Тікелей эфир

Спортта тәртіп керек, бірақ әдептен озуға болмайды

Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы қазақстандық ауыр атлетика саласындағы былықтың бетін ашатын кез жетті деп есептейді.

Бала кезімнен спортты сырттай бақылап жүрген адам ретінде бапкерлердің қатал болғанын қолдаймын. Өйткені, темірдей тәртіп бар жерден нәтиже шығатынына көзім жеткен. Бірақ қаталдық бар жерде дауыс ырғағы көтеріліп, балағат сөздер де кететіні рас.

Токио Олимпиадасынан кейін желіде Ресей көркем гимнастикасының патшайымы Ирина Усманова-Винердің видеосы тарап кетті. Ол Рио ойындарының чемпионы Маргарита Мамунға бағдарламаны дұрыс орындай алмағаны үшін аузына келгенін айтып жатыр. Кемсіту, төмендету, намысына тию, былапыт сөзбен қорлау, бәрі де бар. Көріп отырып, жылағым келді.

Алайда, сол Винердің шәкірттері 2000 жылдан бері Олимпиада алтынын ешкімге берген емес. Биыл ғана төрешілер Ресейдің жеңісінен әбден шаршап, алтынды Израиль спортшысы Линой Ашрамның мойнына тақты. Бір қызығы, Винер қанша жерден төмпештесе де, әлгі гимнаст қыздар оны құдайындай сыйлайды. Бәрі баяғыда өз жөнімен кетіп, отбасылы болса да, Иринаның батасын алып, балаларын ертіп алып, үйіне жиі барып тұрады.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Ресей құрамасы жекелей сында бір алтын, бір күміс алып, топтық жаттығуда жеңіске жетті. Сол кезде Ирина күйеуі Әлішерге айтып, чемпион қыздарды Италияда яхтамен қыдыртқаны есімде. Әрбіреуіне он мың доллардан бергенін кейін гимнастардың сұхбатынан оқып қалдым. Мұнымен не айтқым келді? Ирина Винер-Усманова қанша жерден қатал болса да, шәкірттерінің кейінгі өміріне бей-жай қараған емес.

Алматыға келген он дүркін әлем чемпионы Ольга Капрановамен сұхбаттасқаным бар. Спорттан әлдеқашан кетіп қалған ол анасы ракпен ауырғанда, тап осы Винер көмектесіп, аман алып қалғанын айтты. Иә, миллиардердің әйелі болғаны да үлкен рөл ойнайды. Бірақ біреу біреуге тиын татырмайтын заманда бүкіл шәкірттеріне қамқор болып отырғаны жүректі жылытады. Әйтпесе, біздің спорт басында да талай қалталы адам отыр ғой. Елдің атын шығарған азғантай ұл-қызды кейін алақанына салып жүрсе де, жарасады.

Соңғы кезде отандық спортшылар жанайқайын айтуда. Жалақының аздығы, бапкердің басынуы, жағдайдың жоқтығы жандарына батады. Ауыр атлеттер бас көтеріп жатыр. Олимпиада қарсаңындағы әділетсіздіктен соң жүйеден шаршаған грек-рим күресінің балуандары да көпшілікке назын айтты.

Өкінішке қарай, біздің спортшылар азғантай ақшаны көлденең көк аттылармен бөлісуге мәжбүр. Одан қалса, бапкерлердің қалай қыр көрсететіні белгілі болып қалды. Альберттің қазасы біраз нәрсені аңғартып кеткендей.

Тәртіпке бағынған адам құл болмайды. Бірақ, спортқа өмірін беріп, спорттан несібесін іздеп жүрген жандардың жолын байламайық. Онсыз да үлкен спорттан соң өзін таппай, адасып қалатын қаншама жан бар? Спорт саласына жауаптылар әрбір құраманы тексеріп, өзін құдай санайтын бапкерлерді орнына қойса екен. Әсіресе, ауыр атлетикадағы былықтың бетін ашатын кез жетті.

Мен біреуді қорлауға, ар-намысына тиюге, балағат сөзбен жер қылуға мүлде қарсы адаммын. Тәртіп болсын, бірақ, әдептен аспайық.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары