Алматыда қай жерлерде тегін жүгіріп жаттығуға болады? Кәсіби спортшының кеңесі

7 жылдан бері жүгірумен кәсіби деңгейде айналысатын Алмаз Сәлімбаев жаттықтырушысыз қайда шынығуға болатынын айтты.

Алматылық Алмаз Сәлімбаев 2015 жылы денсаулығы нашарлап, бірнеше ота жасатады. Кейін дәрігерлердің кеңесімен спортты қолға алған. 7 жылдан бері кәсіби деңгейде шынығып, I love Running мектебінің мүшесі атанған спортшы жүгірудің қыр-сырын бөлісті. 

Бүгінде аталған мектепте 9-65 жас аралығындағы қазақстандықтар шынығады. Осы орайда, "Еш уақытта жүгіруді бастауға кеш емес. Керісінше неғұрлым ертерек бастай берсеңіз, соғұрлым көбірек нәтижеге қол жеткізесіз" – дейді Алмаз Сәлімбаев. 

Сурет: Мектеп директоры Алмаз Сәлімбаев / instagram.com/ilovesupersport_kz

"Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы спортшылардың 1 пайызын кәсіби деңгейде шынықтыруға жағдай жасау болды. Яғни бұрын-соңды спортпен айналыспаған адамдарға салауатты өмір салтын ұстануға көмектесу. Ең бастысы, жүгіру қан қысымын ретке келтіріп, түрлі жүрек пен буын ауруынан сақтандырады. Сондай-ақ, жыл сайын өтетін 30-40 республикалық деңгейдегі жарыс адамдардың қарым-қатынасын нығайтады. Кейін осы адамдардың бойында энергиясы көбейіп, оларда әлемді аралауға, халықаралық деңгейдегі марафондарға қатысуға деген құлшыныс пайда болады", – деді Алмаз Сәлімбаев. 

Спортшы жүгіруді бастау үшін аса көп құралдың қажеті жоқ екенін айтады. Синтетикалық матадан жасалған киім, арнайы кроссовка, 1 литр су жеткілікті. 

"Таңертең далаға шыққанда күн суық екен деп қалың киініп алмаңыз. Өйткені, жүгірген кезде адамның дене температурасы тағы 10 градусқа көтеріледі. Бұдан өзге күннің де температурасы ұлғаяды. Егер артық салмақтан арылғыңыз келсе, аш қарынға жүгірген пайдалы. Өзіңізге керек салмаққа тез келесіз. Ал жүгіріп болған соң араға кемінде 15-20 минут салып су, ас ішкен жөн", – деді маман. 

Сурет: Алмаз Сәлімбаев балалармен бірге / instagram.com/ilovesupersport_kz

Алмаз Сәлімбаев Алматы қаласында қай жерлерде жүгіру ыңғайлы екенін айтты. Ең маңыздысы – әртүрлі көлік құралдары жүрмейтін жердің болуы, дейді ол. 

Тереңқұр

Кіші Алматы өзенінің жағасында жүгіруге болады. Өзен жағасындағы жол "Арман" кинотеатрынан басталып, ұзындығы 4 500 метрге дейін ұласады. Ресми деректер бойынша жалғыз аяқ жол 1974 жылы салынған. Кейін 2005 жылы оны Алматы әкімдігі қайта қалпына келтірген. Ең төмен нүктесі теңіз деңгейінен – 876 метр, ал биік тұсы – 1060 метр жоғары. 

Баум тоғайы

Тоғайдың аты орманды зерттеуші ғалым Эдуард Баумның құрметіне қойылған. Ол қаланың төменгі бөлігінде орналасқан. Ағаштары биік әрі қалың болғандықтан, мұнда күн қатты ыстық кездерде де жүгіруге болады. Алматы марафонына дайындықтар көбінесе осы жерде өтеді. 


Оқи отырыңыз: Спортта тәртіп керек, бірақ әдептен озуға болмайды


Сайран көлі

Алматыдағы Сайран көлінің жағасында жалғыз аяқ жол бар. Оны спортшылар көптен бері жүгіру үшін қолданады. Сондай-ақ, воркаут алаң бар. 

Сурет: instagram.com/ilovesupersport_kz/

Түлектер саябағы

Саябақ Жароков пен Ходжанов көшелерінің қиылысында орналасқан. Аумағы үлкен және бірнеше жалғыз аяқ жолы бар. 

Тұңғыш президент саябағы 

Саябақта арнайы жүгіруге арналған жалғыз аяқ жолдар бар. Ең бастысы – саябақтан таулар көрінеді. 


Оқи отырыңыз: Артспорт: Балалар таңдай алатын спорт түрі 71-ден 30-ға дейін қысқарады


Ганди атындағы парк

Гагарин, Шевченко, Жамбыл және Жароков көшелерінің ортасында орналасқан. Периметрі бір километрді құрайды. Алғаш жүгіретіндер үшін өте ыңғайлы.  

Сурет: instagram.com/ilovesupersport_kz

Медеу баспалдағы 

"Денсаулық баспалдағына" шығып-түсу арқылы алматылықтар өзінің төзімділігін тексеріп көре алады. Биіктігі 841 баспалдақты құрайды. 

Есентай өзенінің жағалауы

Өзеннің екі жағына да асфальт төселген. Әл-Фараби мен Құрманғазы көшелерінің бойында созылып жатқан өзеннің бойымен жүгіруге тек арасындағы көшелер кедергі болуы мүмкін. Сол себепті мүмкіндігінше барынша қауіпсіздікті сақтауға тура келеді. Ал жүгіруді жаңа қолға алып жатқандар қысқа ғана қашықтыққа жүгіріп, жолдан өтпесе де болады. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары