Артспортқа байланысты қоғамның жүйе жұмысындағы олқылықтарға наразылығы негізсіз деп айта алмаймын. Біз мәліметтерді тексеру, кезекті автоматтандыру, қаржыны бөлу мен қызмет ұсынушылардың есебін қадағалауға байланысты бірқатар кемшіліктің кеткенін мойындауымыз керек, деп мәлімдеді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, осы мәселелерді шешу үшін басқа да мүдделі мемлекеттік органдар ережеге бірнеше өзгеріс енгізіп отыр. Бұл процесс екі кезеңнен тұрады.
"Алғашқы кезең биыл мамырда жүзеге асырылды. Жаңа нормаларға сәйкес, оқытушылар мен жаттықтырушылардың санатына қойылатын талап күшейтілді, әкімшіліктердің өтініштерді қарау мерзімі ұзартылды, сапаны бақылауға және қаржының мақсатты игерілуіне электронды және жалпыға қолжетімді форматта мониторинг жүргізу жүйесі енгізілді. Енді біз екінші кезеңде жүйеге тағы бірнеше өзгеріс енгіземіз", – деді Дәурен Абаев.
Оқи отырыңыз: Спорт сарапшысы: Арена болмаса, спортшы қайдан шығады?
Сондай-ақ, министр екінші кезеңде жүйеге қандай өзгеріс енгізілетінін атап өтті:
- Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің бағасын қайта қарастырамыз. Бұл қадам бағдарламаның ауқымын кеңейтеді.
- Мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидасы енгізіледі. Мысалы, қазір бір бала мектептегі секцияға, "артспорт" бойынша секцияға және шығармашылық үйірмеге баруы мүмкін. Көпшілікті қамту мақсатында біз тек бір секцияны ғана ұсынамыз.
- Спорт түрінің саны 71-ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады.
- Спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі. Бұл жерде біз қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға сүйенеміз.
"Алдымен, біз қайталанатын спорт түрлерін топтастырдық. Мысалы, қазір онда үстел теннисі, көзі нашар көретін балаларға арналған үстел теннисі, тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған үстел теннисі және бейімделген теннис түрлері бар. Бұл секциялардың барлығы өз жұмысын жалғастыра береді, тек бір ортақ атауға біріктіріледі. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ біз толық алып тастайтын спорт түрлері де бар. Оның ішінде, "Спорттық резервті дайындау бойынша оқу-жаттығу процессі жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорттық мекемелерде спорт түрлері бойынша спортшылардың жасын бекіту туралы" бұйрықты негізге аламыз. Мысалы, көркем гимнастикаға 5 жастан, ал боксқа 12 жастан бастап баруға болады. Әрине, мұндағы басты мақсатымыз – балалардың денсаулығын қорғау", – деді Дәурен Абаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектептің спорт залын қалай және қаншаға жалға алуға болады?
Мұнымен қатар, ол бесінші шара – ғимаратқа қойылатын талапты жетілдіру екенін атап өтті.
Оның ішінде:
- санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы;
- өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі;
- видеоархивті 30 күн бойы сақтау мүмкіндігі бар видеобақылау камералармен жабдықталуы;
- спорттық және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі.