Тікелей эфир

Төрегелді Шарманов: Ең сұлу адам – денсаулығы жақсы адам

Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық қордың Қамқоршылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Төрегелді Шарманов – Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы, Қазақ тағамтану академиясының президенті. Әлемдік денсаулық сақтауға қосқан зор үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары наградасы – Леон Бернард медаліне ие болды. Оның бастамасымен 1978 жылы Алматы қаласында ДДСҰ мен ЮНИСЕФ қолдауымен алғашқы-медициналық және санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференция өтті. Аталмыш конференцияда әлемдік денсаулық сақтау саласындағы негізгі құжаттарының бірі Алматы декларациясы қабылданды. Декларацияда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы көрсетілді.

Академик теміртапшылықты анемия, йод тапшылығы, А витамині мен фолий қышқылының жетіспеушілігін жою, нәрестелерге ана сүтін емізуді қолдау, ғарышкерлер мен спортшылардың тағамдары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға арналған емдік-профилактикалық тамақ өнімдерін әзірлеу жөніндегі халықаралық ғылыми жобалардың жетекшісі. Сонымен бірге бие сүтінің негізінде бірегей өнімдер әзірледі. 

Биыл Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық қор ашылды. Қордың басым бағыттарының бірі – ғалымдарға халықаралық сыйлық тағайындау арқылы олардың денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өту. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы Төрегелді Шармановтың өзі. Қамқоршылар кеңесінің құрамында Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов сынды белгілі қоғам қайраткерлері мен әлемге әйгілі қазақстандық дәрігерлер Юрий Пя, Серік Ақшолақов бар.

Тоқсаннан асқан Төрегелді Шарманов бар саналы ғұмырын қоғамға, адамзатқа қызмет етуге, денсаулық сақтау мен тағамтану саласын дамытуға арнап келеді. Академик өмірлік ұстанымы – әркез адамдарға көмектесуден, қоғамға пайдасын тигізуден таймайды. 

Адамның бақыты – тәуелсіз болуда

1978 жылы Бүкіл дүниежүзі тым-тырақай таласып жатқан уақытта халықаралық конференцияны Алматыға бұрып алып, әйгелі Алматы декларациясын  қабылдадым. Ол кезде денсаулық сақтау министрі едім. "Адамзат тарихындағы ең ұлы конференция" деген пікірлер айтылды. Конференцияның тақырыбы – "Адамзатқа денсаулық" ұранға айналды.  Одан кейін талай іс-шара өтті, біз өткізген конференция сол деңгейінде қалды. Былтыр қырық жылдығын тойладық. Сол уақыттарда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Кеңес одағы саяси бюроның мүшесі болды. Егемендік Қазақстанда жоқ болатын. КСРО құрамындағы 16 республиканың біреуі едік. Қайда, қандай жұмыс істесек те Мәскеуге тәуелделігімізді көрсеттік. Қазір шүкір, тәуелсіздікке құқығымыз жетеді.

Адам өмірінде, ең бірінші бостандықты, тәуелсіздікті қажет етеді деген ойға келдім. Мемлекет басқаға тәуелді болса сен де тәуелдісің. Тәуелді мемлекеттің мүшесі бола тәуелдімін деу жай ғана қате емес, ол – отаныңды сатқандық. Сондықтан тәуелсіздігімізді сақтап қалып, биыл отыз жылдығымызды атап өткелі жатырмыз. Бұл ең бақытты көрініс. Адамның бақыты, бағы тәуелсіз болуда дер едім. Мемлекет тәуелсіз болса ондағы әрбір азамат та тәуелсіз. Ешкімге ешқандай тәуелділік көрсетпейміз, сондықтан да бақытты сезінеміз. Қазақ деген мемлекет ешбір дүниежүзіне, ешбір мемлекетке тәуелді емес. Тәуелсіздігімізді тойлап, ауыз толтырып мақтанып айта аламыз. 

Әркім мүмкіншілігіне байланысты бейқам, өз бетімен өмір сүріп жатыр. Жеке басым бай-қуатты болып, ал халқым ауыр жағдайға түсіп, жап шегіп жатса, оларды қолдайтын күш болмаса – қадір-қасиетің жоқ. Ешкімге керек емессің. Сенің қадір-қасиетің – отандастарыңмен бірге болу, қандай жағдай болса да ортақ жауап беру. Сондықтан өмірлік миссиыям — халықтың денсаулығын сақтау жолында еңбек ету.

Адамшылықтың басты белгісі төңірегіне қызмет етуден көрінбек. Өзгенің игілігі үшін қызмет қыла жүріп адам өзін парасаттылыққа, мейірімділікке жетелейді.

Халықаралық қордың миссиясы

Адам денсаулығын қорғауда тиімді тәсілдерді іздеп табу керек. Эпидемиямен күресте ойланбай қаржы бөле салуға болмайды. Емдеудің нақты жоспарын, хаттамалар жасау қажет. Қазір күллі адамзатқа коронавирус деген нағыз қауіп төніп тұр. Онымен сауатты түрде күресу керек. Емдеуге, алдын алу шараларына аса мұқият қараған жөн. Қазір қауіпті індеттің ауқымы көрініп жатыр. Одан қорғану жолы өте қарапайым. Бұрын қазақтар қол алысып, төс қағысып амандасатын. Қазір олай істеуге болмайды. Арақашықтықты сақтау керек. Ең жақын туысыңнан қашық тұр дейді. Бұл алыстау деген сөз емес. Сенің жақыныңмен бірге екенің – арақашықтықты уақытша сақтай отырып олардың өмірін сақтағаның.

