000 теңге, төрт пән – 40 000 теңге, бес пән – 43 000 теңге.

Staystudy.kz

Әр сабақтың ұзақтығы – 60 минут. Мұғалімдер сабақтарды презентация және онлайн тақта арқылы жүргізеді. Сабақтан кейін үй тапсырмасы беріледі. Оқушылар чатта сұрақ қоя алады. Әр айдың аяғында білім тексеру тесті өткізіледі. Топтық және жеке сабақтар қарастырылған.

Бағасы: бір пән – 7000 теңге, екі пән – 10 000 теңге, бес пәнді кешенді оқыту – 15 000 теңге.

UBT Line

ҰБТ-ға дайындауға арналған онлайн-платформа. Сайт пен мобильдік қосымшаcы бар. Куратормен және мұғаліммен тікелей байланыс жасауға болады. Дайындық пәндерімен бірге емтихан кезіндегі қобалжу мен уақытты тиімді пайдалануға арналған психологиялық қолдау сабағы қарастырылған. Әр пәннің базасы үш айға негізделген қырық сабақтан тұрады.

Бағасы: бір пәннен дайындалу – 30 000 теңге, негізгі пәндер – 60 000 теңге, бес пән және психологиялық дайындық курсы, мұғаліммен кері байланыс  – 80 000 теңге. Алғашқы сабақ тегін.


Оқи отырыңыз: Шетелдегі қандастар Қазақстан ЖОО-ларына ҰБТ тапсырмай түсе алады. Бұл үшін "Отанға барар жол" байқауына қатысу керек


Sabaq Online

Sabaq.online – 1-11 сынып оқушылары мен ата-аналарға арналған онлайн платформа. Оқушылар ҰБТ сынағына дайындала алады. Ал мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру және кәсіптік оқыту, ата-аналарға балаларды дамыту бойынша сабақтар да бар.

Дайындық курсы көпқұрамды. Оған 8-12 минуттық видео сабақ, бірнеше форматтағы тапсырмалар мен көмекші құралдар кіреді.

Бағасы: бір ай үшін – 15 000 теңге, бір жылға – 108 000 теңге.

Megamath

ҰБТ-ға онлайн дайындық курсында бір, екі, үш және бес пәннен дайындық топтары бар. Сабақтар арнайы платформада тікелей эфирде өтеді, куратор тағайындалып, оқушыларға үй тапсырмасы беріледі. 

Бағасы: екі пәнге толық дайындық – 2 7900 теңге, бес пәннен дайындық 44 900 теңге тұрады. Оған психологиялық блок, тайм менеджмент және тез оқу курстары тегін беріледі. Сонымен қатар 6 ай қайталау сабақтары қолжетімді.

Juz40_online

Курста ұстаздар тақырыпты тікелей эфирдегі сабақта түсіндіреді. Әр сабақтан соң оқушыға арнайы тапсырмалар, есеп жинақтары беріледі. Апта сайын байқау тесттерін тапсыруға болады. Куратормен кері байланыс бар. Апта сайын үздік нәтиже көрсетіп, айлық рейтингте 1-орын алған оқушыға келесі айға тегін жолдама беріледі. 

Бағасы таңдау пәндеріне қарай әртүрлі: 109 000 теңгеден 134 000 теңгеге дейін бағаланады. Екі пәннен бір айлық курс – 17 000 теңге, үш пәннен бір айлық курс 25 000 теңге тұрады.


Оқи отырыңыз: Мектепте физика, химия, биологияның сағаты неге азайды және оның ҰБТ нәтижесіне кері әсері бар ма?


EduWay

Білім беру платформасында интерактивті видео сабақтар топтастырылған. Әр тақырыптан кейін арнайы онлайн тест және байқау сынағын тапсыруға болады. Ұстаздар тікелей эфирде де сабақтар өткізеді. Куратормен кері байланыс қарастырылған.

Сонымен қатар оқушылар testcenter.kz, ent.5plus.kz, testter.kz, Е-ubt.kz порталдарында ақылы түрде сынақ тестін тапсыра алады.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары