Алматы маңында табиғат аясында демалып қана қоймай, көлге қармақ салып, балық аулайтын жерлер жетерлік. Informburo.kz Алматының айналасында 100 шақырым жерде орналасқан көлдер, демалыс орындары мен форель шаруашылықтарын тізіп, ол жерлерде қандай балықтарды аулауға болатынын анықтады.
Байсерке
Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 85 шақырым жерде орналасқан көлден ақылы түрде балық аулайтындар көп, өйткені дәл осы көлде аймақтағы ең ірі сазан ауланады.
Көлге қалай баруға болады? Қапшағайға қарай үлкен трассамен жүріп, стеладан оңға қарай Байсерке ауылына бұрыласыз. Тура жүріп, ескі Қапшағай трассасы бойымен жүресіз. Солға ауыл жаққа қарай бұрыласыз. Байсерке ауылы арқылы өтіп, әрі қарай сол жақтан көрінетін Дмитриевское көліне қарай жүресіз. Оң жақта "Балық аулау" деген белгі тұрады. Көлдегі балықтар:
- сазан;
- мөңке;
- алабұға;
- тұқы.
"Нұрлы Тау"
Алматы маңындағы ең ірі форель шаруашылығы. Қаскелең шатқалында орналасқан. Жандосов көшесінен Қаскелең трассасына қарай жүріп, Қаскелеңге жеткен соң солға бұрылу керек. Әрі қарай форель шаруашылығына дейінгі жол – 13 шақырым.
Мұнда арнайы бассейндерде форель өсіріледі. Келушілер сол жерден балық аулап, оны мейрамханада дайындауға болады.
Талғар форелі
Талғар форль шаруашылығы Талғар қаласы, Абай көшесі 1/1 мекенжайында, тау өзенінің жағасында орналасқан. Алматының орталығынан 45-50 минутта жетуге болады. Алматылықтар жиі баратын демалыс орындарының бірі. Жазғы балық аулау мамыр-маусым айында басталып қыркүйек айына дейін жалғасады. Ал қысқы маусым қазан айында басталып, сәуір айына дейін жалғасады.
1 келі форельді аулау – 3 500 теңге, ал қармақты жалға алу бағасы – 300 теңге. Форельді сол жерде пісіріп жеймін десеңіз тағы 500-600 теңге төлеуіңіз керек.
Оқи отырыңыз: Балықты рұқсатпен аулау үшін не істеу керек?
"Восемь озер"
"Восемь Озер" демалыс орталығы тәжірибелі және әуесқой балықшылар үшін таптырмас орын. Алматы облысы, Талғар ауданы, Тереңқара ауылында Мәметова 1а/1 мекенжайында орналасқан. Алматыдан көлікпен шамамен бір сағатта жетуге болады.
Үлкен аумақты алып жатқан курортта 8 көл бар. Мұнда қолайлы экологиялық жағдай болғандықтан балықтың сегіз түрі жасанды жеммен қоректенбей көлдерде өсіріледі.
Балықтар:
- көксерке;
- шортан;
- алабұға;
- сазан;
- дөңмаңдай;
- тұқы;
- мөңке;
- ақ амур.
Керек-жарақтарды жалға алуға болады. Балық аулау бағасы: жұмыс күндері – 2 800 теңге (бір лицензияға 5 келі балық), демалыс күндері – 3 800 теңге (бір лицензияға 5 келі балық). 5 келіден кейін балықтың әр келісі – 1 500 теңге. Лицензиясыз балық аулағаны үшін әр қармаққа 10 000 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Ауланған балықты балық цехында өлшеу қажет. Онда балықтың салмағы мен атауы көрсетілген арнайы түбіртек беріледі. Одан кейін кассада түбіртекке мөр басу керек. Содан соң ғана кешен аумағынан тыс балық шығаруға рұқсат етіледі.
Ворошиловский көлі
Алматы қаласынан 35 шақырым жерде Алматы облысы Іле ауданында орналасқан. Чапаев пен Комсомол ауылдарының арасында құс фабрикасына жетпей солға бқрылу керек.
