Салқын ауа райында адам ағзасының түрлі инфекциядан қорғанысы төмендейді. Қысқы мезгілде ағзаға күн сәулесі жетпейді, сол себепті иммун жүйесін нығайтуға көмектесетін D дәруменінің қоры азаяды. Осылайша адамдар басқа уақытқа қарағанда суықта инфекцияны тез жұқтырады.
Informburo.kz суықта пайда болатын және асқынатын аурулардан сақтану, емделу жолдарын айтады.
Тұмау
Тұмау – тұмау вирустары қоздыратын жұқпалы ауру. Тұмау жіті респираторлық вирустық инфекция тобына жатқанымен, мұны жай ғана суық тиюмен шатастырмау керек, өйткені өкпе, жүрек, ми қабынуының асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал.
Тұмау белгілеріне дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, жөтел, бас ауыруы, бұлшықет пен буын ауыруы, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы және басқа да симптомдар жатады.
Тұмауратқанда үйден шықпай, көбірек демалып, жылы сұйықтық (су, шай, компот, морс, сорпа және тағы басқа) ішу керек. Дене қызуы түспей, тыныс алу қиындап, ентіге бастағанда, кеуде тұс, іш ауырса, бас айналса дәрігерге жүгіну қажет. Тұмаудың алдын алу үшін қолды үнемі сабындап жуып, қоғамдық орындарда маска тағып және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырған жөн.
Оқи отырыңыз: Гриппол плюс және Инфлювак тетра. Тұмауға қарсы қандай екпе алған дұрыс?
Менингит
Мениннит – өте қатерлі ми ауруы. Менингококк инфекциясы қыста және ерте көктемде өршиді. Көбiне суықтан пайда болатын бұл ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Инфекция ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Иммундық жүйесінің қалыптаспауына байланысты бес жасқа дейінгі балалар онымен жиі ауырады.
Менингит белгілері: бастың қатты ауыруы, шөлдеу мен құсу, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бозару, тәбеттің төмендеуі, бөртпе, әлсіздік, арқа және аяқ қолдың ауыруы. Белгілердің бірі байқалса міндетті түрде дәрігерге жүнінген жөн. Аурудың тұмау, баспа, тонзиллит сияқты зиянсыз ауруларға ұқсап, жеңіл өтуі мүмкін, сондықтан өте қауіпті.
Бұл дерттен қорғану үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керек, сондай-ақ, суықтамау және ауа-райына қарай киіну керек. Жеке гигиена ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстану қажет.
Оқи отырыңыз: Миқұрт (менингит) кеселі. Бұған дейін де болып тұратын дерт төңірегінде неге шу шықты?
Отит
Отит немесе құлақтың қабынуы. Құлақтың қабынуының лас су арқылы құлаққа инфекцияның түсуі, толық емделмеген инфекциялық аурулар, ұзаққа созылған салқын тию секілді бірнеше себебі болуы мүмкін.
Отит сыртқы, ортаңғы, ішкі деп бөлінеді. Құлақ ауырса, ірің немесе іріңді шырышты сұйықтық бөлінсе, есту қабілеті нашарласа және құлақ бітеліп қалса, қызарса, әлсіздік, ұйқышылдық, бас ауруы мен айналу, құлақта шу пайда болса дереу дәрігерге қаралу қажет. Үйде емделу соңы созылмалы отитке, тіпті құлақтың мүлдем естімей қалуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Құлақ инфекциясының жиі кездесетін түрі – ортаңғы құлақтың қабынуы. Ортаңғы құлақ қуысына суық тиіп, қабынғаннан және жасушалардың ісінуінен пайда болады. Асқынған құлақ инфекциясы аз уақыттың ішінде дамиды және ауыр түрде өтеді.
Отитті дәрі-дәрмекпен, физиотерапия және хирургиялық жолмен емдейді. Құлаққа тамызатын тамшылар мен антибиотиктерді дәрігер кеңесімен пайдаланған жөн.
Отиттің алдын алу үшін құлақты үнемі тазалап, ішкі және сыртқы қабатын жуып отыру керек. Суық күнде құлақты жылы ұстап, бас киім киіп жүру қажет.
Гайморит
Гайморит – үстіңгі жақта орналасқан мұрынның қосалқы қуысының қабынуымен сипатталатын ауру. Бұл дертпен адамдар көбінесе суық мезгілде ауырады. Әсіресе, жеңіл киініп, денсаулығына немқұрайлы қарайтындар ауруға тез шалдығады. Сондықтан, гаймориттің алғашқы симптомдарын байқаған соң, бірден отоларинголог маманға көріну керек.
Гайморит белігілеріне ұзақ уақытқа созылған мұрын ауруы және бітелуі, көздің жасаурауы, басты төмен еңкейткенде маңдай тұсының солқылдап ауыруы, дене қызуының 38 градусқа дейін көтерілуі, әлсіздік пен тез шаршау, мұрыннан сары-жасыл түсті сұйықтықтың көп мөлшерде бөлінуі, бет сүйегінің ауыру сезімі және басқа да белгілер жатады.
Бұл дерттің алдын алу үшін салқын тигізбеу, тұмау ауруының кез келген белгісі байқала салысымен емдеу және салауатты өмір салтын ұстанып, иммунитетті ұдайы нығайту қажет.
Үй жағдайында емдеу жолды мына сілтемеде.
Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі
Бронхит
Бронхит – бронхтардың шырышты қабатының қабынуы. Бронхитке көбінесе жөтел тудыратын инфекциялар себеп болады, алайда бронхит созылмалы да болуы мүмкін. Бұл әдетте өкпеге ауа өтетін түтікшенің ішіне төселген тіндер қабынған кезде болады. Бұл түтікшелер бронхтар деп аталады. Әдетте адамдардың бронхитпен ауыруына суық тиюі немесе тұмау себеп. Бронхиттің басты белгісі – бірнеше аптаға дейін созылатын ұзақ жөтел.
Көп жағдайда бронхит өздігінен кетеді, бірақ ол үшін бірнеше апта қажет. Бронхит антибиотиктпен емделмейді, себебі антибиотик бактерияларды ғана жояды, ал бронхитке көбіне вирустар себеп болады. Жазылып кету үшін мына шараларды жасаңыз:
- демалу, көп мөлшерде сұйық ішу;
- тамақтың тітіркенуін қойдыратын дәрі-кәмипиттер сору;
- тұмау мен жөтелге қарсы дәрілер ішу, салдыру.
- жылы, ылғал ауамен, мысалы небулайзер арқылы тыныс алу.
- басыңыз ауырып, бұлшықетіңіз сырқыраса, ауру сезімін басатын дәрілер ішу, салдыру.
Цистит
Цистит немесе қуықтың қабынуы. Қуыққа инфекция түскеннен пайда болады. Аурудың дамуына қуықтың шырышты қабығын тітіркендіруге дененің қатты тоңуы себепші болуы мүмкін.
Денеге суық тию циститтің дамуына жанама әсер етуі мүмкін, себебі ағза күш түсіп, иммунитет әлсірейді. Сол кезде инфекцияға қарсы тұру қиынға соғады. Сол себепті жылы киініп, салқын суға шомылмай, салқын жерге отырмау керек. Дене ауырса жылы ванна қабылдап, жылы су көп ішіп, жиі дәретке шыққан абзал. Осылайша ағза инфекциямен оңай күреседі. Денені суықтатуға болмайды. Жалпы зәр анализін тапсырып, қажет ем тағайындау үшін нефрологқа жүгініңіз.
Зәр қызыл түсті болса, арқа немесе іштің екі жағы ауырса, дене қызуы көтеріліп, лоқсу не құсу секілді белгілер болса тезірек дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.