Ғалым ұлым Алмаз Шарман екеуміздің қор ұйымдастырудағы мақсатымыз – қарапайым ережелерді түсіндіру, халықтың денсаулығын жақсарту. Әсіресе әйел қауымы мен балалардың денсаулығын сақтау үшін жұмыс істейміз. Коронавируспен күресте дұрыс тамақтану тәсілдерін енгізуді көздеп отырмыз. Қор Covid-19-бен күресте жақсы хаттама жасайтын қазақстандық және шетелдік мамандарға қаржы бөледі.

Қордың миссиясы – денсаулық сақтау саласын жақсарта отырып, денсаулық мәселелеріне қатысты халықты ағарту ісін, тамақтану саласындағы ғылым мен білімді дамыту негізінде әр адамның өз денсаулығына қатысты жалпыға бірдей құқығын жүзеге асыру мен жеке басының жауапкерішлігін қалыптастыру.

Денсаулықты сақтаудың ең дұрыс көзі – тағам. Тамақтануға атүсті қарауға болмайды. Күнделікті тағамда нан да, көкөніс те, ет те болуы керек. Дұрыс тамақтануға мұқият қарау кімнің мойында? Денсаулығың жақсы болып, сапалы өмір сүру үшін күнделікті ішіп-жеген асыңа көңіл бөлген жөн. Мемлекеттің мойнындағы дүние деп билікке артып бейқам отыруға болмайды. Жұмыс істеп аш жүрсең, ақшаң тамағыңа жетпесе аурушаң боласың.

Салауатты өмір салтын сақтауды уағыздағанмен мәселе шешілмейді. Материалдық жағынан да қолдау керек. Миллиардерлерге айтарым: өстің, осы қалыпқа жеттің енді халыққа жағдай жасап, шамаң келгенше көмектес. Қырық адам "аман-сау жүр" деп уағыздағаннан халықтың дені сау болып кетпейді. Басты миссиямыз – денсаулықтың құқығын қорғау. Онымен қоса салауатты тамақтану мәселесін де көтереміз.

Covid-19-бен күресте ерекше үлес қосқан қазақстандық және шетелдік ғалым дарға, дәрігерлерге халықаралық сыйлық тағайындадым. Олар сыйлықпен қоса медальмен марапатталады. Ешкімнен көмек сұрамадық. Ұлым екеуміздің жинаған азын-аулақ қаржымыз бар. Қамқоршылар кеңесінің құрамында елдің болашағына алаңдайтын, міндетін түсінетін Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Асанәлі Әшімов секілді елге белгілі адамдар бар. Олар қорға мүше болуға қуана-қуана келісім берді.

Сұлу адам деген кім? Адам ең алдымен өмірдің қадір-қасиетін бағалай білуі керек. Ең сұлу адам – денсаулығы жақсы адам. 

Қор қызметінің негізгі бағыттары

Денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету:

  • Алғашқы медициналық-санитарлық көмек және әлеуметтік медицинаға негізделген денсаулық сақтауға тең қол жеткізу идеясын жүзеге асыру мақсатында қазақстандық маманға (ұжымға) және шетелдік ғалымға (ұжымға) халықаралық сыйлық тағайындау;
  • Денсаулық туралы медиа өнімдері: мақалаларды, бейнематериалдапды, анимациялық роликтерді, комикстерді және т.б. материалдың жарияланымы үшін сыйлық тағайындау арқылы денсаулық сақтау жайлы ғылыми негізделген танымал контент негізінде салауатты өмір салты мен аурулардың алдын алу мәселелері бойынша халықты ағарту жұмыстарын жүргізу;
  • Медицина саласындағы мобильді қосымшалар мен басқа да технологиялық өнімдерді жасауға гранттар мен жүлделі конкурстар өткізу арқылы технологиялар мен қолжетімді ақпараттық ортаның көмегімен азаматтардың өз денсаулығына қатысты ақпараттандырылған шешімдер қабылдауына жәрдемдесу жолымен экожүйелік денсаулық сақтауды дамыту.

Салауатты тағамтануды кеңірек насихаттау:

  • Салауатты тағамтануға үйрету мақсатында арнайы онлайн білім беру бағдарламаларын, вебинарлар мен басқа да бастамалардың әзірленуін қолдау арқылы халық арасында салауатты тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесу;
  • Қазақ ұлттық тағамдарын салауатты тағамтанудың заманауи қағидаттарына бейімдеу жүлделі конкурстар, жарнама және салауатты ұлттық тағамдардың жаңа рецептерін жан-жақты дәріптеу.

Нутрициология және диетология мәселелеріне назар аудара отырып тағамтану туралы ғылымды және кәсіптік білім беруді дамыту:

  • Жаһандық тағамтану және нутрициология саласындағы ғылыми және технологиялық жобаларды қолдау;
  • Нутрициология және диетология мәселелерімен айналысатын мамандарға жетекші академиялық орталықтардан тағылымдамадан өтуге гранттар тағайындау.

Қамқоршылар кеңесінің отырысында халықаралық сыйлықтың 2021 жылғы номинанттары таңдалды: жаһандық ауқымда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ықпал еткен ғалымдар – Джон Хопкинс университетінің докторы Дэвид Бишай мен Майка Шлайфф, коронавирустық инфекцияны емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасын әзірлеушілер – Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова. Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық сыйлықтың алғашқы лауреаттары 19 қазанда академиктің туған күнінде марапатталады.

Серіктестер жаңалықтары