Көлдегі балықтар:
- ақ амур;
- мөңке;
- көксерке;
- тұқы;
- ақбалық;
- сазан,
- қаракөз;
- дөңмаңдай;
- табан балық.
Таңғы 5.00-ден 23.00-ге дейін көл аумағына кіру: жаяу жүргіншілер – 2 000 тг, жеңіл көлікпен – 3 000 тг, әр қармақ үшін – 1 000 тг.
Оқи отырыңыз: Қамбаш
"Ақши қонысы"
Ақши қонысы Алматыдан 79 шақырым жерде Алматы – Қорғас трассасының бойында орналасқан. Демалыс орнының маңындаға көл мөлдір таза артезиан суымен ерекше. Мұнда жазда да, қыста да балық аулауға болады.
Балықтар таза ағынды артезиан суы бар табиғи ортада өмір сүреді. Көл ағынды сулармен ластанбаған, басқа көлдердей көп тұрып бұзылмайды. Сол себепті суда мекендейтін балықтардан иіс шықпайды, қабыршақтары болса алтын секілді жылтырайды. Балықтар жасанды жеммен қоректенбейді. Қолайлы экологиялық жағдайға байланысты мұнда балықтың бес түрі өсіріледі:
- тұқы;
- сазан;
- амур;
- форель;
- сібір бекіресі.
Балық аулау бағасы секторға байланысты, толығырақ сайттан білуге болады.
Бартоғай су қоймасы
Алматыдан шығысқа қарай 186 шақырым, Енбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Бартоғай су қоймасына Құлжа трактісі арқылы Көкпек ауылына қарай жеке автокөлікпен жетуге болады.
Су қоймасы Торайғыр және Сюғаты таулардың арасында орналасқан. Балық аулау тегін. Су қоймасында форель мен сазан бар.
Тенир көлі
Алматы қаласынан шамамен 30 шақырым жерде, Боралдай ауылынан батысқа қарай 10 шақырым жерде орналасқан. Бұл көл балықшылардың арасында тұқы фестивалі өтетін орын ретінде белгілі. Барлық жер 12 секторға бөлінген, үстел және орындықтармен жабдықталған күркелерді жалға алуға болады. Көлде артезиан ұңғымасынан шығатын таза ауыз суын іше аласыз.
Балықтар:
- амур;
- дөңмаңдай;
- табан;
- көксерке;
- мөңке;
- қаракөз.
Сонымен қатар, көлге шаян жіберілді. Көксерке мен мөңке балық табиғи жолмен көбейеді. Көл маңын ондатр мен суда жүзетін құстар мекендейді.
Балық аулау бағасы: бір адамға күндіз – 2 000 теңге, тәулігіне – 3000 теңге.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы су тазалығы алаңдатады. Бурабайға неге суға түсуге болмайды?
Қапшағай
Қапшағай су қоймасы Алматыдан 60 шақырым жерде, Іле өзенінің арнасында орналасқан. Ұзындығы – 110 шақырым, ал тереңдігі 45 метрге дейін жетеді. Жергілікті тұрғындар Теңіз деп те атайды. Мұнда көптеген балық аулау базалары, шипажайлар мен демалыс лагерлері бар.
Суда мекендейтін балықтар:
- ақ амур;
- беріш балық;
- ақ балық;
- мөңке;
- тұқы;
- сазан;
- алабұға;
- табан балық;
- торта;
- жайын,
- көксерке және т.б.
Іле өзені
Іле өзені аймақтағы ең маңызды өзен дейге болады. Бастауын Тянь-Шань тауларынан алып, Алматы облысының барлық аумағын басып өтіп Балқаш көліне құяды. Өзенде жүзетін балықтар:
- көксерке;
- амур;
- сазан;
- жайын;
- ақмарқа;
- мөңке;
- табан балық.
Ілеге қармақ алып өзіңіз барсаңыз да немесе өзен жағасында орналасқан бірнеше демалыс орындарына барып, керек-жарақ алып балық аулауға болады.