Тікелей эфир

"Мал ағаш төңкесін мүжиді". Түркістан облысында мал жайылымына демалыс орындары салынып жатыр

Төле би ауданындағы 4 ауылдың 4 200 гектар жайылымы 10 есе қысқарған.

Түркістан облысындағы Қасқасу ауылының тұрғындары мал жайылымының бірнеше жылда 10 есе азайып кеткенін айтып, дабыл көтерді. Айтуларынша, бұрынғы жайылымдардың орнына бүгінде демалыс аймақтары көптеп салынып жатыр. Ал ашыққан мал ағаш төңкелерін кеміріп бастаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшілерінің сұрағына жауап берген Қасқасу ауылының тұрғыны Ерлан Бексейітовтың айтуынша, ол жайылымның жоқтығынан екі үйір жылқысын ауласына байлап қойған. Жем-шөпті сатып алуға мәжбүр. Олда жетпейді. Жабағылардың бәрі жүдеп, қыстан әрең шыққалы тұр. Бір бау шөп бағасы 2 мың теңге, ал бір келі жемді 200 теңгеге сатып алады. Ал екі үйір жылқы бір тәулікте 25 бау шөпті жеп қояды.

Тау бөктеріндегі тұмса табиғаттың аясында орналасқан ауылдардың тұрғындары жайылым жердің жоқтығына налиды. Жайылымның біраз бөлігін шетелдіктер иемденіп алған деген күмәндері де бар. Төрт ауылдың 4 200 гектар жайылым қазір 10 есе қысқарыпты.


Оқи отырыңыз: 


Бұрынғы жайылым аумағында зәулім коттедждер мен моншалар көп бой көтерген. Кейбірі қора аумағын қоршап, одан артылған бос аумақты да иемденіп алған. Ауыл әкімінің есебінде осыны шырылдап айтқан жұртқа аудан басшылығы басу айтуға тырысты.

"Жайылым деген жерлерді сыртынан демалыс аймағы деп пайдаланып отырған фактілер болса, біз құзырлы орындарға шығып, оны міндетті түрде қайтартамыз", – деді Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев.

Қалың қауымға тиесілі аумақты қайтара алмаса, жұртшылық Президенттен көмек сұрауға мәжбүр. Өйткені, жайылымның жайы, малдың шұрайы болмаса, көктемде төрт түліктің еті де, бағасы да тағы күрт қымбаттап кетуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары